Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздарына сертификаттар тапсырылды

17.06.2011

17 маусым күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде байқау жеңімпаздары отандық ғалымдарға сертификат табыстау рәсімі өтті. Бұл жоба ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Технология коммерциализациясы» әлемдік банкінің қолдауымен өтті.

Бұл жобаның мақсаты әр саладағы мамандықтар бойынша ғалымдардың зерттеулерінің коммерциялық маңызы мен ғылыми жетістіктерін көрсету болған.

Бір апта бойы АҚШ, Германия, Сауд Арабия, Ресейден келген халықаралық сарапшылар қазақстандық ғалымдардың өтініштерін қарады. Нәтижесінде 1 кезеңде жас ғалымдарыдың 5 жобасы және аға буын ғалымдардың 5 жобасы қаржыландыруға ие болды.

Бүгін ғылым және жобаны коммерциализациялау кеңесі байқаудың нәтижесін жариялады. ҚР Үкіметінің және бүкіләлемдік банктің грантын қазақстандық 10 ғалым – инновациялық жоба авторлары иеленді. Байқау жеңімпаздарына сертификатты ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов табыс етті.

2005 жылдан бері іске асып келе жатқан байқауға қатысушыларға М.Орынханов алғыс білдірді. «Еліміздің ғылыми-зерттеу жағынан алғашқы қадам жасағандарыңызға мен қуаныштымы. Осы жоба іске асуы үшін көп тер төгілді, бүгінгі жетістік соның бекер еместігін көрсетеді. Сіздердің тәжірибелеріңіз ел экономикасын дамытуға қызмет етсе, біз үнемі қолдауға дайынбыз. Инновацияның дамуы – біздің артықшылығымыз бен басымдылығымыз», - деді вице-министр.

Ғылым және жобаны коммерциализациялау халықаралық кеңесінің төрағасы Гленн Швайцердің айтуынша, бірінші кезеңге еліміздегі барлық ғылыми орталықтардан жалпы 400 жоба қатысқан, бұлардың ішінен 335-і таңдалып алынды. Іріктеу үрдісі күрделі болғандықтан 6 айға ұласқан. Ғылыми жобалардың жеңімпаздарын анықтау тұңғыш рет қазақстандық мамандардың қатысуынсыз халықаралық сарапшылар деңгейінде қарастырылып отыр.

Ғылыми-техникалық жобаға қойылған басты талап Қазақстанның экономикалық дамуына зор үлес қосу әлеуетіне ие болу.

Байқау қатысушыларының басым көпшілігі Алматы және Астана қалаларынан болды. Сондай-ақ, ГФР, Италия, Латвия, Ресей және Өзбекстан өкілдерінің жұмыстары да қарастырылды.

Ғылыми зерттеу жұмыстары көбіне ауылшаруашылық (86), фармацевтика және биотехнология (83) және нанотехнология (83) салаларына жасалынған.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі