Жаңалықтар

Уэйн, Кембридж университеттерінің ғалымдары ҚазҰУ-да сабақ береді

10-нау-21

АҚШ-тың Уейн университетінің профессоры, математик ғалым Уалбай Өмірбаев пен Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің профессоры, нейробиолог Базбек Дәулетов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дәріс оқуға келісімін берді.

Жоғары оқу орны оқытушылар мен студенттердің халықаралық ынтамақтастығын, академиялық қарым-қатынасын арттырып, оқытушылар құрамын күшейту мақсатында шет елдердегі белгілі, беделді ғалымдарды университетке тартуды жүйелі жолға қоймақ.

Уалбай Үтмаханбетұлы – қазіргі сәтте Детроит қаласында тұрады. Америка математика қоғамының жоғары дәрежелі «Мур» сыйлығының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. Ол 30 жыл жауабын таба алмаған атақты жапон математигі М.Нагатаның, сондай-ақ ағылшын математигі П.Конның есебін шешіп, әлемді мойындатқан ғалым.


Еңбек жолын 1986 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен бастаған. 1993-2007 жылдары Испания, Канада, Вашингтон, Мичиган, Кливлен, Майами жоғары оқу орындарында, Францияның Марсель-Люмини атындағы математика орталығында, Германияның Макс Планка атындағы математика институтында жұмыс істеген.

Енді ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде сабақ беретін болады. 

Ал Нобель сыйлығының 12 лауреаты шыққан әйгілі Кембридж Орталық институтының 15 жылдан бері молекулярлық биология зертханасын басқарған, ТМД елдерінен шыққан жалғыз ғалым Базбек Дәулетов – қырғыз азаматы. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, Техас оңтүстік-батыс университетінде ғылыми жұмыстармен айналысып, докторлық жұмысын қорғаған.

Тоқсаныншы жылдардың ортасында Лондондағы Империялық колледжге шақырылып, 1997 жылы 120 адам қатысқан байқаудан жеңіп шығып, Кембридж университетінің зертхана меңгерушісі болды. ДНК, антиденелер, протеиндерді ашқан, нейробиология саласындағы ірі ғалымдардың бірі. Бүгінде Базбек Дәулетов Шеффилд университетінің профессоры.

Білім ордасының басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың айтуынша, алдағы уақытта басқа да шетелдік және қазақстандық белгілі ғалымдар университетке дәріс оқуға шақырылатын болады.

Әйгілі ғалымдардың таңдаулары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға түсуі бекер емес. ҚазҰУ таяу және алыс шет елдерден келіп оқитындар үшін білім беру қызметтерінің экспорт орталығы саналады. Университет QS World University Rankings рейтингі бойынша 165-ші орынды иеленіп отыр. Биыл Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасының «АА+» жоғары бағасын алып, Еуропадағы жетекші университеттердің қатарына қосылды. ҚазҰУ бұл жетістіктерге бірнеше буынның және университеттегі бүгінгі ғалымдардың шығармашылық еңбектері мен белсенділіктері арқасында жетіп отыр.

www.kaznu.kz