Жаңалықтар

Құрметті оқытушы ханымдар, қызметкер азаматшалар және білім алушы қыздар қауымы!

04.03.2021

Сіздерді көрікті көктемнің шұғылалы мерекесі – 8 наурыз әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

        Биыл еліміз ең басты құндылығымыз –  Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын кең көлемде атап өтеді.

        Уақыт безбеніне көз жүгірте отырып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қоғамның даму барысын өмірде  нәзік, көңілде  биік, ал істе  мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген сөзінің айна-қатесіз екеніне көз жеткіземіз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әйелдер қауымы – әрдайым отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы. Әр адамның өміріндегі қуанышты әрі жарқын сәттердің көп болуына сіздер мол үлес қосып келесіздер.  

Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталады» деп мемлекет дамуындағы әйел-аналардың алатын орнын атап көрсетті.

Шындығында, «Бір қолымен – бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен» аяулы арулар барлық салада күш салып, ел игілігі жолында аянбай тер төгіп келеді.

Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің нәзік жанды  қыз-келіншектері де бар.

         Алдағы 90 жылдық торқалы тойына қызу дайындық бастап кеткен білім ордасында қазіргі сәтте 2830 әйел азамат жұмыс істейді.

Бұл ұжымның жартысынан астамы, оның 69 пайызы

ғылым докторлары мен кандидаттары екенін мақтанышпен айтуға болады.

Әрқайсысы ғылымның барлық бағыттары бойынша ізденістер жасап, жемісті зерттеулер жүргізуде.

Ал білім алушылардың 64 пайызын студент қыздар құрайды.

«Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» дегендей, олардың да ертең өмірден өз орнын тауып, аяулы жар, үлгілі келін атанарына бек сенемін.

 

Құрметті аналар, студент қыздар!


         Көңілге шуақ, жүрекке қуаныш сыйлаған Халықаралық мерекелеріңіз құтты болсын!
        Дендеріңізге саулық беріп, жақындарыңыз қуанышқа, жұмыстарыңыз табысқа бөлесін!

        Қазіргідей қиын сәтте Сіздерге мол қажыр-қайрат, отбасыларыңызға береке-бірлік, Отанымызға өсіп-өркендеу тілеймін!

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ       Басқарма төрағасы – ректоры   Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ