Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Жастар» интернет орталығында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу күніне» орай арнайы концерттік шара ұйымдастырылды. Шараға университетіміздің ең белсенді студенттері, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының мүшелері және Жастар Ұйымдары комитетінің басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Ісшараны Студенттер Мәжілісі ұйымдастырды. Олардың негізгі мақсаты – батыстық идеологияның дәріптеуімен жастарымыздың санасына орныға бастаған «Әулие Валентин күнін» тойлауға қарсылық білдіріп, ұлттық нақышта жастарды тәрбиелеу, әрі салт-дәстүрімізді жаңғырту. Шара аясында студенттер өнерлдерін ортаға салып, ұлттық негізде арнайы ойындар ойнатылып, мәңгілік махаббат турасында әндер шырқалып, билер биленіп, қазақтың қара домбырасында күйлер шертілді. Жастардың аса белсенділік танытқан тұсы ұлттық нақыштағы, жаңаша сарындағы ойындар болды. Ұлықты ұлдарымыз бен қылықты қыздарымыздың тапқырлығын сынайтын «Ұйқыашар мен Селтеткізер» , «Қыз қуу», білімділіктерін байқатқан «Махаббат символдары» секілді ойындармен бірге кеште әзіл-қалжыңға толы жігіттердің намысын қоздырған, ептілігі сыналған «Боксшы», «Менің қарным бар» атты ойындар ойналды. Ойын жеңімпаздарына жетім балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қолымен жасалған бұйымдар сыйлыққа берілді. Мерекелік іс-шара «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күніне» орай арнайы дайындалған бейнеролик пен Студенттер Мәжілісі төрайымы Л. Ахметованың орындауындағы әнмен қорытындыланды. Осы шара барысында Экономика және бизнес жоғары мектебі мен журналистика факультетінің студенттері ерекше белсенділік танытты. ҚазҰУ жастары 15 сәуірді ғашықтар күні ретінде мерекелеуге атсалысуға ықыласты екендігін байқатты.
Шалқар Нұрсейітов
Философия және саясаттану факультетінің 2 курс студенті,
Студенттік Маслихат ұйымының Төрағасы