- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қазақ тарихының 20 томдығы жарық көрмек
26.05.2011Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде «Бекмаханов оқулары -2011» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның аясында «Қазақстан тарихы ғылымының теориялы-методологиялық мәселелері» атты дөңгелек үстел өз жұмысын бастады.
Дөңгелек үстел барысында тарихшылар тақырып аясында пікір алмасып, өзара ойларымен бөлісті. Олардың қатарында Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов, тарих факультетінің деканы Жәкен Таймағамбетов, ҚазҰУ профессорлары Талас Омарбеков, Қамбар Атабаев, Қалқаман Жұмағұлов және тағы да басқа тарихшылар қатысты.
- Бекмаханов – білім мен ғылымның телғарасы. Білім мен ғылымда қатар алып жүрген ғалым. Осы орайда Бекмаханов оқулары аясында өткізіліп отырған пікір алмасу өте орынды деп ойлаймын. Бүгінде ел саясаты ғылымға көп көңіл бөліп отыр. Тіпті ғылымға бөлінетін қаржы алда екі-үш есе ұлғаяды деген де үміт бар. Қарап отырсақ, дәл осы тарих ғылымы саласында елімізде төрт институт жұмыс істеп жатыр. Ендеше тарихшыларға, ғалымдарға жасалынып жатқан жағдайды, мүмкіндікті пайдалану керек. Үлкен салиқалы деңгейде қазақ тарихын жазатын уақыт жетті. Ендеше тарих институттары және тарихшылар бірігіп қазақ тарихына арнап 20 томдық кітапты дайындайық, - дейді Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов. Тарихшы 20 томдық ең алдымен қалың оқырманға арналып көркем, әдеби тілмен мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Одан кейін орыс тілді, ағылшын тілді орта танысуы үшін осы тілдерге көркем аударылуын бақылау қажеттігін айтады. Қазақ тарихының Шыңғыс хан жорығынан бастап Тәуелсіздікке дейінгі тұстарын қамтитын бұл кітаптың мазмұндылығына терең мән берілу керектігін де тілге тиек еттіп, кітаптың құрылымы, жоспары тарих факультетінің деканы Жәкен Таймағамбетовқа ұсынылғандығын айтты. Әр тарихшы үшін бұл кітаптың мазмұны мен беделі үлкен сын болмақ.
Хангелді Махмұтұлы кітап атауын «Отан тарихы» деп атауды ұсынса, тарих факультетінің деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі Қамбар Атабаев: «Кітап қазақ тарихы деп аталу керек. Себебі тарихты – ұлт, яғни адам жасайды. Қазақ елінде «қазақтан» басқа ұлт жоқ. Өзгелері ұлыс. Ендеше әдемі сөзді «Отан» деп бүркемей, Қазақ тарихы деп атаған жөн», - деген жеке пікірін жеткізді. Бір ұлттың тарихын жазып шығу расымен де өте салмақты жауапкершілік. Оны кітапқа басу, тасқа басумен пара-пар. Ендеше кітап атауының да нақты түсінік беруі тарихшыларды толғандырып отыр. Бұл тұста профессор Талас Омарбеков та алдағы жарық көретін еңбекті «Отан тарихы» деп атауды жөн санайтындығын айтады. Ғалым пікірінше, Отан ұғымы географиялық жағынан кең мағына береді. Бұл дөңгелек үстел барысында айтылған ғалымдардың өзара пікірі. Кітаптың қалай аталмағы, не жазылмағы уақыт еншісінде. Тек бүгінгі басқосудан қазақ тарихының салиқалы деңгейде жазылуын жоғары көтерген ғалымдарға қарап, бір құнды дүниенің күтіп тұрғандығына үміт арттық.
Пікір алмасу барысында сонымен қатар, Қазақстан тарих ғылымының теориялық-методологиялық мәселелері, қазақ тарихының ұғымдық және терминологиялық мәселелері, тарих ғылымы мәселелерінің тарихнамасы, деректанудың теориялық және қолданбалық аспектілері және кәсіби тарихшы-мамандар даярлау мәселелері ғалымдар назарына ілінді. Бұл тақырыпта өз кезегінде алда жарық шығар 20 томдық ел тарихы кітабында басты ескерілер басымдықтар екендігі айтылды.
Дөңгелек үстел ұйымдастырушысы Қамбар Атабаевтың айтуынша, бұл дөңгелек үстел ғалымдардың еркін пікір алмасып, ой бөлісуіне арналып отыр. Әдеттегі «дайын», «жаттанды» баяндамалардың емес, тарих ғылымының сапасын арттыруда тың идеялар мен бастамалардың алаңы. Егер, сіз де ел тарихыны, төл тарихтың дұрыс жеткізіліп, насихатталуына өз ойыңызды қосқыңыз келсе, пікір алмасу ертең де жалғасын таппақ.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі