- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қазіргі әдебиеттанудағы Жамбыл Жабаев мұрасы
24.02.2021Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қазақ әдебиетінің классик ақынының 175 жылдығына арналған «Жамбыл Жабаев мұрасының қазіргі әдебиеттанудағы орны мен маңызы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік онлайн-конференция өтті. Жиын барысында ақын шығармашылығының аспектілері әлемдік әдебиет контексінде қарастырылды.
Іс-шараны ҚазҰУ-дің филология факультетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы ЮНЕСКО-ның қолдауымен «Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығымен» бірлесіп ұйымдастырды.
Онлайн-конференцияның мақсаты – қазақ даласының ұлы жыршысы Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын әлемдік әдебиет контексінде қарастыру және оның жырларын қазіргі әдеби сынның жетістіктері тұрғысынан түсіндіру. Конференция аясында жамбылтануды оқытудың инновациялық әдістеріне ерекше назар аударылды.
Конференцияның пленарлық отырысының қатысушыларына арналған алғы сөзінде ректор Жансейіт Түймебаев: «Біз ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын дәріптеп, құрмет білдіруге, жамбылтану жетістіктерін талдау және ғылыми зерттеулердің одан әрі бағыттарын анықтау үшін жиналдық»,– деп атап өтті. Бұл жұмыстармен Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетінің ғылыми-зерттеу орталығы белсенді айналысады. Қазақ ауыз әдебиеті мен көркем әдебиетінің өзекті мәселелерінің қазіргі жағдайы ғалымдардың назарын аударып отыр. Алдағы уақытта зерттеулер ауқымын кеңейту, ғылыми-зерттеу жұмыстарына, жоғары оқу орындарының бакалаврларына, магистранттары мен докторанттарына арналған монографиялар мен оқу құралдарын жазып дайындауға Қазақстан Республикасы мен шет елдердің әдебиеттанушы ғалымдарын тарту жоспарлануда.
Конференцияда сөз сөйлеген жазушы, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің ЮНЕСКО қолдауымен «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік мұражайының бас ғылыми қызметкері Нағашыбек Қапалбекұлы Жамбыл қазақ ауыз әдебиетінің қайталанбас тұлғасы екенін атап өтті. Кезінде көптеген адамдар оның феномені туралы айтқан болатын. Жазушы Мұхтар Мағауин: «Ұлы адамдар көп, ал Жамбыл бір, ол қайталанбас тұлға», – деп жазған. Оның өлеңдері мен жырлары және шығармалары бүкіл әлемге таралып, әлемнің 160 тіліне аударылған. Әрқашан халықпен бірге болған ақынның феномені – оның шындыққа негізделген шығармалары жанға қуат береді. Ақын өзі туралы, «Жамбыл менің жәй атым, халық менің шын атым»,– деп айтқан болатын. Ол әйгілі қырғыз ақыны Құлмамбетті айтыс-аламанында жеңгеннен кейін қазақ және қырғыз халықтарының бас ақыны болып атанды», – деп атап өтті өз сөзінде Нағашыбек Қапалбекұлы.
Конференцияға ҚазҰУ КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев, ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дадебаев, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының академигі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Темірхан Тебегенов және басқа да белгілі ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысты. Аралас оффлайн-онлайн форматында өткен мәжіліске алыс және жақын шетел ғалымдары: Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және отандық әдебиеттанушылар, зерттеушілер, ғылыми қызметкерлер, ЖОО мен мектеп оқытушылары, студенттер, магистранттар, докторанттар және БАҚ өкілдері қатысты.
Конференция «Жамбыл Жабаев шығармаларының әлемдік әдебиеттермен үндестігі», «Жамбылтану және филологиялық пәндерді оқытудың инновациялық әдістемесі», «Жас ғалымдарды зерттеудегі жамбылтанудың бүгіні мен болашағы» атты үш секцияда жұмысын жалғастырды.
Биыл Жамбыл Жабаевтың 20 томдық шығармалар жинағын шығару, кинофильм түсіру, бірқатар спектакльдер қою және ақынның шығармашылығына арналған көптеген мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу жоспарлануда.