Жаңалықтар

Халықаралық студенттік форум өз жұмысын бастады

22.04.2011

Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Қазіргі заманғы университеттегі студенттік өзін-өзі басқару: тәжірибесі, инновация және болашағы» атты халықаралық студенттік форумы өтіп жатыр.

Форумның пленарлық мәжілісінде Еуропа, ТМД және отандық ЖОО студенттік ұйымдарының көшбасшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, оқу орындарындағы бүгінгі күнгі Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының тәжірибесімен бөлісті.

«Өзін-өзі басқару - үлкен жауапкершілік. Студенттер өзін-өзі басқара отырып, өздеріне үлкен міндет алады. Және сол міндеттерді мұндай ұйымдар арқылы өздері шешеді. Әр елдегі жастар өзін-өзі басқаруды жүйелі атқарса қоғамда шешімін таппаған мәселелер де болмайды», - деп атап өтті өз сөзінде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

Студенттік ұйымдар мен жастардың халықаралық достастығының тең төрағасы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Студенттік одағының төрағасы Андрей Андрянов Ресейдегі студенттік өзін-өзі басқару дамуының негізгі бағыттарымен бөлісіп, бүгінгі форум қазақстандық оқу ордалармен тәжірибе алмасуда үлкен үлес қосады деген ойын білдірді. Сондай-ақ Жапониядағы Васеда университеті студенттер кәсіподағының төрағасы Атсуши Сайто, Ф.М.Достоевский атындағы ОмМУ студенттер кеңесінің төрайымы Алена Чудина, Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы басқару академиясының Жастар ісі комитетінің төрағасы Жалын Женалиев, Қазақстан студенттері Альянсының республикалық ұйымының көшбасшысы Шыңғыс Бескемпіров және тағы басқа қатысушылар студенттік өзін-өзі басқаруды дамытудың мәселелері мен келешегі туралы пікір алмасты.

«Тұңғыш рет әлем елдері жастарының басын қосып өзекті мәселеге арналып отырған форум алда бұл салалар бойынша биік жетістіктер мен жаңа бастамалар жасауға түрткі болмақ», -дейді Ягеллон университеті «Bratniak» студенттер мен аспиранттар Қорының Президенті Гжегож Муранский.

Бұдан кейін форум секциялар мен дөңгелек үстел жұмыстарымен жалғаспақ. Ертең форумның қорытынды пленарлық мәжілісі өтіп, жастар тақырып бойынша қарар қабылдайды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі