Жаңалықтар

ҚазҰУ студенті шешендік өнер сайысының бас жүлдесін жеңіп алды

16.03.2021

Алматыда жыл сайын өткізілетін республикалық жапон тіліндегі шешендік өнер сайысы өткізіліп, оған Қазақстан ЖОО 16 үздік студенті қатысып бақ сынасты. Көктемнің алғашқы айына арналған дәстүрлі тілдік сайыс Жапония мен Қазақстан арасындағы тығыз дипломатиялық, достық, өзара ынмақтастық қарым-қатынастың бір айғағы іспеттес.

Сайысқа Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаи, Қазақстандағы жапон кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Казама Тацуя, Қазақстандағы жапон қауымдастығының төрағасының орынбасары Уцуми Ёщихиро және жапон тілі оқытушылары әділ қазылық етті.

Шешендік өнер сайысының бас жүлдесі – Жапонияға жолдаманы ҚазҰУ-дың 3-курс студенті Жуасбай Нұршат «Обал болады» деген тақырыбымен иеленді.

II-орынды Алматы қаласындағы Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығының тыңдаушысы А. Панфилий жеңіп алса, III-орын Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ студенті А. Жумагельдинаға берілді. IV-орынды Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті А.Мураткалиева иеленсе, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Н.Серікбекова V орынды жеңіп алды. VI-орын Алматы қаласындағы Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығының тыңдаушысы С. Оразбаевқа берілді. Батырхан Құрмансейіт атындағы арнайы жүлде Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ студенті А. Байдибековаға тапсырылды.

Сайыс үздіктеріне Жапонияның «Silk road» қоғамдық ұйымының қолдауымен жарық көрген жапон тіліндегі «Абай» кітабы тарту етілді. Сондай-ақ сайысқа қатысқан барша үміткерлерге Қазақстандағы Жапония Елшілігі, Жапонияның Цукуба университеті дайындаған ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Байқауға Қазақстандағы жапон кәсіпкерлер қауымдастығы, Қазақстандағы жапон қауымдастығы, Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы, Жапонияның Цукуба Университеті, Жапонияның «Silk road» қоғамдық ұйымы, Sony Electronics компаниясы, Қазақстандық «New & Rare Resources» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдау көрсетті.