Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаевты қабылдады.
Қадірменді қонақ ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың халықаралық бастамаларын ілгерілетуге бағытталған орталық жұмысы туралы кеңінен әңгімеледі.
Сонымен қатар көрнекті қоғам қайраткері ҚазҰУ-да дін саласы мамандарының даярланатынына тоқталып, ел игілігі жолындағы қызметте бірлесе жұмыс істеу ниетін жеткізді.
Оқу орнының басшысы өз кезегінде дінтану саласы ғана емес, халықаралық қатынастар бойынша да өзара әрекеттестік орнатудың зор әлеуетін атап өтті.
Тараптар мәдениеттер мен өркениеттердің рухани бірлігі мәселелерін талқылай келе, өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді.
Сондай-ақ жүздесуге Н.Назарбаев орталығы негізінде жұмыс істейтін Діни ахуалды талдау және діни сараптама институтының басшысы Ержан Байбол қатысты.
Ынтымақтастық аясында діни зерттеулер бойынша өзара ақпарат алмасу, орталықта студенттердің тәжірибеден өтуі сынды мәселелер талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі