- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-дағы «Казахстанская правда» газетінің күндері
20.11.2008«Армысың, мәдениет пен ғылымның шеберханасы - альма-матер!» деп бастады «Казахстанская правда» газетінің президенті А.Ю. Тараков ҚазҰУ-ға келген бетте. Аталмыш кездесу қарашаңырақ ҚазҰУ-да өтіп жатқан «Казахстанская правда» күндері» атты фестивальдың ашылу салтанатына арналды.
Бұл фестиваль университет қабырғасында бірінші рет өткізіліп отыр. Мақсаты - жиырма жылға созылған үзілістен соң, аға буын мен жас журналистердің басын бір шаңырақтың астында қайта қосып, дәстүрге айналдыру. Салтанатты кездесуде ҚазҰУ ректоры, академик Б.Т. Жұмағұлов пен «Казахстанская правда» АҚ-ның президенті А. Ю. Тараков арнайы меморандумға қол қойды. Меморандумда көрсетілгендей журналистика факультетінің студенттері «Казахстанская правда» газетінің «Жастар бетін» әзірлеп, ең үздіктері редакция ұжымында тәжірибе жинақтауға мүмкіндіктері бар.
Айта кетерлік жәйт, осы күні "КазПравда" газетінің президенті Қазақстан журналистер Академиясының құрамына мүшелікке алынды. Ал басылым ұжымы толығымен жалпыұлттық журналистік "Алтын Самрұқ" сыйлығымен марапатталды.
Маңызды оқиғаға деген дайындық алдын-ала жүргізілді. Оған бірден-бір себеп болған «Казахстанская правданың» жетекші журналистері өткізген шеберлік-дәрістері. Қазан айының аяғында университет студенттерінің ұйымдастыруымен «Казахстанская правда» газетінің тарихы мен дәстүрін, кешегі мен бүгінгісін талқылауға арналған ғылыми конференция өтті. Фестивальдің мақсаты - журналистиканың теориясы мен тәжірибесін ұштастыру, әрі байланыстарын нығайту.
«Казахстанская правда» республикалық газеті - мемлекеттегі ең танымал әрі атақты басылым. Оған шебер журналистердің ұжымдық жұмысы мен газеттің нақты бір сапалы журналистік ұстанымы - өмірді жан-жақты және объективті көрсете білуі дәлел.
Әр жылдары газет басшылығы мен редакция ұжымында А.Лежава-Мюрат, Мате Залка, П.Варламов, Николай Анов, Ольга Берггольц, Андрей Кияница, Федор Михайлов, Марат Барманқұлов, Альберт Устинов, Григорий Дильдяев, Анатолий Гурский, Олег Квятковский сынды білікті мамандар жұмыс істеген еді. Әлі күнге дейін «Казахстанская правда» газетінің негізгі тірегі жарты ғасырдан астам уақыт бойы еліміздегі журналист мамандарды дайындайтын жалғыз оқу орны ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлектері болып саналады.
Жиылған қауымға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Б. Жұмағұлов газеттің қоғамдағы жоғары ролі жайлы сыр шертті.
- Мен «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерін үзбей күнделікті оқып, бұл дұрыс бағыттан жаңылмаймын, - деген көзқарасын білдірді ректор.
«Казахстанская правданың» журналистері студенттерге шеберлік-дәрістерді өткізіп қана қоймай, репортаж жанрының ерекшеліктерімен де бөлісті. Шебер журналист болу үшін тек теорияны білу аздық ететді, жазмыштың қаламы көптеген жылдар мен қажырлы, адал еңбектің арқасында ғана төселетіндігін ескертті. Осы мақсатта аға буын өкілдері жұмыс барысының сырларымен бөлісті.
Фестивальге келген студенттер журналистика факультетінің ұйымдастыруымен жасалған «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Юрий Беккердің жұмыстарын тамашалай алды.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін фестиваль қатысушылары «Қазақстан ақпарат кеңістігіндегі «Казахстанская правда» жалпыұлттық республикалық газеті» атты дөңгелек үстелде бас қосты. Жиында журналистика факультетінің 1 курс студенттері газеттің тарихи ретроспективасын қойды.
- Дарынды жастар көп. Бірақ оларды уақытында байқап, ақыл-кеңес беріп, көмектесу керек. Мен «Казахстанская правдада» жұмыс істегелі 14 жыл болды. Нәтижесінде біраз тәжірибе жинадым, - дейді «Казахстанская правданың» бас редакторы А. Тараков.
Студенттер де өз кезегінде қуаныштарын білдіріп жатты.
- Олардың жұмыс стилімен танысқым келеді. Әсіресе материалдарды жедел әрі тиімді ұсына алуы қызықтырады. Газеттің таралу ауқымы кең, бүкіл республиканы қамтиды. Менің ойымша, «КазПравданың» тәжірибелік сынағынан өту біз үшін өте тиімді және екіжақты әріптестік әрі қарай жалғасын табады деген үміттемін, - дейді журналистика факультетінің студенті Екатерина Пшеничная.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі