Жаңалықтар

Мерекелік көрме өтті

05.05.2021

Әл-Фараби кітапханасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге тарихи-патриоттық тақырыптағы деректі архив материалдары, газеттер мен кітаптар қойылды. Олар қан майданда шайқасқан жауынгерлердің Отан үшін жасаған жанқиярлық ерліктері жайлы сыр шертеді.

Әл-Фараби кітапханасының директоры Қалима Туенбаева көрмеде Жеңіс күнін сыйлаған жауынгерлердің ерлігі туралы сирек басылымдар мен әдебиеттер қойылғанын атап өтті. «Бұл күн әр отбасының, әр адамның тарихымен мәңгі байланысты. Жеңістің құны арзанға соққан жоқ, сондықтан біз оны қастерлеуіміз керек. Ұлы Отан соғысы және оның батырлары туралы кітаптар ұрпақ жадында тарихтың сақтаушысы болып қалады», деді Қалима Төлеубайқызы.

Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне арналған көрме 12 бөлімнен тұрады. Солардың бірі – «Соғыс жылдарындағы газеттер парағы» көрмесі. Бұл 1941-1945 жылдары Әл-Фараби кітапханасында сақталған «Социалистік Қазақстан», «Правда» газеттерінің беттерінде жарияланған құжаттар мен мақалалардың көлемді жинағы.


Тағы бір бөлім 1941-1945 жылдары шыққан сирек басылымдар топтамасына арналған. Ондағы кітаптар соғыс кезінде Қазақстанның Мемлекеттік біріккен баспаханасында басылып шығып, «Ұлы Отан Соғысының Батырлары» сериясымен жарық көрді.

Көрме ұйымдастырушылары тілге тиек еткендей, соғыстың ауыр кезеңдеріне және қиын жылдарға қарамастан, майдан мен тыл үшін ең қажетті әдебиеттерді басып шығару үзіліссіз жүзеге асырылды. Олар сұрапыл соғыс кезінде адамдардың бойында патриотизм мен жеңіске деген сенімді тәрбиелеп, үрейді жеңуде маңызды рөл атқарды.

Көрменің әрбір бөлімі ерекше әрі өзекті. Мұнда келген әрбір жан өзіне керекті, қызықты құжаттық фактілер, соғыс туралы әдебиеттер, очерктер, куәгерлердің естеліктері, тарихшылардың мақалаларын және тағы басқа құнды дүниелерді таба алады.

Жауынгерлердің көпшілігі көзсіз ерлік көрсетіп, Жеңіс күнін жақындатуға зор үлес қосты. Қазіргі ұрпақ оққа қарсы кеудесін тосқан жауынгерлерді ризашылықпен еске алады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да осы маңызды оқиғаға ерекше көңіл бөлінеді. Бір кездері 287 оқытушы мен студент университет табалдырығынан майданға аттанған еді.

Біз барлық қорғаушыларымызға, ардагерлерге және бүгінде біздің жанымызда жоқ жандарға бейбіт күн үшін қарыздармыз. ҚазҰУ баспасы олардың ерліктерін тарихта мәңгі сақтау мақсатында 10 жылдан бері білім және ғылым саласындағы соғыс және тыл ардагерлері, жазушылар, ғалымдар мен мұғалімдер туралы кітаптар сериясын шығарып келеді.

Барлығы 344 кітап ұсынылған көрме жұмысы апта соңына дейін жалғасады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі