Жаңалықтар

Құрметті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары, жас ізденушілер!

12.04.2021

Сіздерді 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев білім мен ғылымға ұдайы көңіл бөліп, отандық ғылымның дамуына қолайлы жағдай жасап келеді.

«Инновация. Бұл тек экономиканы ғана емес, қоғамның басқа барлық салаларын да қамтитын тарихи жүйе. Бұл ХХІ ғасырда әлемдік дамудан қалып қоймаудың бірден-бір амалы. Сондықтан мен «100 инновация» бағдарламасын – Қазақстанның инновациялық дамуының жол картасын әзірлеуді ұсындым. Инновациялық даму – Қазақстан Барысының Болашаққа қарай жасаған зор секірісі» деп атап өтіп, республика көлемінде ұлттық зертханалар мен ғылыми кешендердің ашылуына, қазақ ғылымының әлемдік деңгейге танылуына айрықша маңыз берген болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ғылым саласына тың көз­қа­рас пен жаңа тәсілдер керектігін алға тартып, әсіресе, ірі бизнес өкілдеріне өңірлік универ­си­теттердің ғылыми қызметін қамқор­лыққа алуды тапсырған еді.

«Бізге елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет. Оның бас­ты міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ» деп ғылым мен әлемдік озық технологиялардың жаңа белестерін бағындыруды межелеп берді.

Осыған сәйкес, қазіргі таңда біздің университетімізде ғылымды дамытудың барлық жолдары қарастырылып, ғылым саласында бәсекеге қабілеттілікті арттыру жұмыстары қарқынды жүзеге асу үстінде. Білім ордасында 562 ғылым докторы, 887 ғылым кандидаты, 438 PhD докторы еңбек етіп, 1227 магистрант білім алуда.

ҚазҰУ ғалымдары бейнеконференция, онлайн оқытуды жүргізу үшін Jinalys Room бейнеконференц-байланыс сервисін іске қосып, «Әл-Фараби-1» және «Әл-Фараби-2» наноспутниктерін алғаш рет ғарышқа ұшырды.

Қазақстандық пікірлер мониторингінің ақпараттық жүйесі – OMSystem сынақтан өтуде. Бұдан бөлек, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай сынақтан өткізілген 30 ғылыми-инновациялық әзірлемелерді өндіріске енгізу бойынша жұмыс жүргізуге кірісті. 

     

Құрметті әріптестер!

 

        Академик Қаныш Сәтбаев дүниеге келген 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні құтты болсын!

Ғылыми жұмыстарыңыз бен зерттеушілік ізденістеріңізге шығармашылық табыс, тың жаңалық және жоғары жетістік тілеймін!

        Қазақ ғылымы әлемге танылып, дамудың жаңа сатысына көтеріле берсін!

Құрметпен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры   Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ