- Негізгі бет
- Жаңалықтар
"Ғылымда даңғыл жол бар, ол – ізденіс пен білім жолы". ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаевтың "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған мақаласы
09.04.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевтың
9.04.2021 жылы "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған мақаласы: "Ғылымда даңғыл жол бар, ол – ізденіс пен білім жолы"
Бүгінгі таңда әлемдік экономика ерекше қарқынмен дамып, технологиялық тегеурінге, инновациялық ізденістерге, жаңа мүмкіндіктерге кең жол ашылуда. Осы орайда озық жетістіктерге қол жеткізіп, алдыңғы қатарлы елдермен терезе теңестіру үшін іргелі ғылымның алатын үлесі зор. Ал ғылым өндіріспен тығыз қарым-қатынас орнатқанда ғана нәтиже көрсетіп, жемісін береді. Сондықтан еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің таңғы арайында «Ғасырлар тоғысында» атты сараптамалық еңбегінде елдің болашағы ғылымға тікелей тәуелді екенін баса айтып және алғашқы күннен ғылым мен өндірістің қатар дамуына жете көңіл бөлді.
Үлкен ғылыми жобаларды мемлекет тарапынан қолдаудың ауқымды бағдарламасын жасатып, өзі тікелей қадағалап отырды. Аяғынан жаңа тұрған жас мемлекеттің экономикалық өрлеуінің әр алуан сатысы осындай ғылыми жұмыстардан бастау алды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ», деп ғылым саласының өркендеуіне, тиісті бағдарламалардың әрі қарай жалғасуына баса мән берді. Мемлекет басшысы ғылымды дамытуда тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керектігін, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажеттігін де алға тартты. Мемлекеттік саясат та жаңа инновациялық экономиканың негізі болуға тиіс деген тұжырым қалыптасты. Ғылым, білімді ілгерілету және технологиялық жаңғыруларға дендеп көңіл бөлу нақты қолға алынды.
Зияткерлік әлеует, жаңа білім мен инновациялық ізденістер әлемдегі ұлттық экономикаларды дамытудың қозғаушы күші екені анық. «Әзірше біз шетел тәжірибесін қабылдап жатырмыз. Тіпті ең заманауи шетелдік жабдықты пайдалану өзіндік серпілісімізді білдірмейді. Біз өзімізде пайдаланып және әлемге ұсынуға болатын жаңа нәрселер жасауға бағдар ұстануға тиіспіз», деп тапсырды өз сөзінде Елбасымыз. Ол үшін ғалымдарымыздың дәуір сұраныстарына сай өз дүниетанымын, ғылыми көзқарастарын қайта қарауы өте маңызды. Елбасы алдымызға қойған дамыған 30 елдің қатарына кіру жөніндегі сындарлы мақсат – мемлекет, университет пен бизнестің ынтымақтастығы мен күш-жігерін біріктіргенде ғана жүзеге аспақ.
Әлемдік тәжірибеде ұлттық инновациялық жүйенің негізгі құрылымы ретінде осы үш тағанның әрбір элементінің функциялары нақты айқындалған: университеттің рөлі – бұл білім, кадрлар мен технологияларды генерациялау; мемлекеттің міндеті – бірлескен қызмет жағдайларын және нормативтік-заңнамалық қамтамасыз ету, ал өнеркәсіп идеялар мен әзірлемелерді іске асыруы тиіс. Үш бірлік бір мақсатқа осылай жұмылады.
Кез келген елдің ұлттық инновациялық жүйесінде ғылыми ауқымды өндіріс үшін маңызды ресурсқа айналатын зерттеу университеттерінің орны ерекше. Барлық белгілі әлемдік жоғары технологиялық ареалдар зерттеу университеттері базасында дамуда және өз елдерінің инновациялық даму драйверлеріне айналып отыр. Сонымен қатар университеттерде жыл сайын жаңа идеяларды ойлап табуға қабілетті және елдің болашағын анықтайтын жаңа буын пайда болып, қалыптасатынын атап өткен жөн.
Сондықтан қазіргі таңда еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының көпшілігі коммерциялық емес акционерлік қоғамның нарықтық мәртебесін алғаны қуантады. Тиімді менеджментті енгізу арқылы олардың рөлі мен жұмыс істеу тиімділігін арттыру маңызды, бұл оларға нарықтық экономиканың нақты субъектілері болуға, өз бетінше әрекет етуге мүмкіндік береді. Мысалы, ҚазҰУ нәтижеге бағытталған процестерді басқаруды енгізіп, өз позициясын елеулі түрде ілгері жылжытып, алдыңғы қатарлы әлемдік зерттеу университеттеріне жақындай түсті. Біз әл-Фараби университетін алдағы уақытта осы бағытта жаңаша жандандыратын боламыз.
Ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар, республиканың басқа жоғары оқу орындарында баламасы жоқ зияткерлік корпорация болып табылатын және еліміздің жоғары білікті кадрлық әлеуетін даярлауды қамтамасыз ететін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің жетекші университеттерінің «идеядан өнімді коммерцияландыруға дейін» қағидатын іске асыру үшін дамудың жаңа моделін пайдаланады. Университет технологиялық шешімдерді, бірегей технологиялар мен өнімдерді әзірлеу бойынша процестік инновациялар орталығын іске қосты. Жерді қашықтықтан зондтау деректерін алу, өңдеу және тарату, олардың негізінде халық шаруашылығының түрлі салалары үшін геоөнімдер жасау және т.б. үшін виртуалды қабылдау стансасы бар. Жерді қашықтықтан зондтау орталығы жұмыс істейтін мұндай бірегей технологияның болашағы зор.
Ұлттық экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған механизмдерді іске асыру үшін ҚазҰУ заманауи IT-технологияларды қолдана отырып, қуатты, жоғары технологиялық цифрлы инфрақұрылым құру бойынша жұмыстар жүргізуде. Бейнеконференция, онлайн оқытуды жүргізу және т.б. үшін әзірленген Jinalys Room бейнеконференц-байланыс сервисі іске қосылған. Қазақстандық пікірлер мониторингінің ақпараттық жүйесі – OMSystem сынақтан өтуде. Ол проблеманың ауқымын және қоғамдық пікірді қалыптастыратын негізгі ықпалды тұлғаларды айқындай отырып, ақпараттық кеңістікте зерделеу (мониторинг) жүргізуге мүмкіндік береді.
Университет посткеңестік кеңістіктегі санаулы жоғары оқу орындарының бірі ретінде алғашқы қазақстандық «Әл-Фараби-1» және «Әл-Фараби-2» наноспутниктерін ғарышқа ұшырды. Бұл бағыттың жалғасы ғарыштық техника және технологияларды әзірлеу бойынша ұлттық ғылыми мектеп құру болып табылады. Онда студенттер наноспутниктерді және олардың компоненттерін жобалау және құрастыру дағдыларын алып, жаңа ізденістерге жол ашады. Бұл болашақта оларға осы салада толыққанды маман болуға мүмкіндік жасайды. Мұндай мамандық игерген жастарға қай кезде де сұраныс жоғары.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ҚазҰУ экономиканың нақты секторына енгізу үшін сынақтан өткізілген және дайын 30 ғылыми-инновациялық әзірлемелерді іске асыру және ілгерілету бойынша жұмыс жүргізуге кірісті. Университетте идеяларды коммерциялық өнімдер мен қызметтерге трансформациялайтын білікті зерттеушілер үшін барлық жағдай жасалған.
Қазіргі сәтте дайын өнімдердің бірі – нанобөлшектер негізінде жасалған қарқындылығы жоғары газ-разрядты шам болып табылады. Мұндай қарқындылығы жоғары энергия үнемдейтін газ-разрядты шамдардың құны төмен, жарық тиімділігі жоғары және қарапайым шамдармен салыстырғанда энергияны тұтынуды 7 есеге дейін төмендетеді.
Электромагниттік құбылыстарды зерттеуге арналған зертханалық қондырғы да орта және орта-арнаулы білім беру мекемелерінде қолдануға әзір. Физика курсы бойынша оқу процесінде ақпараттық технологияларды қолданатын инновациялық аппараттық-бағдарламалық кешен пайдалануға ыңғайлы әрі әмбебаптығымен ерекшеленеді. Ол бір мезгілде 20-дан астам зертханалық жұмыстарды атқара алады. Сырттан электр күшін алмай-ақ дербес жұмыс істеуге қабілетті, аккумуляторлық батареямен жабдықталған.
ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген инновациялық өнімдердің бірі – көміртекті наноқұрылымдардың 100% қазақстандық құрамымен температураны, ылғалдылықты, ауа қысымын және т.б. анықтауға арналған қабылдағыштар. Көміртекті наноматериалдар, олардың ерекше қасиеттеріне, мөлшеріне және төмен құнына байланысты әртүрлі салаларда, мысалы, бояулар мен лактарға, арматуралық материалдарға қоспалар ретінде қолданылады. Ол келешекте дәстүрлі материалдарды өмірдің барлық салаларынан ығыстырып, өндірістік болашағы зор болмақ.
ҚХР тарапынан 100 мың доллар көлемінде инвестиция берілген жоба аясында ҚазҰУ Дәрілік өсімдіктер орталығы ғалымдары әзірлеген инновациялық табиғи өнімдер де университет қызметкерлері мен қала тұрғындары арасында кеңінен танымал. Тұмау мен түрлі вирустарға қарсы жаңа табиғи қоспалар өсімдік шикізатынан жаңа табиғи қосылыстарды бөлу негізінде жасалған.
Жеке бизнес серіктес KazEcoSolutions ЖШС-мен бірлесіп, «Мико-Ойл» қазақстандық инновациялық биопрепаратын өнеркәсіптік өндіріске енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Тиімділігі жоғары препарат мұнаймен ластанған топырақты және құрамында мұнайы бар қалдықтарды тазартуға арналған. Оны мұнай өндіруші және мұнай өңдеуші кәсіпорындарға, экологиялық қызметтерге енгізуге болады.
«Ғылым қоры» АҚ қаржылық қолдауымен «ВАСТЕ» ЖШС жеке серіктесінің өндірістік алаңы базасында полиэфир шайырларының тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісі тиімді жұмыс істеуде. Ол тек отандық өндірушіні құруға ғана емес, сонымен қатар шикізат ретінде полиэфир шайырлары пайдаланылатын композиттік материалдар өндірушілерін де қолдауға бағытталған. Бұл ретте оның бағасы импорттық шикізат бағасынан 15-20%-ға төмен. Бағасы арзан, тиімділігі жоғары мұндай жаңалықтар қашанда сұранысқа ие.
Сонымен қатар «Ғылым қоры» АҚ жобасы аясында университет төмен температурамен және синтездің қысқа кезеңімен ерекшеленетін, сондай-ақ оларды пайдалануды жеңілдететін еріткішсіз акрилат бояуларының өз өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.
ҚазҰУ-дың инновациялық әзірлемелері оның зияткерлік меншігі және әзірлеушілер үшін де, бизнес өкілдері үшін де құнды актив болып табылады. Алайда көбінесе өнертабыс зияткерлік меншік саласындағы нақты қолданыстағы заңнаманың болмауына және зияткерлік меншікті бағалау мен маркетинг саласында қажетті білімі бар кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты сұранысқа толық сай болмай отыр. Бұл тұрғыда алдағы уақытта жүйелі ғылыми ізденістер жаңа белеске шығады деген үміттеміз.
Жаңа өнімді нарыққа шығару да күрделі процесс. Себебі кәсіпорындардың университеттік әзірлемелерді жүзеге асыруға қызығушылықтарының төмендігі, сондай-ақ шетелдік технологияларды пайдалану артықшылығы байқалады. Қалыптасып қалған шет елдік технологияға деген сұраныс бірте-бірте біздің жас ғалымдардың ізденістері арқылы табыс көзіне айналуы үшін оқу орны жағдай жасауға әрқашан дайын.
Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін елімізде ғылым мен инновацияларды басқарудың тиімді моделі жасалмаған. Бұдан бөлек, инновациялық процестің барлық қатысушыларының нақты өзара әрекеттестігі жоқ, венчурлық қаржыландыру кемшін дамыған, жоғары технологиялық әзірлемелерді енгізу бойынша жеке секторды тарту механизмі тиімсіз, қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстары нарық қажеттіліктеріне бағдарланбаған, қаржылық және құқықтық тұрақсыздық секілді кедергілер жетерлік. Мұның барлығы тұтас ұлттық инновациялық жүйенің тиімсіздігіне әкеледі, онсыз білім мен озық технологияларға негізделген жаңа экономика құру туралы сөз болуы мүмкін емес. Ғылыми ізденістердің заңдық иелікке жетуіне жағдай жасаған кезде ғана ол тиімді болмақ.
Сондықтан бізге ғылым мен инновацияларға жеке капитал тарту үшін қолайлы жағдайлар мен механизмдер жасау керек. Мысалы, жер қойнауын пайдаланушылардың өндіру шығыстарының 1%-ы көлемінде аударымдарын ғалымдардың қолданбалы және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер жүргізуге пайдалануының нақты тетігін дайындау қажет.
Зияткерлік меншік саласында елімізге білімге негізделген экономиканың серпінді өсуіне ықпал ететін материалдық емес активтерден мемлекетке үлкен пайда алуға мүмкіндік беретін пәрменді заңнамалық және институционалдық тетіктер жасай отырып, жүйелі мәселелерді шешуді жеделдетуді жолға қоямыз. Әрине, бұлар айтуға жеңіл, бірақ «көз қорқақ, қол батыр» деген қағиданы да естен шығармауымыз керек. Қол да, ой да батыл болса, ізденістің ізі ашыла береді.
Бизнесті ғылымға тарту үшін тікелей және жанама әдістерді қолдана отырып, салықтық ынталандыру механизмдерін енгізу тиімді. Білім мен ғылымды қолдауға және дамытуға бағытталған, оның ішінде шикізат, технологиялық жабдықтар, жинақтаушы және қосалқы бөлшектер импорты кезінде кедендік баждар салудан босатуды көздейтін өндіру секторларындағы салықтық преференциялар мысалы бойынша жоғары оқу орындарының эндаумент-қорларының шоттарына түсетін қаражатқа салықтық ынталандыруды енгізу қажет. Елде венчурлық қаржыландыру жүйесін дамыту үшін инновациялық әзірлемелерді инвестициялау және оларды коммерцияландыру үшін венчурлық қорларды қалыптастыруға БЖЗҚ қаражатын тарту ұсынылады.
Осылайша, ғылыми ауқымды экономикасы бар елдердің тәжірибесін негізге ала отырып, венчурлық капиталды пайдалану, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді іске асыру, университеттерді дербес зерттеу жоғары оқу орындарына трансформациялау механизмін заңнамалық деңгейде шешу арқылы университеттердің білімге негізделген инновациялық экономика субъектілері ретіндегі рөлін арттыру қажет.
Өзінің 90 жылдық тарихи кезеңіне жақындап келе жатқан ұлт білімінің ұстаханасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылым мен өндірістің, ғылым мен жаңа ізденістердің, ғылым мен әлемдік озық технологиялардың жаңа белестерін бағындыру жолында ізденіс үстінде. Бұған оқу ордасының материалдық-техникалық, ғылыми өміршеңдік мүмкіндігі толық сай келеді. Біз «ғылымда даңғыл жол жоқ» деген қалыптасқан қағиданы «ғылымда даңғыл жол бар, ол ізденіс пен білім жолы» деген қағидаға айналдыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізе береміз. Уақыт бізден осыны талап етіп отыр.