- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САРАПТАМА НӘТИЖЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
16.04.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормативтік-құқықтық актілерге ғылыми сараптамалар бойынша «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді құралы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараны ұйымдастырушылар – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ғ.Сапарғалиев атындағы мемлекет және құқық ғылыми зерттеу институты, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Нұрсұлтан Назарбаев қоры, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ.
Конференцияның жұмысына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары, ҚР Конституциялық кеңесі жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі, АӨК қоғамдық кеңестің төрағасы Игорь Рогов, Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андре Карстенс, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова, мемлекеттік органдардың өкілдері, Молдова, Түркия және Орталық Азия елдерінің сарапшылары, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді құралы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ашқан ҚазҰУ Ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жолдауларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі бағдарламалық бағыттарын, мемлекеттің бақылау функцияларын қысқарту, олардың жұмысының, мемлекеттік аппараттың бақылауда болуы және оның ашықтығы, сондай-ақ экономика мен бизнеске мемлекеттің араласуын азайту керектігін ашып көрсеткенін атап өтті. Тұңғыш Президенттің саясатын жалғастырған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарын айқындады және Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормативтік құқықтық актілерге ғылыми сараптама жүргізу, бұл процеске азаматтық қоғам өкілдерін, ғалымдар мен практиктерді кеңінен тарту керектігін айтты.
Аса маңызды алдын алу шараларының бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама болып табылады, оның мақсаты – нормативтік құқықтық актілер жобаларында сыбайлас жемқорлық сипатындағы нормаларды анықтау және оларды жоюға бағытталған ұсынымдарды әзірлеу. ҚР Президентінің саясатын жүзеге асыру аясында 2020 жылдың қарашасынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормативтік-құқықтық актілерге ғылыми сараптамаларды үйлестіру жұмыстары жүргізіле бастады. Бес айдың ішінде 5016 нормативтік құқықтық заң актілерінің жобаларына сараптама жүргізіліп, соның ішінде 13430 сыбайлас жемқорлық факторларын жою туралы қорытынды жасалды. Кешенді жұмыстардың нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың экономикалық тиімділігі, алдын-ала деректер бойынша, 3,7 миллиард теңгені құрады. Әрбір сараптаманың нәтижелері ақпараттық жариялылықты қамтамасыз ету үшін «Сараптама» арнайы порталында жарияланады. Бұл жұмысқа азаматтарды кеңінен тарту үшін сарапшылар тізімі жаңартылып тұрады, қазіргі кезде тізімде 146 сарапшы тұр.
Соңғы жылдары университетте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Саналы ұрпақ», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама», «Қазақстанның білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің цифрлық карталары», «Парасат жолы» сияқты әлеуметтік маңызы зор жобалар іске асырылды. Университет қабырғасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатында студенттердің арасында «Жемқорлықтан тыс Университет» және «Жемқорлықтан тыс Факультет» сауалнамалары үнемі өткізіліп тұрады, олар онлайн режимде өтеді және әрбір студент оқытушы, факультет және университет туралы өз пікірін қалдыра алады. Кураторлық сағат аясында ЖОО қабырғасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мақсатында тәрбие іс-шаралары тұрақты негізде ұйымдастырылады. Бұл жұмыс университеттің барлық куратор-эдвайзерлерінің тәрбие жұмысы бағдарламасына енгізілген. Жемқорлыққа қарсы әрекет бойынша іс-қимыл агенттігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баяғыдан келе жатқан стратегиялық серіктесі. Бұл тұрғыдан алғанда университет ғылыми ой орталығы, пікірталас алаңы және Жемқорлыққа қарсы әрекет бойынша іс-қимыл агенттігінің креативтік идеяларын үйлестіруші рөлін атқарады.
Конференцияға қатысушылар сараптама жүргізудің өзекті мәселелерін, оның заң шығарудағы рөлін, түрлі салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, халықаралық тәжірибелерді салыстырмалы талдау қорытындыларын, сондай-ақ коррупцияға қарсы жұмысқа жұртшылықты жұмылдыру мәселелерін талқылады.
Конференцияда сөз алған ҚР АӨК Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы коррупциялық нормаларды жоюға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормативтік құқықтық актілерге (НҚА) ғылыми сараптама жүргізуді жаңғырту мәселесіне тоқталды.
«Тек өткен жылдың қорытындысы бойынша 70 НҚА сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бойынша сыртқы талдаудың 200-ден астам түзетулерін енгізді. Бұл жұмыстағы негізгі жаңалық – осы институтты қалпына келтіру процесіне қатты қызығушылық танытқан жұртшылық өкілдерін және академиялық қоғамдастықты кеңінен тарту болды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге 600-ден астам адам қатысуға ниет білдіріп отыр. Іріктеу конкурсының қорытындысы бойынша 146 адам тізімге кірді. Сарапшылар бұл бағытта орасан зор жұмыстарды еңсерді. Орта есеппен әрбір сарапшы күніне 30 НҚА сараптама жасады. Өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа форматтағы сараптама 5 мың НҚА жобаларын қамтыды, онда сыбайлас жемқорлықтың 13 мың тәуекел факторы анықталды», – деді ҚР АӨК Парасаттылық департаментінің директоры.
ҚР Конституциялық кеңесі жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі, АӨК қоғамдық кеңестің төрағасы Игорь Рогов өз сөзінде сыбайлас жемқорлық сараптамасын қайта жандандырудың маңызына тоқталып, cыбайлас жемқорлық туралы алғашқы заңның бастамашысы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болғанын айтты.
Конференцияда қаралған мәселе бойынша Молдова Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық орталығы экс-басшысының орынбасары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық сарапшы Кристина Цэрнэ, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» АҚ ғылыми жетекшісі, заң ғылымдарының кандидаты, конституционалист Мереке Ғабдуалиев, Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андре Карстенс, ҚР Парламент Сенатының Конституциялық заңдар, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитеттің төрағасы Қанатбек Сафинов және басқалар өз пікірлерін ортаға салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Баспасөз қызметі
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Баспасөз қызметі