Жаңалықтар

«Мемлекеттік және жергілікті басқару» және «Менеджмент» мамандықтары бойынша республикалық пәндік олимпиада өтеді

13.04.2011

14 сәуір 2011 жылы сағат 10.00-де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес Жоғары мектебінде (ҚазҰУ қалашығында) №1 дәріс залында Студенттер арасындағы «Мемлекеттік және жергілікті басқару» және «Менеджмент» мамандықтары бойынша республикалық пәндік олимпиаданың ашылу салтанаты өтеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес Жоғары мектебі Менеджмент және бизнес кафедрасының ұйымдастыруымен өтетін Республикалық олимпиадаға Қазақстан Республикасының көптеген аймақтарының, Астана мен Алматы қалаларының ЖОО аталмыш мамандық студенттері қатысады.

Бұл Республикалық олимпиада барысында студенттер өз ЖОО-ның видеоролик түріндегі презентациясын өткізеді және алдын-ала І турда іріктелген ғылыми жұмыстарын қорғайды. Ғылыми жұмыстарда еліміздегі қазіргі таңдағы өзекті мәселелер зерттелініп, талданған. Мысалға, Қазақстанның мемлекеттік қызметті ұйымдастыруды жетілдіру, ауылшаруашылық кешенін инвестицияға тартымдылығын арттыру, мал шаруашылығын кластерлік түрде дамыту, аймақтық экономиканы тиімді басқару, жергілікті маңызы бар кәсіпорындардың қызметіне талдау және т.б. маңызды мәселер қарастырылады.

Республикалық пәндік олимпиаданың мақсаты - Қазақстандық қоғамдағы өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерттеп, ашық пікірталас алаңында талқыға салу арқылы студент жастардың шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыру; жастардың ғылымға қызығушылығын туғызып, мемлекетшілдік сананы дамыту болып табылады.

15 сәуір 2011 жылы сағат 10.00-де Республикалық пәндік олимпиаданың жабылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді. Жабылу салтанатынан соң олимпиада қатысушыларына арнап Көшбасшылық лекция өткізіліп, соңынан фуршет ұйымдастырылады.

Экономика және бизнес Жоғары мектебінің Менеджмент және бизнес кафедрасы аталмыш Республикалық олимпиаданы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізеді. Олимпиада мемлекеттік және орыс тілінде жүргізіледі.

Жауапты: Асқаров Ғани

Байланыс телефоны: 8702890 84 09, 8700484 12 39

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі