- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Әлемдік жетістіктердің онжылдығы
09.02.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің отырысында жоғары мектептің топ-менеджері және белгілі ғалым Ғалым Мұтановтың басшылығымен он жылдық кезеңдегі университет қызметінің қорытындылары туралы есебі өтті. Осы жылдар ішінде ҚазҰУ-дың дамуы ҚР Президентінің әлемнің үздік топ-200 университеттерінің қатаруына кіруі бойынша қойған басты мақсатымен байланысты болды.
Ғалым Мұтановтың басшылығымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақстандық жоғары білім берудің флагманы ретінде жаңа буын жоғары оқу орны – Университет 4.0 моделін әзірледі. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің идеялары арқауы болған «Аl-Farabi university Smart City» тұжырымдамасы негізінде осы модельді енгізе отырып, университет жоғары технологиялық және рухани-адамгершілік платформаларды дамытуда үйлесімді симбиозға қол жеткізді. Төрт мерзім қатарынан БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабын басқара отырып, ҚазҰУ БҰҰ-ның Нью-Йорктегі Штаб-пәтерінде «Университет 4.0» моделін таныстырып, онда оны халықаралық деңгейде кеңінен тарату ұсынылды.
Кластерлік тәсіл және нәтижеге бағдарланған басқару жүйесін енгізу негізінде мүмкін болған кешенді құрылымдық жаңғыртудың арқасында ҚазҰУ ұжымы жұмыстың барлық бағыттары бойынша көрсеткіштердің қарқынды өсуіне қол жеткізді, университет қызметін түбегейлі өзгертіп, жаңа сапа деңгейіне ие болды. Соңғы 10 жылда университет студенттерінің контингенті 2 есеге, шетелдік білім алушылар саны 20 есеге артты. Аккредитацилық білім беру бағдарламалар үлесі 6,5 пайыздан 95% жетті. Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларының саны 12 есе өсті. Білім берудің барлық сатыларында ағылшын бөлімшелерін ашқан мамандықтар саны 2,5 есеге артты, олардың үлесі бүгінгі таңда мамандықтардың жалпы санының 70 пайызын құрайды.
ҚазҰУ-да енгізіліп жатқан «Цифрлық университет» моделі университеттің озық тәжірибесі туралы фильм түсіріп, оны өз сайтында орналастырған «Майкрософт» компаниясының жоғары бағасына ие болды. Университет елімізде бірінші болып moocs.kz платформасында жаппай ашық онлайн курстарын іске қосты, бүгінде оны дамытуға ҚР жетекші жоғары оқу орындары мен ЕурАзЭҚ және ТМД елдерінің 150-ден астам университетін біріктіретін Жібек жолы университеттері Альянсы қатысуды.
Қазіргі таңда ҚазҰУ «Hewlett-Packard», «Cisco», «Копіса Minolta», «Fujitsu», «Samsung», «Alcatel», Microsoft, «Касперский зертханасы», Huawei сияқты т.б. жоғары технологиялық компаниялардың орталықтары жұмыс істейтін Орталық Азияда жалғыз жоғары оқу орны. Ғылым, білім және инновациялық өндірісті интеграциялау бағытын жүзеге асыра отырып, ҚазҰУ әйгілі әлемдік зерттеу университеттерінің деңгейіне жақындады. 10 жыл ішінде ҒЗЖ қаржыландырудың жалпы көлемі 6 есеге ұлғайды.
Университет жылына Scopus рейтингтік басылымдарында 1000 жарияланым белгісіне жеткен Қазақстандағы бірінші және жалғыз жоғары оқу орны. Қазақстандық авторлар жариялаған әрбір бесінші мақала Scopus мәліметтер базасына кіретін журналдарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі. ҚазҰУ постдокторантура бағдарламасын ашқан алғашқы ұлттық университет. ҒЗТКЖ нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында старт-ап және спин-офф компаниялар құрылды, олардың саны қазіргі уақытта 2010 жылмен салыстырғанда 10 есе өсті. Посткеңестік кеңістіктегі бірнеше университеттер қатарында ҚазҰУ алғашқы қазақстандық «Әл-Фараби-1» және «Әл-Фараби-2» наноспутниктерін ғарышқа ұшырды.
Академик Ғалым Мұтановтың бастамасымен ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға және жоғары технологиялық әрі бәсекеге қабілетті өндірістерді құруға бағытталған «Әл-Фарабидің ғылыми-технологиялық алқабын» құру бойынша ауқымды жоба басталды. Жобаны іске асыруға шетелдік инвесторлар тартылды, олармен 1 млрд АҚШ доллар сомасына келісімдерге қол қойылды.
«Университет 4.0» моделі аясында университет қызметі бәсекеге қабілетті кадрларды даярлауға ғана емес, сонымен қатар жастарды ел және әлем азаматтары ретінде рухани жағынан қалыптастыруға бағытталған. Университеттің рухани-адамгершілік тұғырнамасы негізінде іске асатын серпінді әлеуметтік жобаларының арқасында студенттік өзін-өзі басқару органдарының жұмысына, клубтық және волонтерлік қызметке тартылған студенттердің үлесі 2 есе өсті.
ҚазҰУ-да құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми-білім беру кластері жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасы мен мәдениетін қалыптастыру бойынша Қазақстанның ақыл-ой орталығына айналды. Спорт пен дене шынықтырудың белсенді дамуының арқасында университет студенттік спорттың тұрақты көшбасшысы болып отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында БҰҰ өркениеттер Альянсымен бірлесіп «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі университеттердің миссиясы» жобасы жүзеге асырылып келеді. ҚазҰУ жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесіп әлемнің 12 елінде әл-Фараби орталығын құрды, онда қазақ тілі мен қазақ халқының мәдениеті кеңінен зерттеліп, олардың базасында университет бөлімшелерін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Әлеуметтік пакетті іске асыра отырып, университет ұжымы 10 жыл ішінде дарынды студенттерге арналған әлеуметтік шәкіртақыға 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы тартты. Әлемде баламасы жоқ бірегей «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы құрылғаннан бері ҚазҰУ студенттері медициналық және барлық қажетті қызметтерді кампустың сыртына шықпай-ақ пайдалана алады. Студенттік қалашық инфрақұрылымы алаңының көлемі 1,5 есе өсті, олардың басым бөлігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарына сүйеніп салынған әлеуметтік объектілерге тиесілі. Олардың ішінде: 500 орынды жас ғалымдар үйі, жаңа кітапхана, «Керемет» СҚКО, жүзу бассейні және басқалар бар. Қазақстандағы ең ірі, заманауи жайлы жатақхананың құрылысы басталды.
Бір уақытта инновациялық-технологиялық және рухани-адамгершілік сияқты екі платформаны енгізу – синергетикалық нәтиже берді, бұл туралы QS халықаралық рейтингісінде ҚазҰУ-дың алға жылжуы бойынша айтуға болады. 500-ге жуық позицияға алға жылжып, 2020 жылы 165-ші орынға ие болған университет әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына енген алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны болды. Түркі және ислам әлемінің көшбасшысы болып танылған ҚазҰУ «Academic Ranking of World Universities-European Standard» беделді еуропалық рейтингінің зерттеу нәтижелері бойынша жоғары «АА+» бағасына ие болып, жетекші еуропалық университеттер қатарына кірді. ҚазҰУ жаһандық UI Green Metric Ranking of World Universities рейтингінде ең экологиялық 200 университеттің, әлемдегі ең технологиялық дамыған 50 университеттің қатарына кіреді. Халықаралық сарапшылар бүгінде ҚазҰУ жетістіктерін жоғары бағалап, оның әлемдік рейтингтердегі қарқынды дамуын «феномен» деп атады.
Ғылыми кеңес мүшелері бірауыздан атап өткендей, бұл Ғалым Мұтановтың көшбасшылық қасиеттері, стратегиялық көзқарасы, корпоративтік рухы мен ұжымның ұйымшылдығының арқасында мүмкін болды. ҚазҰУ THE Awards Asia беделді рейтингінде «Outstanding Leadership and Management Team» (басшылық пен басқарудың көрнекті командасы) номинациясында жетекші университеттердің топ-10 кірді. Ал университет басшысының өзі жаһандық деңгейдегі ғылым, менеджмент және кәсіпкерлік саласындағы Amity Excellence Awards беделді халықаралық марапатымен марапатталды.
Ғылым мен білім беруді дамытуға қосқан зор үлесі үшін Ғалым Мұтанов шетелдік мемлекеттік наградалармен марапатталды, атап айтқанда: Пальма бұтағы академиялық орденінің кавалері атағы (Франция), сіңірген еңбегі үшін Кавалерлік крест орденімен (Польша), сіңірген еңбегі Орденімен (Италия), ТМД Орденімен (Мәскеу), Корея Республикасы Президентінің Алтын медалі және т. б. ғылыми еңбегі үшін профессор Мұтанов математика саласындағы ИСЕСКО сыйлығының Алтын медалімен (Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымы), М. Кюри (Польша), халықаралық жоғары білім академиясының «ғылым мен білім саласындағы үздік жетістіктері үшін» атаулы Алтын медалімен және т. б. марапатталған.
Профессор Мұтановтың ғылым мен білім беру саласындағы еңбегі жоғары ұлттық наградалармен марапатталған, олар: III дәрежелі «Барыс» ордені және ҚР «Парасат» ордені, «ҚР ғылым мен техниканың еңбек сіңірген қайраткері» атағы, ҚР үздік өнертапқышы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірнеше мыңдаған ұжымы, көрнекті топ-менеджер әрі көрнекті ғалымның басшылығымен әлемдік бәсекеге қабілеттілікке және танымалдыққа қол жеткізген өз жетістіктерін мақтан тұтады, академик Ғалым Мұтановқа бірлескен жемісті жұмысы үшін шын жүректен алғыс білдіреді және мықты денсаулық, амандық, мол бақыт және еліміздің білім мен ғылымның дамуы жолында жаңа жетістіктер тілейді!