Жаңалықтар

ҚазҰУ басшылығына Жансейіт Түймебаев тағайындалды

10.02.2021

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымына университеттің жаңа басшысы Жансейіт Түймебаевты таныстырды.   

Жоғары оқу орны ұжымы алдында сөз сөйлеген министр конкурстық негізде Республикалық комиссия «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы-ректоры лауазымына Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевты тағайындауға ұсыныс білдіргенін хабарлады.  

Жаңа ректорды таныстырған министр Жансейіт Қансейітұлының филология ғылымдарының докторы, профессор, университет түлегі басшылық қызметте тәжірибесі мол екендігін, әр жылдары ҚР Білім және ғылым министрі, елші, облыс әкімі, соңғы уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі болғанын атап өтті.

Асхат Аймағамбетов жаңа ректордың жұмысына табыс тілеп, университет алдағы уақытта да қарқынды дамып, жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыра түсетініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев еліміздің жетекші университетін басқару үлкен құрмет пен сенім әрі жауапкершілік екеніне тоқталды. Ең бірінші кезекте білім беру сапасына және оқытушылардың жалақысын арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға, білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасау мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық берілетінін жеткізді. Зерттеу қызметін дамыту, ғылыми әзірлемелерді нақты өндіріске енгізу маңызды міндет болып табылатынына да басымдық берді.

www.kaznu.kz