Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Студенттер құрылыс жасағы кезекті маусымдық жұмысын бастады.
Университеттің 120 студентінен құралған СҚЖ биыл 1-ші маусымнан бастап ҚазҰУ қалашығынын тазалау, гүл егу және қалашықтағы ғимараттарды жөндеуден өткізу жұмыстарына белсене араласып кетті. Оларға университетет басшылығы тарапынан жағдайлар жасалынған. Студенттер құрылыс жасағының жауынгерлері 3 мезгіл тегін тамақ, жайлы жатақхана және айлық жалақымен қамтамасыз етілген.
Кезінде 1963 жылдары жастарды еңбекпен баулуға зор үлес қосқан Студенттер жасағы 2002 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басшыларының қолдауымен қайта жанданды. Көшбасшы университет бұрынғы қалыптасқан игі дәстүрді қайта жандандырып, СҚЖ ұландарын қайта сапқа тұрғызды. Жауынгерлер алдына маңызды міндеттер мен айқын мақсаттар қойды.
Студенттік құрылыс жасақтары ҚазҰУ қалашығының, Алматы қаласының абаттануына, таза мекенге айналуына айтарлықтай ат салысып, табандылығымен татымды іс тындырып, еңбектің арқасында маңдайдан мардымды тер төгіп келеді. Олар тазалықты насихаттаумен қатар, мәдени іс-шараларда да белсенділік танытуда. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында жастардың демалуы үшін арнайы жазғы далалық сахна ашылып, думанды кеш өтті. Ғабит Мүсіреов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына барып қойылымдар тамашалауды әдетке айналдырды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі