Жаңалықтар

ҚазҰУ ректоры Польша Елшісімен кездесті

26.04.2021

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Селим Хазбиевичпен кездесті. Келіссөз барысында тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен серіктестік мәселелерін талқылады.    

Өз сөзінде ЖОО ректоры Ж.Түймебаев Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасуында Польшаның рөлі зор әрі маңызды екенін айтты.

«Польша Республикасының Қазақстандағы Елшілігі ғылым, білім және мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосуда. Екі ел арасындағы серіктестік қарқынды жалғасады» деп атап өтті университет басшысы.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ Польшаның 18 жоғары оқу орнымен тығыз байланыста. Олардың арасында Варшава университеті, Адам Мицкевич университеті, Торунь қаласындағы Николай Коперник университеті, Лодзь университеті, Г.Кошалин атындағы технологиялық университет, Ополь университеті бар.

Соңғы үш жылда ҚазҰУ-дың 150-ден астам студенті мен магистранты академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Польшада білім алды. Сонымен қатар 44 докторант ғылыми-зерттеу тағлымдамадан өтті. «Қазақстанның жоғары оқу орындарына шетелдік ғалымдарды тарту» бағдарламасы аясында ҚазҰУ-ға Польшаның танымал профессорлары мен ғалымдары келуде. Олар PhD докторанттарға ғылыми жетекшілік жасайды және дәріс оқиды.

Польшаның Қазақстандағы елшісі Селим Хазбиевич өз кезегінде екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар бүгінгі таңда жаңа мазмұнға ие болғанын жеткізді. «Біздің тарап әрқашан бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын дамытуға, тәжірибе алмасуға әрі академиялық ұтқырлықты кеңейтуге дайын» деді Елші.

Сондай-ақ Селим Хазбиевич ҚазҰУ басшысы Ж.Түймебаевтың Польша түркітанушы ғалымдарының  қатысуымен бірлескен іс-шаралар өткізу туралы ұсынысын қабыл алды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында студенттер алдында дәріс оқуға келісім де берді.

Кездесу соңында ректор ғылым, білім саласындағы барлық бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.