- Негізгі бет
- Жаңалықтар
«Социализм – күнә және кінә туралы роман» атты кітабының тұсаукесері болады
26.05.20112011 жылдың 28 мамырында сағ.10.00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде ҚРПарламенті Сенатының депутаты, ҚР ҰҒА академигі, филос.ғ.д., профессор Ғарифолла Есімнің «Социализм – күнә және кінә туралы роман» атты кітабының тұсаукесері болады.
Белгілі философ, жазушы Ғарифолла Есімнің ұзақ жылдарғы ой-толғаныс, ізденісінен туған «Социализм» атты романы философиялық проза дəстүрінде жазылған. Социализм туралы теориялық мəселелермен автордың өмірбаяндық сюжеттері үйлесімді шешім таба отырып, кінə мен күнə туралы хикаялар баяндалған. Социализм утопия емес, миллиондардың өмірі мен тағдыры болғаны туралы баяндайтын естелік-хикаялар оқырманға ерекше əсер қалдыратын əрі ойландыратын, мағыналары терең көркем шығармалар.
Кітаптың екінші бөлімінде «Жақсы адам жəне тағдыр» деген топтамасына философиялық мазмұндағы «Таңсұлу», «Баба жұрт», «Адам Ата мен Хауа Ана хикаялары», «Тұтқын және бозбала», «Демалыс күні», «Ананың көз жасы», «Кешке дейін де ғұмыр бар», «Тұқым», «Шайтанның күлкісі», «Ене мен келін», «Немере», «Жар жағасы» атты новеллалары берілген. Аталған шығармалардың тілі құнарлы əрі мағыналы, бұл автордың көркемдік ерекше қолтаңбасы. Кітап елдің өткен тарихындағы социализм дәуіріне деген авторлық көзқарасты танытып, оқырмандарды өздерінің өткені туралы ой тұңғиығына шомдырады.
Кітаптың мақсаты, қалай дүниеге келгені туралы автор алғысөзінде өзіндік бірегейлігімен анықтап берген: «Бүгінде ойланып отырсам, өмір бойы осы романды жазумен келеді екенмін. Не жазсам да, не айтсам да бəрі социализмге қатысты болып шығыпты. Басқадай болмақ та емес. Туып, өскен, өнген ортам – социализм. Социализм менің – тағдырым. Саналы өмірімнің дені осы романды жазуға кеткеніне негіз бар. Социализм болған оқиға. Ол сонысымен құнды. Социализм мен секілді миллиондардың – өмірбаяны. Ол Қазақ елінің басынан өткен тарихы. Өткен тарихқа да құрмет қажет. Социализм əділеттілікке деген ізденістен туған əлеуметтік тəжірибе. Бірақ теріс тəжірибе, ғылымда «теріс нəтиже де нəтиже» деген қағида бар. Осы мəнде алсақ, социализм əділеттілік туралы ізденістің нəтижесі. Жеке адамдар тағдырларының осы нəтижеге матаулы болғаны, соның нəтижесінде сол заманда ғұмыр кешкен жандардың Жаратушы алдындағы күнəсін, адамдар алдындағы кінəсін романға енген естелік-хикаялар арқылы баяндауды мақсат еттім. Социализм Батыс Еуропадан Ресей арқылы Қазақ еліне зорлықпен қондырылды. Мен сондай тағдырға тап болған ұрпақтың өкілімін. Сөз осы тарихи жағдай туралы. Қатты суық болғанда ірі қара мал амалсыздан мүйізін шайқаушы еді. Сол сияқты социализм туралы сөз кімнің болмасын «мүйізін» шайқалтатыны сөзсіз. Оны елемеуге, онымен санаспауға ешкімнің де жағдайы жоқ. Бұл адам-затқа ортақ – əңгіме. Автор» (Кітаптың алғысөзінен).
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі