- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Оқу ордасын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды
17.02.2021«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаевпен өткен кездесуде алдыңғы буын оқытушы-профессорлар оқу ордасын дамытудың өзекті мәселелерін ортаға салып, ой-пікірлерімен бөліскен еді.
Жиын барысында оқу процесін жетілдіру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, зертханалар мен ғылыми орталықтарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету сияқты төмендегідей бірқатар ұсыныстар талқыланды.
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің профессоры:
Ұстаздардың дәрежесін көтеру қажет
– Бір ғимаратта тарих, археология және этнология, филология және әлем тілдері, журналистика сынды үш факультет сығылысып отырмыз. Корпустың төменгі қабатында «Қазақ университеті» баспаханасы бар. Профессорлар студенттерге, докторанттарға консультация беру кезінде аудитория жетіспейді. Бас жоспарда қосымша корпустар салынатыны туралы ақпарат бар, сол уақытта осы мәселені ескерсеңіздер. Сондай-ақ ұстаздардың дәрежесін арттыру қажет. Бұрын КазҰУ-дың беделі жоғары болғанда, ұстаздардың мәртебесі де биік болатын. Еңбекақы өсіргеніңіз өте дұрыс, бұл жақсы бастама, баспана мәселесін шешкен де абзал.
Тағы бір айтатын мәселе, оқу орнымыз халықаралық рейтингтерде үздік топ-100 және 200 университеттердің қатарына кіргені жоғары дәреже. Бірақ біздің басты стратегиямыз – мемлекетке білімді, патриот жастарды тәрбиелеп, кәсіби қабілетті жоғары деңгейлі маман қалыптастырып шығару. Қазіргі уақытта біз шетелдік түрлі ұйымдар алдында есеп береміз. Кей кездерде «көзбояушылық» та орын алып жатады. Біз бірінші кезекте өз халқымыз үшін, еліміз үшін жұмыс істеуге міндеттіміз.
Ажар ЖҰБАНОВА,
Биология және биотехнология факультетінің профессоры:
Тәжірибелік сабақтар әр студент үшін аса маңызды
– Биология және биотехнология факультеті – 1934 жылдан, ҚазҰУ-университеті құрылғалы бері биология саласының мамандарын даярлайтын ірі-ғылым орталығы.
Бүгінгі таңда биологиялық ғылым саласы бойынша 13 мыңнан аса маман дайындап шығарды. Олар өндірісте, республикамыздың орта және жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу орталықтарында, алыс жақын шетелдік білім беру мекемелерінде қызмет атқарады.
Қазіргі кезде факультетте 1300-ден аса бакалавриат студенттері, магистр және PhD докторанттар білім алып, «Биотехнолог», «Биолог», «Эколог», «Балық өсіруші» сияқты мамандықтарды игеруде.
Тәжірибелік сабақтар әр білім алушы үшін аса маңызды. Себебі лабораторлық жұмыстар арқылы әр заттың биологиялық құрамын жіті зерттеледі. Жастар оқытушылардан жаңа дүние біліп-үйренем деп келеді. Ал ол үшін реактивтер, арнайы құрал-жабдықтарды көптеп пайдаланған дұрыс. Сол кезде тәжірибелік сабақтың сапасы артып, әр студент үлкен тәжірибе жинайтын болады.
Жақыпбек АЛТАЕВ,
ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің профессоры:
Философия пәнін алып тастау – өркениетті елдер алдында ұятқа қалдырады
– ҚР Білім және ғылым министрлігі талқылауға ұсынған «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының» жаңа жобасынан философия пәні алынып тасталған. Рас, зиялы қауымының алаңдаушылығы мен қоғамда үлкен резонанс туғызғаннан кейін министрлік жобаны қараусыз қалдыру туралы шешім қабылдады.
Зайғали КЕНЖАЛИЕВ,
заң факультетінің профессоры:
10 жылдан бері заң ғылымында доктор жоқ
– Докторантураны бітіруші түлектер үшін «қос жетекшілік» деген ұғым бар. Егер мен өз басым Phd доктор дәрежесін алғым келсе, онда екінші жетекшіні шет елден іздеуім қажет. Бұл біздің елде міндетті. Бірақ ТМД-ға мүше мемлекеттер қатарында болған Өзбекстан, Қырғызстанның ғалымдары естігенде таң қалады. Бізде заң ғылымы дамуы мен жетістіктері жағынан Қазақстанда С.Сартаевтың кезінде Кеңес үкіметі бойынша екінші орынды иеленетін. Өзбекстан, Қырғызстанға кезінде біз үйреттік. Енді 10 жыл болды, бізде бірде-бір заң ғылымында доктор жоқ. Ғалым дайындауды қойдық. Қазір профессорларымыз өздері үйреткен елдерде қорғайды. Өйткені бізде ғылым докторын қорғайтын ұйым жоқ.
Бұдан бөлек, біздің шығаратын тауарымыз – мақаламыз. Оны сатуымыз қажет. Қазір керісінше шетелдік журналға өз мақаламызды бес, алты адам жиналып 1000-1500 АҚШ долларын төлеп, жариялатамыз. Бұл барлық гуманитарлық факультеттердің басындағы жағдай, шама келгенше мұны тоқтату керек.
Оқытушылардың шәкірттеріне деген жауапкершілігін де арттыру міндет. Ғалым-ұстаздардың беделін түсірмей, олардың абыройын асқақтатуға да ерекше мән берілуі тиіс деп есептеймін.
Тұрсын ҒАБИТОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің, дінтану кафедрасының профессоры:
ҚазҰУ ғалымдары дайындаған оқулықтар республикаға таралуы керек
– Мен ҚазҰУ қабырғасында жарты ғасырдан бері қызмет атқарып, дәріс беріп келемін. Бірнеше оқулықтың авторымын. Бұрын гуманитарлық факультеттерде дайындалған оқулықтар бүкіл республикаға таралатын. Бүгінде бұл үрдіс қалыс қалып отыр.
Соңғы кезде оқулықтарымды университет баспасынан емес, республика бойынша тарата алатын басқа баспаханадан шығарып жүрмін. Бұл оқытушылар үшін аса маңызды мәселе. Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары дайындаған оқулықтар республика деңгейінде таралу тиіс.
Ғылым – біз үшін аса маңызды сала. Мәселен, антрополог пен химикті салыстырғанда, олардың деңгейлері мен жұмыстары өзгеше. Сондықтан бағалау кезінде әр саланың ерекшеліктерін ескерген дұрыс. Менің ойымша, пандемия кезінде университеттің әдістемелік бөлімі тым формальданған көрсеткіштерді емес, бізге нақтылы, заманымызға сай оқу талаптарын қою керек. Силлабус, компетенциялар қайдан енді?! Бізге керек пе, жоқ па?! Осындай мәселелерді жіті талқылап, сараптау қажет.
Кәкен ҚАМЗИН,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің профессоры:
Журналистика факультетінің беделіне түсіп кетті
– Қазақтың маңдайына біткен жалғыз университет ҚазҰУ атына заты сай болуы тиіс. Бізде қазақ тұр, ұлттық тұр, әл-Фараби тұр. Осы үш діңгекке сүйенуіміз керек. Қазақтық, ұлттық және ғылымға басымдылық керек. Іс-қағаздар мемлекеттік тілде жүргізілуі міндет. Ректораттан түсетін құжаттардың, тапсырмалардың барлығы орысша, соны қазақшалау керек. Ректораттағы толып жатқан департаменттің санын қысқарту да артық етпейді.
Менің ойымша, жұмысқа тұрушы мен жұмыс берушінің арасында жасалатын келісім шарттағы «Жағымсыз мәліметті сыртқа шығаруға болмайды» деген талап, ҚР Конституцияның сөз бостандығы туралы бабына қайшы келеді.
«Өнегелі өмір» сериясымен жақсы кітаптар шығып жатыр, солардың жалғасы болса және авторларды мұқият таңдауды ұсынамын.
Университетте медицина факультетінің ашылуы қара шаңырақтың профиліне сай келе ме? «Шет елде де бар» деген уәж айтылады. Мен Кембридж, Оксфордта болдым, оларда ондай факультет бар, бірақ Санжар Асфендияров сияқты медицина университеті жоқ. С.Асфендияров атындағы университет пен біздің медицина факультеті бәсекелесе ала ма? Осы жағын ойлану керек.
Ғылыми-методологиялық мәселеге де назар аударсақ. Силлабус формасы жылына екі рет өзгерсе де, мазмұнында айтарлықтай жаңалық жоқ, оқытылатын пәндер жиі ауысады. Тұрақтылық жоқ, биыл оқытылатын пән келесі жылы тізімнен түсіп қалып жатады. Сабақтардың сапасын көтеру керек. Сонымен қатар, оқытылуға тиіс пәндерді ректораттан бұрын кафедрада шешкен абзал.
Қазақстандық және Кембриджд, Оксфордт ғалымдарының жай-күйін салыстырсақ, қазақ тіліндегі монографиялар мен оқулықтарға басымдық беріп, санға деген байлаулылықты тоқтату керек. Себебі, АҚШ ғалымдары жылына қанша ғылыми мақала шығаратынын өздері шешеді екен. Ал бізде ғылыми мақала да, имидждік мақаланы міндетті түрде шығару деген бар. Мұндай міндеттелген жүктемелер оқытушыларға салмақ салады. Сондай-ақ, ғылыми шаралар мен конференциялар легін өткізудегі жарысты тоқтатып, жылына бір рет жоғары халықаралық деңгейде ұйымдастырса да жетеді.
Бүгінде журналистика факультетінің беделі түсіп кетті. Біріншіден, оқытушылар сапасына көңіл толмайды, яғни ақпарат құралдарының маңайын баспаған адамдар сабақ беріп жүр. Оларды тәжірибеден өткізген дұрыс. Бізге күш қуаты тасыған жас буын қажет. Магистратура бітірген керемет жастар бар, бірақ докторантурға түсе алмай жүр. Сондай жас дарындарға жағдай жасауымыз керек.
Факультеттің ғылыми бағытын дәл айқындау үшін кафедралар санын ұлғайтқан дұрыс. Белоруссия мемлекетінде журналистика факультетінің 13 кафедрасы бар. Бізде 3 кафедра ғана жұмыс жасайды. Меніңше, факультетке ұлттық, шет ел және гибридтік журналистика сияқты кафедралар қажет. Оларды заман талабына сай жаңа технологиямен жабдықталған зертханалармен қамтамасыз етілсе деген ұсыныс айтқымыз келеді.
Журналистика гуманитарлық пәндер арасындағы, цифрлық технологияларға ең бейім пән, ерекше теориялық сала, әрі қолданбалы ғылым. Сондықтан оған адам психологиясын, коммуникация теориясын, химия, физика, биология, математикамен араласа бағамдайтын зертханалар мен жаңа тілдерді игеретін лингофон кабинеттері қажет.
Зейнолла ЖАҢАБАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің профессоры:
Идеяны қашанғы сырттан аламыз?
– Біздің университет ғылым негізін оқытады. Бүгінде университте оқитын әрбір докторантқа шетелдік консультант міндеттті деген қатаң талап қойылған. Біріншіден, бұл міндеттеме логикаға сыймайды. Ғылым деген тұнып тұрған шығармашылық ізденіс. Мысалы, үш композитор отырып бір әуен жазбайды ғой, ғылымда да дәл сол секілді. Әр докторанттың, отандық жетекшінің өздерінің жеке ойлары болады. Шетелдік ғалымның ойы тағы бар. Бір-бірімен сәйкес келмейді. Осыдан келіп біз шетелдік ғалымның идеясын қолдауға мәжбүр боламыз. Қашанғы біз идеяны сырттан алуымыз қажет?! Бұл шын ғылымда мүмкін емес дүние. Олар өз идеяларын үнемі бірінші кезекке қояды. Одан қалса «тақырыпты шетелдік профессормен келіс, айтқанын жаса, мақала жаз, әрі жалғастыр» дейді.
Кезінде докторантқа консультант болу деген міндетті емес еді. Консультантсыз-ақ докторлық қорғайтын. Біздің докторанттарға шетелдік консультантты міндеттемей, оларға лицензия берілсін, тәжірибе алуға барсын, тағылым алсын, сонда көп мәселе шешімін табады. Меніңше, сонда өзіміздің егемендігіміз, өзіміздің университеттің негізгі түбегейлігіне үлес көп болады. Ғылыммен айналысқан адам өзінің жұмысын әрі қарай жалғастыра алады.
Нәтижесінде бұл ғылымға да зиянын келтіріп тұр. Әрине, шетелдік мақала керек оны қолдаймын, бірақ түбін ойласақ халыққа зиян. Ғылым деген үлкен емен ағашы секілді тамырдан бастау алуы керек. Оның үстіне біздің университет өзінің егемендігі бар жетекші жоғары оқу орны. Сондықтан да осы мәселе жіті қаралса, нұр үстіне нұр болар еді.