Жаңалықтар

ҚазҰУ-да жас тілшілер форумы өтті

30.04.2021

Жыл сайын сәуір айында ҚазҰУ журналисика факультетінде жас тілшілер шығармашылық бағын сынайтын Жас тілшілер форумы өтеді. Бұл – бала арманын кәсіби мақсатына жетелейтін, жас өрендер жыл сайын асыға күтетін ерекше шара. ҚазҰУ журналистика факультеті бұл шараны биыл елу алтыншы рет ұйымдастырып отыр. Биыл «Журналист болғың келе ме?» республикалық мектеп оқушылары арасындағы шығармашылық байқауына жүзден астам жұмыстар қабылданды.

Форумның ашылуында «Ұлан» балалар мен жасөспірімдер республикалық газетінің Бас редакторы Жадыра Нармаханова «Ұландық» жас тілшілердің тақырып таңдау, материал жазудан бастап, газет шеберханасына дейінгі үрдісті баяндады. Балалар мен жасөспірімдердің республикалық «Ақжелкен» журналының Бас редакторы Есей Жеңісұлы жас тілшілердің мектебі туралы әңгімелер берді. Жас тілшінің қалыптасатын ұясы, әрине, мектеп. Болашағын журналистикамен байланыстырған талай жастардың ұшқан ұясы, Алматыдағы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернаттың директоры Роза Сексенова жас тілшілерге сәттілік тіледі. Жас тілші неден бастау керек, қандай сұраққа жауап іздеуі керек, деген мәселелер бойынша Словакия Ғылым Академиясының Жобалау институты, PhD, профессор Владимир Вацичин мен Колумбия университетінің профессоры Гүлнар Кендірбай сияқты ғылыми медианың көрнекті өкілдері тәжірбилерімен бөлісті. «БАҚ Media Group» ЖШС-ның директоры, тележүргізуші Мақсат Толықбай жас өрендерге журналистикадағы адалдық пен принцип туралы, «Азаттық радиосының» тілшісі, Халықаралық олимпиада комитетінің репортері Руслан Меделбек халықаралық репортерге қойылар талаптар мен пайдалы кеңестерін айтты. Танымал блогер Яков Фёдоров журналист үшін саяхат пен іссапарға жиі шығу керектігін, журналистік зерттеулерді жүргізудің әдістері жайлы, «Қазақ радиосы» дикторы Мұхамед Әли Болатұлы журналист үшін радионың сарқылмас күші мен шығармашылық мүмкіндігін әңгімелеп берді.

Жарты ғасырлық тарихы бар «Жас тілшілер» форумының шежіресі мол, дәстүрге бай. Алғашқы республикалық «Жас тілшілер» слеті 1975 жылының мамыр айында Орталық Комсомол Комитетінің ұйымдастыруымен өтті. Ол кезде Қазақстан Республикасының Орталық Партия Комитетінің Насихат және үгіт бөлімінің басшысы Қуаныш Сұлтанов болатын. Бұл шараның тұрақты ұйымдастырылуына О.Сүлейменов, Ф.Оңғарсынова, Д.Стамбеков, Ш.Смаханұлы сияқты танымал ақын-жазушылар улес қосты. Соңғы жиырма жылда «Жас тілшілер» форумы жаңа форматта, заманауи үлгіде өтуде.

«Жас тілшілер» форумында ең үздік шығармашылық жұмыстар марапатталды. «Ең үздік жас тілші – 2020» қорытындысы бойынша бас жүлдеге «Ұлан» газетінің жас тілшісі Айсұлу Съезханның жұмысы лайық деп танылды. Танымал жас тілшілеріміздің қатарында: Қанат Әуесбай, Руслан Меделбек, Досжан Балабекұлы, Алпамыс Файзолла, Думан Смақов, Ақбота Мұсабек, Айзада Жайыққызы, Жадыра Аққайыр, Ақниет Аманжолқызы, Назерке Сәндібек, Назерке Жайлау, Мейіржан Жылқыбай, Елдос Тоқтарбай, Дана Маратова, Мадина Оқас, Алмабек Ибраимов, Назым Сапарова және т.б. дарынды журналист, медиа мамандар бар.

«Ұлан» газетіне алғысым шексіз! Балалар басылымы бізді үлкен өмірге жетеледі, ҚазҰУ-да білім алуымызға себепкер болды. Сондықтан, мен үшін «Ұланның» орны ерекше!», дейді жас тілші, философия кафедрасының PhD ғалымы Досжан Балабекұлы. «Ұлан» газетінің жас тілшісі Айсұлу Съезхан: «Жас тілшілерге айтарым, әрқашанда ізденіңіздер, оқыңыздар және жазыңыздар», деген тілегін жеткізді.