- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Магистранттардың халықаралық конференциясы өтті
29.03.2021Әл-Фараби Қазақ ұлттық университетінің шетел тілдері кафедрасы Zoom платформасында магистранттарға арналған «Кәсіби дамуға бағытталған дағдыларды жетілдіру» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны онлайн режимінде өткізді. Алыс және жақын шетелдерден жиналған 70-тен астам жас зерттеушілердің конференциясы, идеялар мен ғылыми әзірлемелермен алмасу алаңына айналды. Бұл шараның ерекшелігі – барлық спикерлер өз жұмысының нәтижелерін ағылшын тілінде баяндап ұсынды.
Конференция жұмысына Джокьякарт мемлекеттік университетінің профессорлары (Индонезия) Dr. Мохамед Бруири Триёно, Ретнавати Хери, техника ғылымдарының докторы, профессор Максим Стогов, PhD Марина Бороненко (Югра мемлекеттік университеті, Ресей), профессор Elina Kuisisto (Тампере университеті, Финляндия), педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Г.К. Байғажанова (Ж.Баласағын атындағы ҚҰУ, Қырғызстан), PhD докторы Г. Қасымова (Satbayev Universty, Қазақстан), PhD докторы Ф.Смаилова (Көлік және логистика академиясы, Қазақстан) және т.б. қатысты.
Конференцияның жалпы отырысын шетел тілдер кафедрасының меңгерушісі Ұлжалғас Әділбаева және профессор Мохамед Бруири Триёно салтанатты түрде ашты. Айта кетерлігі, профессор Мохамед Бруири Триёно – ақпараттық технологиялар және білім беру үдерісіне толықтырылған шындық технологиясын енгізу саласындағы жетекші ғалым ретінде конференция барысында «Толықтырылған шындықты аралас оқыту форматында интеграциялау» тақырыбында баяндама жасады.
Пленарлық отырыстан кейін конференция өз жұмысын жаратылыстану және әлеуметтік-гуманитарлық ғылым салалары бойынша жалғастырылды. Конференция қатысушылары өздерінің ғылыми әзірлемелерін таныстырып, бір- бірімен пікір алмасып, өзекті мәселелерді талқылады.
Секциялық сессиялар нәтижесінде модераторлар ағылшын тілін жетік меңгергендігімен көзге түскен және зерттеулерінің мәнін толық ашып, аудиторияға зерттеу нәтижелерін нақты жеткізе білген магистранттардың баяндамаларын атап өтті.
Магистранттардың өздері де, ғылыми жетекшілері де алғыс хаттарға ие болды, ал конференция қатысушыларына арнайы сертификаттар табысталды.
Іс-шара онлайн форматында өтсе де, қатысушылар тарапынан конференцияны жыл сайын өткізу туралы ұсыныс айтылды.