- Негізгі бет
- Жаңалықтар
20 студент ПОСКО қорының шәкіртақысын иеленді
12.05.201111 мамырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Т. Дж. Пак атындағы ПОСКО болат балқыту комбинаты қорының делегациясы арнайы келді. Қор делегациясы ҚазҰУ-дың 20 студентіне ПОСКО болат балқыту комбинаты қорының шәкіртақысын табыс етті.
Оңтүстік Кореяның ПОСКО (POSCO) компаниясы әлем елдерінің ішіндегі металлургия және болат өндіретін ірі компанияларының бірі. 1971 жылы осы компанияның негізін қалаушы Т. Дж. Пак атындағы қордың демеушілігімен құрылды. Қор жұмысы отандық және шетелдік ғылым, мәдениет, білім салаларын дамытуға бағытталған. 2006 жылдан бастап Қор Азия елдерінің үздік студенттеріне шәкіртақы бөлу бағдарламасын енгізген болатын. Осы орайда Қазақстандағы білім ордалары арасында алғашқылардың бірі болып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қарым-қатынас орнату меморандумына қол қойды. Нәтижесінде 2007 жылы қазұулық 25 студент, 2008, 2009 және 2010 жылдары ҚазҰУ-дың 20 студенті қордың шәкіртақысын иеленді. Бұл үрдісті биыл да жалғастыра келген қор делегациясы ҚазҰУ-дың 20 студентіне ПОСКО болат балқыту комбинаты қорының шәкіртақысын табыс етті. Т. Дж. Пак атындағы ПОСКО болат балқыту комбинаты қорының вице-президенті Ли Ву Ин шәкіртақы сертификатын табыс ету барысында ҚазҰУ-мен әріптестік байланыстың өте жоғары деңгейде екендігін, қарым-қатынастың нығая беруіне қуанышты екендіктерін жеткізді. Сонымен бірге ұрпақ тәрбиесі мен қоғам игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан қордың жұмысымен таныстырып өтті.
Вице-президент мәлім еткендей, университеттің үздік студенттеріне, азиялық ғалымдардың гуманитарлық ғылым саласындағы зерттеу жұмыстарына қолдау көрсету қордың басты бағыттарының бірі. Қор жұмысын бір саралап өткен вице-президент Ли Ву Ин: «Қазақстанның жоғары оқу орнымен әріптестігіміз арта береді деп сенемін. Жас ғалымдарды, студенттерді Кореяда магистратура, докторантура білім сатылары бойынша мамандануға шақырамын», - деп ағынан жарылды.
2011 жыл – Қазақстанда Корея Республикасының жылы. Екі ел арасындағы әріптестік байланыс тереңде жатыр. Соның ішінде Қазақстан жоғары оқу орындарының көшбасшысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің де Корея елімен байланысты нығайтуда үлесі басым. Университет корейлік білім ордаларымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. ҚазҰУ-дың шығыстану факультетіндегі корейтану кафедрасы осы салада маман дайындап, студенттердің корей тілін еркін меңгеруіне жағдай жасаған. Бұл басымдықты тілге тиек еткен бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев: «Алда Корея мен Қазақстан арасындағы жемісті әріптестіктің жемісінде медициналық орталық құрылады. Ол медициналық орталықтың іргесі ҚазҰУ-да қаланбақ. Тағы бір айтарлығы, Кореяның жоғары оқу орындарында қазақ тілі оқытылады. ҚазҰУ-да да корей тілін оқыту жақсы жолға қойылған. Т. Дж. Пак атындағы ПОСКО болат балқыту комбинаты қоры жыл сайын білім және ғылым саласына назар аударып келеді. Осы бағытта университеттегі студенттерге шәкіртақы тағайындалуда. Біз университет факультеттерінен шәкіртақыға нағыз лайықтыларды іріктедік. Олар оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді студенттер», - деп атап, қордың шәкіртақысын иеленген студенттерге жылы лебізін жеткізіп, құттықтады.
Т. Дж. Пак атындағы ПОСКО болат балқыту комбинаты қоры шәкіртақысының сертификатын иеленген студенттер қатарында университеттегі әр факультеттің студенттері бар. Олар: тарих факультетінің студенті Қажымұрат Төлегенұлы, заң факультетінің студенті Меруерт Закирова, философия және саясаттану факультетінің студенті Жанерке Айдосова, журналистика факультетінің студенті Толғанай Байысбекова, филология факультетінің студенті Танар Саудабаева, шығыстану факультетінің студенті Айгерім Каюпова, биология факультетінің студенті Мадина Бекебаева, химия факультетінің студенті Арайлым Киуазова, механика және математика факультетінің студенті Олжас Тұрар, география факультетінің студенті Айгерім Жұманова, экономика және бизнес жоғары мектебінің студенті Самғат Тараков, физика факультетінің студенті Томирис Исмағамбетова және шығыстану факультетінің студенттері Меруерт Ратбекова, Диас Әкімжанов, Дидар Алтынбай, Ержан Болат, Расул Байназаров, Ақбота Жеңіс, Алмас Ілияшев, Әсет Мұсалин.
Сертификатты салтанатты түрде табыс еткеннен кейін шәкіртақы иегерлері Корея деллегациясына кәріс тілінде ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын айтты. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері мен Т. Дж. Пак атындағы ПОСКО болат балқыту комбинаты қорының делегациясы екі жақты естелік сыйлықтармен алмасып, естелік суретке түсті.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі