- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ЖЕТЕКШІ ҒАЛЫМДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ
13.04.2021Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ғылым күніне орай университеттің жетекші ғалымдарымен онлайн кездесті. ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызметін одан әрі дамыту мақсатында ұйымдастырылған жүздесу ғылым мен технологияның басым бағыттарын талқылауға арналды.
Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев бүгінде әлем бойынша адамзаттық өркениеттің түпқазығы – ғылымға ерекше басымдық беріліп отырғанын жеткізді. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан экономикасының инновациялық әлеуетін қуатты зерттеу университеттері мен инновациялық кластерлері негізі болатын тиімді ғылыми-инновациялық жүйелерді құру арқылы ғана арттыруға болатынын бірнеше рет атап өткен болатын» дей келе, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев осы стратегиялық тұжырымдаманы дамыта отырып, ғылым мен білімді экономиканың жекелеген салалары ретінде қалыптастыруды мақсат етіп қойғанын алға тартты. Сондай-ақ шетелдік тәжірибеде әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттері жоғары білікті мамандар даярлауға ғана емес, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің кең спектрін іске асыруға және оларды одан әрі коммерцияландыруға бағытталғанын баса айтты.
«Дәл осы зерттеу университеттері болашақта даму нүктелеріне, ғылымды қажет ететін экономиканың қозғаушы күшіне айналатыны сөзсіз. Ұлттық инновациялық жүйенің даму дәрежесі өз кезегінде тұрақты экономикалық өсудің негізін құрайды. Осы орайда ел білімі мен ғылымының флагманы – ҚазҰУ экономиканың дамуына нақты үлес қосатын жобаларды көптеп ұсынуы қажет» деді ректор.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ – 16 факультеттен, 8 жаратылыстану бағытындағы ғылыми-зерттеу институттарынан, 29 ҒЗИ мен әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы орталықтардан тұратын дамыған ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар орталық. Оқу орны университет базасында ғылымды қажетсінетін экономиканың өсу нүктесін қалыптастыра отырып, әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану бағытына бет бұрды.
«Университет базасында жыл сайын ғылымды дамытудың барлық басым бағыттары бойынша жалпы сомасы 6 млрд теңгеге 400-ден астам ғылыми-зерттеу жоба орындалады. ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу қызметін интернационалдандыруда халықаралық ғылыми-білім беру байланыстарын жүйелі түрде кеңейту, халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. 2020 жылы университет ғалымдары халықаралық қорлар мен ұйымдардың 106 грантын алды» деп, Жансейіт Түймебаев ғылым саласындағы университет жетістіктерін атап өтіп, инновация мен ғылыми зерттеу жұмыстарының халықаралық деңгейге көтеру қажеттігіне баса назар аударды.
Жиында сөз алған Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Амангелді Бисенбаев ғылыми және инновациялық жобалардың болашағы туралы сөз қозғады. «Олардың бірі – қарапайым қамысты халық шаруашылығына пайдаланудың экологиялық, экономикалық және технологиялық негіздерін дамыту. Бұл табиғи өсімдік Іле өзенінде өседі және өңдеудің арнайы технологиясын қолдана отырып, ғалымдар әртүрлі түйіршікті биокормалар алды» дейді Амангелді Қуанбайұлы. Бактерияға қарсы препараттардың жаңа буынын жасау бойынша келесі жоба бекіре тұқымдас балықтардың бактериялық қоздырғыштарымен күресу және бактериялық инфекцияны диагностикалауға арналған. Ғалымның айтуынша, алынған препарат өте тиімді және оған төзімді бактериялар жоқ.
Физика-техникалық факультетінің деканы, профессор Асқар Давлетов зерттеу университетіне айналу хақында ой толғады. «Зерттеу университетінің негізгі қағидасы өте қарапайым – зерттеу және оқыту. Ал оны іс жүзінде қалай дұрыс жүзеге асыра аламыз?» деген ол зерттеулердің негізгі нәтижесі, іргелі бағыттағы жобалар үшін – жарияланымдар, қолданбалы жобалар үшін қолданысқа енгізу екенін айтты. Ары қарай факультет басшысы соңғы жылдардағы жұмыс нәтижесі жайлы ақпарат берді. «Физика-техникалық бағыт бойынша жарияланым белсенділігінің көрсеткіштері тек елімізде ғана емес, біздің университетте де жетекші орын алады. Себебі біз факультет жанынан ғылыми-зерттеу институтын құру қажеттілігін ерте түсіндік, бұл студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына көптеп тартуға мүмкіндік берді. Бұл дамудың ең қолайлы моделі екеніне сенімдімін. Соңғы жылдары университеттегі физика-техникалық кластер – факультет, екі зерттеу институты, Эксперименттік және теориялық физика ҒЗИ және Ашық типтегі ұлттық нанотехнологиялық зертхана, сондай-ақ Инженерлік бейіндегі зертхананы құрады.
Қазіргі уақытта біз қаржыландырудың жалпы сомасы 1 млрд. теңгеге жеткен іргелі бағыттағы жобаларды табысты іске асырудамыз. Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты қарқынды дамытудамыз. Атап айтқанда, ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың бастамасы бойынша ЦЕРН-мен белсенді жұмыс жүргізілуде, зерттеулердің бірлескен бағдарламасы құрылды, жазғы мектептер өткізілуде. Мұның бәрі бізге жарияланым белсенділігінің жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік береді, – деді Асқар Ербұланұлы. Ол қолданбалы зерттеулерді дамыту заман талабы екендігін, факультетте Ғылым қоры АҚ желісі бойынша коммерцияландыру жобалары жүзеге асырылып, шағын сериялы өндіріс құрылғандығын жеткізе отырып, жылдар бойы қордаланған мынадай мәселелерге тоқталды. «Қолданбалы зерттеулердің теория жүзінде болуы мүмкін емес, ал оларды қолданысқа енгізу бойынша нәтижелер алу үшін қазіргі заманғы жабдықтар қажет. Алайда оларды сатып алуды мемлекет те, университеттер де, коммерциялық кәсіпорындар да қаржыландырмайды. Бұл жерден шығатын қорытынды – іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін зертханаларды дамыту қажет. Онсыз инновациялық экономика құру туралы айтудың қажеті жоқ. Менің ойымша, мүмкіндігінше бірнеше салаларды қамтитын, ірі зертханаларды дамытуға басты назар аудару маңызды. Онда профессорлар мен доценттер ғана емес, жас ғалымдар дайындықтан өте алады, ең бастысы, күрделі жабдықтарға қызмет көрсететін инженерлер де жұмыс істейтін болады» деген пікірімен бөлісті. Бұған мысал ретінде Ашық типтегі ұлттық нанотехнологиялық зертхана жұмысын атап өтті. «Сіз министр болған кезде Қазақстанда осындай бес жалпы пайдалану зертханасын ашуға бастамашы болдыңыз. Бұл бізге осы бағытта зерттеулер жүргізуге жылдар бойы серпін берді. Олар негізінен фундаменталды сипатта, өйткені зертхана аналитикалық сыныпқа жатады. Қазір бізге іргелі және қолданбалы зерттеулердің даму драйверіне айналатын ірі зертханалар қажет. Олар қолда бар мүмкіндіктер мен инновациялық экономиканы дамытудың қазіргі заманғы талаптары негізіндегі даму әлеуетін ескере отырып құрылуы тиіс» деп ой түйіндеді профессор.
Тарих факультеті археология, этнология және мұражайтану кафедрасының профессоры Әбдеш Төлеубаев археология ғылымының қазіргі таңдағы мүмкіншіліктері мен бет алысын баяндады. «Бүгінгі археология көне заттар мен жәдігерлерді зерттейтін ғылым ғана емес, идеологиялық, саяси мақсаттарға да қызмет ететін ғылымға айналды. Жер дауы, халықтың қалыптасқан аумағы, сол аумақтағы саяси-әлеуметтік құрылымдар, яғни мемлекеттер мен олардың орналасу шекаралары сияқты мәселелерге тарих, соның ішінде археология ғылымы жауап береді. Кафедрамыздың құрылғанына 50 жыл толды, ғалымдарымыз соңғы 10-15 жылда үлкен жетістіктерге жетті. Қазіргі заманда далада қазба жұмыстарын жүргізіп, оның нәтижесін сипаттап, тарихи тұжырым жасау жеткіліксіз. Бүгінгі археология ғылымы табылған тарихи заттарды арнайы зертханадан өткізіп сараптама жасауды талап етеді. Атап айтқанда, зат қандай материалдан жасалған, ол материалдың құрамы қандай, артефакт қашан, қай жерде жасалған, оның таралу аумағы сияқты бірқатар сұрақтардың басын ашады. Мұндай сараптамаларды жүргізу үшін мамандандырылған зертхана қажет. Менің ойымша, барлық зертханаларды біріктіріп зерттеу орталығын ашу керек» дей келе, университет басшылығының тапсырмасымен зертханаға қажетті құрал-жабдықтардың тізімі жасалып жатқандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, лабороториялық зерттеулерге химиялық, физикалық жабдықтар, керамика, ағаш, шыны материалдарынан жасалған заттарды зерттейтін, оларды қалпына келтіру үшін пайдаланылатын құрал-саймандар, оптикалық және металлографиялық микроскоптар, қазба жұмыстарын бастамай тұрып жердің геофизикалық жағдайын тексеретін жабдықтар қажет. Мұндай зертханасыз археологиялық жұмыстардың деңгейін көтеру қиын. Сонымен қатар Әбдеш Тәшкенұлы зертхананы жабдықтаған соң олармен жұмыс істейтін мамандарды да шетелге жіберіп оқыту қажеттігін алға тартты.
Химия және металлургия саласындағы инновациялық технологиялар ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Хабиболла Оспанов ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мәселесін көтерді. «Біздің көптеген жұмыстарымыз өндіріске енгізілген. Олар өнеркәсіптік нысандар мен түсті металлургия саласында сұранысқа ие. Мен – Ресей, Қытай, Англия сияқты көптеген елдерде қолданылатын 4 халықаралық ғылыми жаңалықтардың авторымын. Бізде қазір түсті металлургия, алтын, уран, сондай-ақ сирек кездесетін металдар саласында көптеген инновациялық әзірлемелер бар. Мәселе – оларды өндіріске енгізуде. Себебі елімізде көптеген зауыттар жекешелендірілген, бұл – ғалымдардың алдынан шығатын үлкен тосқауыл болып отыр» дейді ғалым. Ол: «Біздің ғылыми жаңалықтарымыз ең аз уақыт ішінде түсті металдарды оңай әзірлеуге мүмкіндік береді. Біз университет жанынан осы жаңа технологиямызбен жұмыс істейтін мамандар мен инженерлерді оқытатын мектеп құрғымыз келеді» деген ұсынысын жеткізді.
Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу орталығының директоры, PhD, профессор Жанар Жеңіс орталық жетістіктеріне тоқталды. «Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу орталығы 2019 жылы ақпан айында құрылып, іргетасы 28 миллион теңгемен қаланған еді. Ең алдымен, Американың Миссисипи университеті, Австралияның Грифс университеті, Жапонияның Хоши университеті, Корей елінің Гёнсян университеті, Қытай Ғылым академиясы, Өзбекстан Ғылым академиясының Табиғи қосылыстар институты, Малайзия, Түркия, Португалия сияқты елдердегі табиғи қосылыстарды зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық жасалды. 2019 жылы қараша айында Қытай Ғылымдар академиясымен бірге орталығымызда «Дәрілік заттарды зерттеу біріккен зертханасы» ашылды. Оның негізінде халықаралық жоба ұсынылып, бүгінгі таңда 100 000 долларлық грантты жеңіп алдық» деді профессор. Орталық ғалымдары вирусқа қарсы препараттарды 7 ай көлемінде зерттеп, 10 ғылыми жоба дайындаған. Нәтижесінде 3 мемлекеттік және 3 халықаралық грант жеңіп, жобалардың жалпы қаржысы 200 миллион теңгеден асқан.
«Орталығымыз еліміздің емдік өсімдіктерін пайдалана отырып, алғаш рет Қазақстанда COVID-19 вирусына, тұмауға, өкпені қуаттайтын, қанды сұйылтатын, жөтелді басып, қақырық шығаратын қасиетке ие биологиялық белсенді табиғи формулалар жасап шығарды. Өнімнің әйел денсаулығын сақтау, өт, бауыр ауруларының алдын алу сынды емдік қасиеттері бар. Вирусқа қарсы формула екі негізгі қос механизм – коронавирусты тежеу және иммундық жүйені жоғарылату арқылы әсер етеді. Сондай-ақ біз биологиялық белсенді қоспаларды өндіріске қосу туралы жобамызды университетке ұсынып, мини-зауыт құру қолға алынды. Екі-үш ай ішінде өндірісті толығымен іске қосу болжанып отыр», деді ғалым. Оның айтуынша, жобаны іске асыру өсімдік шикізатына негізделген жаңа фармацевтикалық препараттарды өндіруде негізгі компоненттер болып табылатын биологиялық белсенді қоспалар алуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан Республикасына импортталатын дәрілік заттардың санын қысқартуға, сондай-ақ табиғи, аз уытты отандық препараттар өндірісін дамытуға жол ашпақ.
Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында Физика-химиялық зерттеулер және талдау институтының директоры Болат Кеңесов, Әлеуметтік зерттеулер және әлеуметтік инжиниринг ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлмира Әбдірайымова, Жоғары медицина мектебінің директоры, профессор Раушан Исаева, филология факультетінің профессоры Раушангүл Авакова, механика-математика факультеті механика кафедрасының меңгерушісі Зәуре Ракишева, Азиялық зерттеулер ғылыми-зерттеу орталығының директоры Герман Ким өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарға шолу жасап, халықаралық ынтымақтастық, ғалымдардың жарияланымдық көрсеткіштері, қаржыландыру және ғылым саласындағы өзге де өзекті мәселелерді шешу жолдары туралы ұсыныстарын ортаға салды.
Сөз соңында ҚазҰУ Басқарма басшысы – ректоры Ж.Түймебаев университеттің ғылыми бағытын жетілдіру бойынша кездесулердің әлі жалғасатынын жеткізді. Пікірлесу алаңына шыққан ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері мен ғалымдарға нақты жобалар бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі