Жаңалықтар

Жұмабек Кенжалин оқулары өтті

30.04.2021

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде І Кенжалин  оқулары аясында  «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер:   БАҚ менеджменті  мен  маркетингі және  PR» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті. Ғылыми басқосуға қоғам және мемлекет қайраткерлері, шетелдік және отандық ғалымдар, БАҚ басшылары мен тілшілері, оқытушылар мен білімгерлер қатысты.

ҚазҰУ Басқарма басшысы-ректоры Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен өткен алқалы жиын Қазақстанда ақпараттық менеджмент теориясы мен тәжірибесінің негізін қалаған белгілі ғалым, жазушы-публицист, саяси ғылымдар кандидаты, ұлағатты ұстаз Жұмабек Кенжалинді еске алуға арналды.

Конференцияны ашқан әлеуметтік даму жөніндегі проректор м.а.  Әлия Мәсәлімова белгілі қаламгердің қазақ журналистикасында айшықты із қалдырғанын атап өтті.

Практик-ғалым мұрасын зерделеуге бағытталған бастамаға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қолдау білдіріп,  арнайы хат жолдады.

«Талантты көсемсөзші ретінде танылған Жұмабек Кенжалин бірқатар республикалық басылымдарға жетекшілік етумен қатар, қоғамдық-саяси саладағы ғылыммен жүйелі айналысты. Белгілі зерттеушінің теория мен практиканы ұштастыру нәтижесінде дүниеге келген «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» атты іргелі еңбегі, сондай-ақ ақпараттық менеджмент пен маркетинг бойынша жасаған ғылыми-әдістемелік талдамалары бүгінде осы сала мамандарының және жас ғалымдардың игілігіне қызмет етуде» делінді хатта.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да хат жолдап, конференция жұмысына тілектестік білдірді.

Министр «Жұмабек Омарұлы – саналы ғұмырын қазақ журналистикасын дамытуға арнап, кәсіби өсу мен өрлеудің барлық табалдырығынан өткен белгілі қаламгер. Ол еңбек жолын «Социалистік Қазақстаннан» бастап, «Білім және еңбек» журналында, «Халық кеңесінде» абыройлы қызмет етті. «Ақиқат» журналының бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды» дей отырып, кейінірек «Қазақ газеттері» журналистік ұжымының шаңырағын көтеріп, оны жиырма жылға жуық басқарған біртуар тұлғаның қоғамдық және шығармашылық қызметі болашақ қаламгерлер үшін үлгі-өнеге  екендігін жеткізді.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар алқасына ҚР Сыртқы Істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Асқар Абдрахмановтың, Польша-Қазақстан Сауда-Өнеркәсіптік Палатасының Төрағасы Петр Гузовскийдің құттықтау хаттары келіп түсті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов, Мейрамбек Төлепберген, Жанарбек Әшімжан және өзге де айтулы тұлғалар қазақ баспасөзінің талантты ұйымдастырушысы, белгілі журналист-ғалым Жұмабек Кенжалин жайлы естеліктермен бөлісті. Қайраткердің бұқаралық ақпарат құралдарының уақыт талабына сай дамып, кемелденуіне қосқан кәсіби тәжірибесі мен қажыр-қайраты үлгі етілді.

Жиын барысында қазіргі заманғы журналистиканың өзекті де түйінді мәселелері талқыланып, ақпараттық ресурстарды тиімді пайдалану және оның тиімділігін арттыру жолдары зерделенді.