Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Мансап секторы Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.
ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Жолдауда жүктелген әлеуметтік жаңғыру жолындағы нақты міндеттерді жүзеге асыруда бұл жәрмеңкенің де өзіндік маңызы бар екендігін және мұнда тек ҚазҰУ бітірушілері ғана емес еліміздегі басқа да жоғары оқу орындарының түлектері келіп сұранысқа сай қызметке тұру мүмкіндігіне ие болып отырғандығын айтып өтті. Одан кейін ректор бос жұмыс орындарын ұсынып отырған жұмыс берушілерге алғыс хат тапсырды.
Жәрмеңкеге «GSM Қазақстан», «Microsoft Kazakhstan», «Қазатомпром», «Қазақмыс», «Самұрық-Қазына» қоры, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг», «Теңізшевроил», «АқтөбеМұңайГаз», «Кар-Тел», «KPMG», «Қазақстан Халық Банкі», «Альянс Банк», «Сбербанк», «Банк ЦентрКредит», «Кока-Кола Алматы Боттлерс», Назарбаев университеті және мемлекеттік ұйымдар, ғылыми-зерттеу институттары қатысып, өз мекемелеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Түлектер бұл мүмкіндікті пайдаланып өз түйіндемелерін жолдады.
Жәрмеңкеде сонымен қатар жұмыс іздеушілерге «Кәсіби білікті ортаны қалыптастыру» турасында шеберлік дәрістері мен «Отандық еңбек нарығының бүгінгі жағдайы және дамуының негізгі бағыттары» маркетингтік семинарлары ұйымдастырылса, Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама басқармасы «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға» бағдарламаларын ұсынды. Сингапурдан келген «Sucsess Motivation» компаниясының өкілі кәсіби ортада сәтті мансап құру жолдары бойынша тренинг өткізді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі