Жаңалықтар

Студенттер шпаргалкадан бас тартты

17.05.2011

Студенттік жылдарды еске түсіргенде қай қайсыңыз болмасын шпаргалка қолданған сәттеріңізді ойға оралтатыныңыз анық. Бірақ ол естеліктер енді келмеске кетті десек болады. Бәсекеге қабілетті иық тіресер маман болу үшін шпаргалка емес, нақты сапалы білім қажеттігін түсінген студенттер өз еріктерімен шпаргалкадан бас тартты.

16 мамырда Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алдында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер сенаты жанындағы Болон үдерісі бойынша Студенттік бюроның бастамасымен, ҚазҰУ студенттерінің ұйымдастыруымен «Анти шпора» акциясы өтті. Бұл акцияның негізі осыдан екі ай бұрын бастау алған болатын. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер сенаты жанындағы Болон үдерісі бойынша Студенттік бюро Ректорат мәжілісіне арнайы қатысып, университет басшылығына студенттер сессия уақытында шпаргалка қолданудан бас тартатындықтарын жеткізген болатын.

Студенттер өздері бастама танытып отырған бұл игі шара жақында қабылданған «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті туралы ережені» және «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентінің ар-намыс кодексін» негізге алып, студенттің корпоративтік мәдениетін арттыруға мұрындық болмақ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентінің ар-намыс кодексінің» 5-бабында «ҚазҰУ студенті өзінің оқу міндеттерін қатаң орындайды, төмендегідей академиялық нормаларды бұзушылыққа жол бермейді: -плагиат; -алдау; -шпаргалка пайдалану, білімді бақылаудың барлық деңгейлері мен түрлерінен барысында көшіру және біреуден сұрау; - жоғары баға алу үшін туысқандық немесе қызметтік байланыстарын пайдалану; - пара беру; т.б.» деп көрсетілген.

Сессия уақытында арнайы ұйымдастырылып отырған шара студенттерді емтихан тапсыру барысында «шпаргалка» қолданбауға шақырады. ҚазҰУ студенттерінің пайымдауынша, «шпаргалка» қолдану – студенттің өзін-өзі алдаумен және оқытушыны алдаумен пара-пар. Ал «алдау» арқылы емтихан тапсыру бәсекеге қабілетті маман даярлауға кереғар болмақ. Студенттер акцияны сессия уақытында өткізуі де тегін болмаса керек. 1500-ден аса студент қатысқан «Анти шпора» акциясы барысында белсенділер шпаргалкадан бас тартып, соның аясында жемқорлыққа жол бермеуге үндеді. Олар «Таза сессия» ұранын көтеріп, парақорлыққа жол бермеуге шақырды.

Акция барысында студенттер шпаргалка бейнесіндегі құбыжықты өртеп, студенттік қоғамдағы алдаулардың алдын алуды насихаттады. Акцияға ҚазҰУ студенттері, факультет декандары және университеттің оқытушы-профессорлар құрамы қатысады.

- Студент шпаргалка қолдану арқылы өзін де өзгені де алдайды. Мұндай жолмен емтихан тапсырған студенттен бәсекеге қабілетті маман шықпасы анық. Ендеше студенттер өздері бастама танытып отырған бұл «Анти шпора» акциясы өте орынды деп білемін. Шпаргалкадан бас тарту арқылы студенттер парақорлық пен жемқорлыққа да жол бермейді деген ұстанымнан хабардар береді, - дейді ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

Ал Жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім маманы, игі шара ұйымдастырушыларының бірі Сандуғаш Картаева: «Қазіргі кезде студенттердің шпаргалка қолданаты рас, бірақ, көптеген оқу орындары мұны жасырып қалғысы келетіндей. «Қорқынышты тек оған қарсы шығып қана жеңесің» демекші, ҚазҰУ белсенділері сапалы білім алу жолындағы мәселеге тік қарап, онымен күресуді өз еріктерімен бастады. Айталық, осыдан бір апта бұрын «Кітап – ҚазҰУ студенттерінің досы» атты флеш-моб акция өткен болатын. Мұны ұйымдастырған Студенттер Сенаты «қазіргі кезде жастар қолына кітап алмайтын болды, барлығы тек интернет арқылы ғана ақпараттанады» деген пікірді жойғысы келді. Сондай-ақ, болашаққа басты капитал білім болса, таза білімді тек кітап арқылы ғана алуға болатынын насихаттады. Іс-шаралардың қатарын бүгінгі «Анти шпора», яғни «шпорға жол жоқ» акциясы жалғасытырып отыр. Сондай-ақ, қазір сессия уақыты болғандықтан, студенттерді таза сессия тапсыруға барынша шақыруда. Бұл ретте ҚазҰУ-дың оқытушы-профессор құрамы «жемқорлыққа жол жоқ» атты транспоранттарын «анти шпора» шошоласымен бірге өртке салды», - деген ойымен бөлісті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі