Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қалашығында Ғылым қызметкерлері күніне орай Сиверс алма ағашының көшеттері отырғызылды. Игілікті шара экологиялық «ECOJER» қауымдастығы және «Alma Qala» азаматтық бастама қозғалысымен бірлесіп жүзеге асырылды.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ғылым саласын дамытуға арналған тапсырмаларына тоқталды.
Сондай-ақ ҚазҰУ қалашығында отырғызылған Сиверс алмасының тарихы туралы баяндап, жаңа аумақты «Ғалымдар бағы» деп атауды ұсынды.
Шараға атсалысқан «Alma Qala» азаматтық бастамасы қозғалысының негізін қалаушы Ерлан Стамбеков «Қазақстанның қызыл кітабына еніп, жойылып кетудің алдында тұрған жеміс ағашын көбейтуге қолдау көрсеткені үшін ҚазҰУ-ға алғысымды білдіремін» деді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің 1-курс докторанты Әділ Құсманғазинов: «Сиверс алмасы түр пішінінің алуан түрлілігімен, әсіресе, мөлшерімен, түсімен және жемістің дәмімен ерекшеленеді. Алматы қаласының Бас ботаникалық бағынан б.ғ.д., профессор, академик Аймақ Жанғалиевтің жетекшілігімен таулы аймаққа жерсіндірілген. Мамандар Қазақстанда күні бүгінге дейін сақталған Сиверс алмасының генетикалық қоры алма сорттарының өнімділігін арттырып, түрлі ауруларға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыруға жол ашатынын алға тартып отыр» деген пікірімен бөлісті.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ҚазҰУ қалашығына 160-тан Қырым қарағайы мен Алтай шыршасы отырғызылған болатын.