- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ мен Шанхай университеті арасында әріптестік дами бермек
15.06.2011Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Шанхай университетінің ректоры Ю Синг Вэймен кездесті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тек Қытайда ғана емес бүкіл әлемге танылған оқу ордасы екендігін айтқан ректор, қытайлық әріптестерімен ШЫҰ аясында әріптестікті дамыту, халықаралық байланысты кеңейту одан әрі жақсы өріс алғандығын тілге тиек етті.
Екі жақты еларалық тығыз қарым-қатынастың дамуы университетер арасында ғылым, білім, зерттеу жұмыстары саласында да жоғары байланысты қажет ететіндігін баяндады. ҚазҰУ бүгінде ұлттық зерттеу университетіне айналу жолында екендігін, сонымен бірге білім шаңырағына атқарылып жатқан толағай еңбектермен таныстырды. Бұл бағытта ҚазҰУ шетелдік профессорларды дәріс оқуға шақыруды кеңейтпек. Ұлттық университетке айналу жолында билік тарапынан да, мемлекет тарапынан да қолдау көп екендігі айтылды. Қазақстандағы көшбасшы білім ордасының тыныс-тіршілігімен қанық болған қытайлық әріптестер Шанхай университетінің қызметіне тоқталды.
- әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азияда да кеңінен танымал, көшбасшы білім шаңырағы деп танимыз. Шанхай университетінде ҚазҰУ-дың оқытушылары, сіздерде маманданған кадрлар жұмыс істейді. Олар бүгінде жетекші, ірі оқытушы-профессорлар қатарын толықтырып отыр. Бұл екі университет арасындағы байланыстың бастау алғаны ұзақта жатқандығын көрсетеді. Біздің университет ел дамуына үлес қосатын, қоғамға қажетті маман-кадрлар дайындауға баса көңіл аударады, - деді Шанхай университетінің ректоры Ю Синг Вэй.
Сонымен қатар Шанхай университеті 24 факультет негізінде 40 мыңдай студент оқытып жатқандығын, 80-нен аса әлемнің танымал ЖОО-ларымен әріптестік байланыс орнатқандығын айтты. Қытайлық университетте 3000 шетелдік студенттер дәріс алса, шетелдік оқытушы-профессорлар саны 100-ге жетеді. Гуманитарлық, жаратылыстану факультеттерімен қатар өнер саласындағы мамандықтарда да білімгерлер оқытады. Өз университетінен ақпарат бергеннен кейін Шанхай университетінің ректоры Ю Синг Вэй білім, ғылымның қай саласында болсын ҚазҰУ-мен әріптестік орнатуға дайын екендіктерін айтты. Екі жақты студенттер алмасып оқыту, оқытушы-профессорларды ғылыми өтілімге, тәжірибе алмасуға қабылдауға әзір екендіктерін және қос диплом бағдарламасы шеңберінде кадр даярлауды ұсынып, байланысты қолдайтындығын жеткізді. Мұндай ұсыныстарды қабыл алған ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов шетелдік жоба-ұсыныстарды атқару үшін университетте әлеуеттің жоғары екендігін, жағдай жетерлік екендігін айтты. Ол үшін білім ордасында халықаралық қатынастар факультеті, шығыстану факультеті және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі департамент тыңғылықты жұмыс істеп жатқандығын жеткізді. Алда ұсыныс-жобалардың жүзеге асуын, қызмет етуін тіледі.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі