Жаңалықтар

ҚазҰУ ректоры Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер жиынына қатысты

30.04.2021

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма басшысы-ректоры Жансейіт Түймебаев «Түркі кеңесіне мүше мемлекеттермен Өзбекстан ынтымақтастығы» атты халықаралық конференцияда баяндама жасады.

Ауқымды шараға Әзірбайжан, Венгрия, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінің мемлекет және қоғам қайраткерлері, ЖОО басшылары мен ғалымдары қатысып, пікір алмасты.    

ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Түркі кеңесінің жаңа даму белестері жайлы ой өрбітті. Түркі мемлекеттерінің даму тарихына көз жүгірте отырып, түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы өзіндік даму жолынан өткендігін тілге тиек етті.

«Көпжақты ынтымақтастықтың алғашқы кезеңдерінде Түркі мемлекеттері мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылмен шектелсе, кейінгі жылдары ынтымақтастықтың елеулі, практикалық бағыттарына өту басталды. Сауда және инвестиция, көліктік және транзиттік әлеуетін пайдалану сияқты Түркі мемлекеттері прагматикалық ынтымақтастыққа бет бұрды» дей келе, ректор халықаралық ынтымақтастық жүйесіндегі Түркі кеңесінің рөліне тоқталды.

Түркі кеңесі – бұл түркітілдес мемлекеттер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында 2009 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған халықаралық ұйым екені белгілі. «Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы» мәртебесін алған Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркі кеңесіне мүше елдердің «2040 – Түркі келешегі» бағдарламасын әзірлеуді ұсынып, ұйым ішіндегі интеграциялық процестерді жандандыруға шақырды.

Университет басшысы «Н.Ә. Назарбаевтың күш-жігерінің арқасында түркі интеграциясы Еуразиядағы халықаралық қатынастардың маңызды факторына айналып, нақты қалыпқа түсуде. Осыған байланысты Елбасының Түркі мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін Ұйым деңгейіне көтеру жөніндегі бастамасы да ерекше назар аударуға тұрарлық» дей келе, кеңеске Өзбекстан Республикасының толыққанды мүше болып қосылуы түркі елдерінің экономикалық интеграциясына жаңа серпін беретінін айтты. Түркі кеңесі Түркі инвестициялар және интеграция қорын құру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп отырғандығын жеткізді.

Сөз соңында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев «Түркі кеңесі өзінің 10 жыл ішінде ынтымақтастықтың түрлі салаларында түркітілдес елдердің өзара іс-қимылын орнатудың тиімді тетігі, сондай-ақ ортақ мүдделерді сақтаудың пайдалы құралы бар толыққанды жұмыс істейтін халықаралық ұйым ретінде қалыптасты» деген тұжырымымен бөлісті. Профессор Түркі кеңесінің жарқын болашағы үшін бірігіп жұмыс істеудің маңыздылығын да ерекше атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі