- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Тәуелсіздікке арналған «30 жылдыққа -30 апталық» жол картасы бекітілді
15.04.2021Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоратының кезекті отырысында – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған университеттің «Отыз жылдыққа – отыз апталық» жол картасын жүзеге асыру, 2020-2021 оқу жылындағы индикативтік көрсеткіштердің орындалуы және оқытушы-профессорлар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің 2021-2022 оқу жылындағы бос жұмыс орындарына жарияланған байқау туралы мәселелер қаралды.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған университеттің «Отыз жылдыққа – отыз апталық» жол картасы мәселесі бойынша Әлеуметтік даму жөніндегі проректордың м.а. Ә.Р. Масалимованың хабарламасы тыңдалды. Университет Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап жасаған «Отыз жылдыққа – отыз апталық» жол картасына сәйкес, Тәуелсіздік жылдарындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жетістіктері бойынша деректі фильм форматындағы «Жеңіске толы 90 жыл» атты фильм түсіру, сондай-ақ рухани-адамгершілік құндылықтар, отансүйгіштік және азаматтық сананы қалыптастыруға, тәрбиелеуге бағытталған, Тәуелсіздік тарихына арналған балалар анимациялық фильмдер сериясын түсіру және виртуалды интеллектуалдық ойындар әзірлеу жоспарланып отыр.
Жол картасына университет ғалымдарының жетістіктерін, отандық білім мен ғылымға қосқан үлестерін, ғылыми еңбектерін әлемдік деңгейде таныту мақсатында «Тәуелсіздікке тарту» сериясын шығару, Мәжіліс пен Сенаттың белгілі депутаттарын шақырып, студенттермен кездесулер өткізу, қазақстандықтардың тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін көрсету және кеңінен насихаттау үшін Мұрағатта сақталған суреттерді сандық форматқа көшіру, егемендік кезеңдегі елеулі оқиғаларды баяндайтын «Тәуелсіздік тәу етер киеміз» тақырыптық көрме ұйымдастыру, Тәуелсіздік тақырыбында жазылған кітаптарды жастарға таныстыру сияқты жыл бойы атқарылатын жұмыстар кірген. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралардың жол картасы ректорат отырысында бекітілді.
Жиында қаралатын екінші мәселе, 2020-2021 оқу жылындағы индикативтік көрсеткіштердің орындалу барысы туралы Стратегиялық даму орталығының директоры Гүлшарат Минажева баяндады. Оның айтуынша, индикативтік көрсеткіштер халықаралық рейтингтермен үйлесімді болуы керек, сондықтан олардың әрқайсысында белгіленген балл бар. QS World University Ranking by Subject рейтингінің әдістемесі төрт негізгі көрсеткішке негізделген: академиялық бедел, жұмыс берушілер арасындағы бедел, ғылыми мақалаларға сілтеме және Хирш индексі. Пәндік рейтинг 95 мыңнан астам академиялық сарапшылардың, 45 мыңдай жұмыс беруші сарапшылардың пікірлері ескеріле отырып, «Scopus» мәліметтер базасынан алынған ақпараттар негізінде жасалған. ҚазҰУ ұлттық пәндік рейтингтерде оқу бағдарламалары бойынша қазақстандық университеттер арасында жетекші орын алады. ҚазҰУ халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетіне айналу барысында әлемдік университеттердің институционалдық рейтингінде және пәндік рейтингте де табысқа жетіп, үнемі алға жылжып келеді.
«Негізгі басымдық ғылыми-зерттеу жұмыстарына беріледі. Сондықтан әрбір оқытушы алдымен ғалым болуы керек. Ал индикативтік көрсеткіштер, университеттің болашақ дамуын үйлестіретін, стратегиялық оперативті басқару жүйесі болып табылады. Сондықтан индикативтік көрсеткіш мәселесі үнемі назарда болады. Схемалар, таблицалар болып көрінгенмен осы көрсеткіштер бойынша ЖОО ішінде универсиетіміздің алатын орны анықталады», деп түйіндеді бұл мәселені ректор Жансейіт Түймебаев.
Ректоратта тағы да бір көтерілген мәселе Университеттегі оқытушы-профессорлар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің 2021-2022 оқу жылындағы бос жұмыс орындарына жарияланған байқау туралы болды. Бұл туралы адам ресурстары және архив басқармасының басшысы А.С. Мадияр баяндап берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Баспасөз қызметі