АЛМАТЫ. 20 сәуір. Баспасөз орталығы – «7R немесе Zero Waste тұжырымдамасы стиліндегі өмір». Осындай атаумен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде пікірсайыс өтті. Іс-шараға Химия және химиялық технология факультетінің жас ғалымдары мен оқытушылары қатысты.
Пікірталас барысында табиғи ресурстарды экологиялық зиянды жақтарын ескере отырып таза тұтынуға, тұрмыстық қалдықтарды барынша азайтуға, қажетсіз және бір реттік заттардан бас тартуға бағытталған Zero Waste («Нөлдік қалдықтар») тұжырымдамасы талқыланды.
Жиынға сарапшы ретінде қатысқан «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының Экологиялық зерттеулер зертханасының басшысы Е. Панов қатысып, тақырып төңірегінде өз ойларымен бөлісті.
Ол өз сөзінде Zero Waste тұжырымдамасының жеті негізгі қағидасы туралы және жеке тәжірибесі тұрғысынан қалдықтарды кәдеге жарату мен оны дұрыс пайдалануды жан-жақты түсіндіріп берді.
Сондай-ақ жас ғалымдар жиналған түрлі қоқыстарды дұрыс сұрыптау мәселелерін де талқылады. Ұйымдастырушылар Алматыдағы қоқысты қайта өңдейтін орындардың мекенжайлары мен байланыстары туралы ақпаратпен бөлісті.
Шара қатысушылары экологиялық қауіпсіз өнімдер мен заттарды сатып алуға болатын сегіз инстаграм-дүкендерінің жұмыстары туралы да баяндап берді. Жиын соңында спикерлер тарапынан қатысушыларға күнделікті өмірде қоршаған ортаның ластануына жол бермейтін 17 оңтайлы әдетті пайдалану туралы ақпарат берілді.
«7R немесе Zero Waste тұжырымдамасы стиліндегі өмір» тақырыбындағы іс-шараның толық бейне нұсқасын мына сілтемеден көре аласыз: https://www.youtube.com/watch?v=DfPTSchqeHg&t=2284s.
Имидждік саясат және қоғаммен байланыс департаменті
e-mail: farabi_press@gmail.com