Жаңалықтар

ҚазҰУ-дың Ай арулары

29.04.2011

29 сәуір күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, тәуелсіздікпен түйедей құрдас қазақ аруларының арасында “Айдай едің жасыңда...” атты байқау өтті. Байқауды қазақ әдебиеті кафедрасында құрылған “Ай ару” клубы ұйымдастырды.

Арнайы шақырылған қонақтардан Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі департаменттің директоры Гүлнәр Сәрсенбекова, әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова, ҚызМПУ-дың халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Күлзия Пірәлиева, “Айгөлек” балалар журналының бас редакторы Қымбат Әбілда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова төрелік етті.

Байқауда арулар “Мен кіммін?” жобасында өздерін ерекше қырынан таныстырса, “Білім – өмір шырағы” жобасында біліктілігін танытты, “Сәнді де мәнді” жобасы ұлттық киім үлгілерін тамашалауға, ал “Өнерім-өмірім” жобасы арулардың тал-бойындағы өнерін бағалауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ кешке арнайы шақырумен ҚазҰУ түлегі Асхат Қылышбек, Руслан Мамыт, Ертай Сұлтан, Жанна Верещак және «Роян» топтары қатысты. Сайыста бақ сынасқан алты арудың ішінен оза шапқан Анар Бағашарова бас жүлдені жеңіп алса, Балнұр Қарабаева бірінші орынды, Зүлфия Ағабекова екінші орынды, Ақтолқын Серікбай үшінші орынды қанжығаларына байлады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі