Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!
Сіздерді қасиетті Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жақсылықты дәріптеп, ізгілікті насихаттайтын мейірімділікке толы мейрам мүбарак болсын!
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің елімізде Ораза айт діни сеніміне қарамастан күллі қазақстандықты біріктіре түседі. Осы дәстүрлерді одан әрі нығайту, адамгершілік құндылықтарды бағалай білу маңызды. Бұл – Қазақстанның тұрақты және сенімді дамуының негізі» деп атап өткен болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Адамгершілікке, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиетті Рамазан айының аяқталуы – күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке. Ораза айт күндері әр мұсылман туған-туыстары мен бауырларына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өзінің рухани дамуына зор мән береді» деп игі істер адамдарды ортақ мақсатқа жетелейтінін жеткізді.
Ендеше, отыз күннің берекесі халқымыздың ырыс-несібесін арттырып, жүректеріне шуақ сыйлағай!
Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған еліміздің
ынтымақ-бірлігі нығайып, әрбір отбасында қуаныш пен шаттық орнасын!
Сынақ тапсыруды бастаған барлық студенттерге сәттілік және жоғары көрсеткіш тілеймін!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев