Жаңалықтар

«ҒАСЫР САНАСЫ: ОНТОЛОГИЯ, ДІН, МӘДЕНИЕТ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді

13.05.2011

18 мамырда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті философия ғылымдарының докторы, профессор М.С. Орынбековтың 65 жылдығына арналған «ҒАСЫР САНАСЫ: ОНТОЛОГИЯ, ДІН, МӘДЕНИЕТ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді.

Конференция бағдарламасына қазіргі заманғы онтология, мәдениет, дін мәселелеріне және әлеуметтік-мәдени, діни-рухани құбылыстар мен үдерістердің Қазақстан Республикасының әлеуметтік дамуындағы ролін айқындауға арналған баяндамалар енгізілді

Мұхаммадияр Серікбекұлы Орынбековтың ғылыми зерттеулері қазақ философиялық ойының қалыптасуы мен дамуының тарихи-әлеуметтік және діни-рухани алғышарттарын анықтауға бағытталды. М.С. Орынбеков қазақ философиясының мәні мен мазмұнын өткен ғасырлардың мұраларын, этномәдени дәстүрлерді мен діни нанымдарды, дүниетанымдық ұстанымдарды талдай отырып айқындайды.

М.С. Орынбеков әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің философия және ғылым методологиясы кафедрасын басқарған жылдары «Дінтану» мамандығының ашылуына және дінтанулық білім берудің қалыптасуына зор ықпал етті. Аталған мамандық бойынша білім берудің мемлекеттік стандарттарын, типтік бағдарламаларын, бакалавриат, магистратура бөлімдерінің оқу-әдістемелік әдебиеттерін дайындауға жетекшілік жасады.

М.С. Орынбековтың дәрістері студенттер мен магистранттар тарапынан әрқашан үлкен қызығушылық тудыратын және ғылыми-теориялық тереңдігімен, пәндік мазмұндылығымен, тіл байлығымен ерекшеленетін. М.С. Орынбеков ұзақ жылдар бойы ҚР БҒМ ҰҒА Философия және саясаттану институтының қазақ философиясы бөлімін басқарды, диссертациялық кеңес мүшесі болды. Көптеген ғылым кандидаттары мен докторларын дайындап, еліміздің ғылыми потенциал арттыруға үлкен үлес қосты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі