Жаңалықтар

Жаңа оқу жылының бағдарламалары қаралды

29.04.2021

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми кеңес отырысы онлайн форматта өтті. Жиында алдымен 2021-2022 оқу жылына арналған білім беру бағдарламалары талқыланды.

ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Фатима Жақыпова осы тақырыпта баяндама жасады.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Болон үдерісі орталығының реестріндегі ҚазҰУ білім беру бағдарламаларының жалпы саны 2020-2021 оқу жылында 533-ті құраған. Ағымдағы жаңа оқу жылында бакалавр, магистратура және докторантура сатылары бойынша барлығы 119 жаңа бағдарлама қосылмақ.

Бұл бағдарламаларды дайындау барысында қазақстандық және халықаралық заманауи талаптар мен сын-тегеуріндер ескеріліп отыр. Фатима Надырқызы өз сөзінде университеттің бәсекеге қабілеттілігі мен білім беру сапасын арттыру, бағдарламалардың пәнаралық негізде болуы да жіті назарда екенін тілге тиек етті. Осы бағытта факультет ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылып, серіктес жоғары оқу орындарымен келіссөздер жүргізілген.

Жаңа білім беру бағдарламалары инновациялық, пәнаралық, жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша, жаңа кәсіптер атласы бойынша, қосдипломдық және бірлескен бағдарламалар сынды топтарға жіктелген. Оларды білім беру бағдарламалары қатарына енгізу ұсынысына Ғылыми кеңес мүшелері бірауыздан қолдау білдірді.

Келесі кезекте Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Айжан Смаилова халықаралық білім беру жобалары мен бағдарламаларының жай-күйі туралы хабарлады. Ол Эразмус+, Абай-Верн, Мевлана, Орхун, IAESTE, FLAGMAN сынды халықаралық білім беру бағдарламаларының университетте жүзеге асырылу деңгейіне шолу жасады. Сонымен қатар департамент директоры аталмыш бағдарламалардың артықшылығы мен кемшін-тұстарын, оқытушылар мен студенттерге беретін мүмкіндіктерін де саралап өтті.

Хабарламада университетте жазғы және қысқы мектептердің өткізілуі, халықаралық шәкіртақылар, шетелдік студенттерге арналған бағдарламалар туралы да ақпарат берілді. Оқытушы-профессорлар құрамы мен ғалымдардың, студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыру мәселелері көтеріліп, шешу жолдары ұсынылды.