- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Базбек ДАВЛЕТОВ: Ең бастысы – не қалайтыныңды білу және соған ұмтылу
17.05.2021Ел жоғары оқу орындарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі – Отандық ғылымды, білім мен жоғары технологияларды қолдау. Газетіміздің «Кемел» айдары бойынша кейінгі ұрпаққа өсиет болатындай ой айта алатын ұстаздармен, ғалым-профессорлармен, оның ішінде шет елдерден университетке арнайы шақыртылған мамандармен кең ауқымды сұқбат құру көзделген.
Әлемдік ғылыми негіздің көп бөлігі бүгінде АҚШ пен Еуропаның жетекші елдерінде шоғырланғаны белгілі. Бұл елдерде шетелдік дарынды постдоктар мен аспиранттарды тарту және білім беру үшін барлық жағдай жасалған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми серіктестікті дамыту үшін білім ордасына шетелдік танымал ғалымдарды шақыруда. Биология және биотехнология факультетінің Биофизика, биомедицина және нейробиология кафедрасы Шеффилд университетінің профессоры, Англияның құрметті нейробиологы Базбек Давлетовпен байланыс орнату арқылы одан әрі ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Университетімізде Республика мен бүкіл Орталық Азия аймағында алғашқы болып, «Неврология» мамандығы ашылды. Осы ғылыми бағытты аса көрнекті және әлемге әйгілі нейробиолог ғалым, профессор Б.Давлетовпен бірге дамытуға мүмкіндік туып отыр. Биохимия ғылымдарының докторы, профессор, Кембридж Орталық институтының Молекулалық биология зертханасының меңгерушісі Базбек Давлетов Ұлыбританиядан Алматыға ғылыми ынтымақтастықты талқылау мақсатында арнайы келді. Ол бірлескен ғылыми жобаларды дайындау туралы ойымен бөлісіп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары мен PhD докторанттарының ғылыми кеңесін өткізді. Кембриджге қайта оралар алдында Базбек Давлетов «Қазақ университеті» газетіне арнайы сұхбат берді.
– Базбек Абубакирович, өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз: білім дәрежеңіз, нақты қай жерде жұмыс істедіңіз?
– 7-сыныпқа дейін Қырғызстанның Бішкек қаласында №4 мектеп-интернатта оқыдым, ал 8-сыныптан бастап физика-математикалық бағыттағы ең үздік мектептердің бірі №9 орта мектепке ауыстым. Сол кезде түрлі олимпиадаларға қатысып, жақсы орындарға ие болдым. Мәселен, математикадан екінші, физикадан үшінші орын алғанмын. Нәтижесінде мені бұрынғы КСРО-ның Азия аймағын қамтыған Новосибирск мемлекеттік университетінің физика-математика мектебіне шақырды. Ол жерде 10-сыныпты бітірдім. Мәскеу мемлекеттік университетінде оқу бала күнгі арманым еді, өйткені әкем сол университеттің түлегі болатын. Сол кездің өзінде мидың жұмысын зерттеу нақты мақсатым болды. Содан кейін биология факультетіне түсу туралы шешім қабылдадым. 1980 жылы ММУ-ге оқуға түстім, содан кейін екі жыл бойы М.Миррахимовтың кардиологиясында биохимиялық зертханада жұмыс істедім. Ол жер бүгінде институт деңгейіне жеткен. 1987 жылы тәжірибеден өту үшін Мәскеуге қайта оралдым, содан кейін зерттеуімді жалғастыру ниетімен аспирантураға түстім. Бұл уақытта Кеңес Одағының құлдырауы жақындап, батысқа қарай жол ашылған. Техастың Даллас қаласындағы беделді америкалық профессор (??? Аты-жөнін анықтау керек) менің жұмысыма қызығушылық танытты. Ол мидың молекулалық зерттеулерін жақсы білетін өз ісінің хас шебері. Ол мені өзінің қасына Далласқа шақырып, сол жақта үш жылдан кейін кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғадым.
Сонда тағы екі жыл оқығаннан кейін, зертхана меңгерушісі лауазымына көтерілу үшін Кембридждің Орталық институтына өтініш бердім. Ол – Ұлыбританияның молекулалық биология бойынша Медициналық кеңесі деп аталады. Бұл орынға 120 адам үміткер болғанына қарамастан, осыған дейінгі зерттеу жұмыстарым мен ірі ғылыми басылымдарда жарияланған еңбектерімді ескере отырып, мені бірден қызметке қабылдады. Содан бері осы институтта жұмыс істеймін. Бірнеше жылдық сынақ мерзімінен кейін маған өмір бойғы зертхана меңгерушісі лауазымы берілді. Бұл – ғылымның кез келген саласында өз зерттеулеріңді еркін жалғастыра аласың деген сөз.
– 800 жылдық тарихы бар Кембридж университеті – әлемдегі ең көне оқу орнының бірі. Аты дардай университетте қызмет атқару сізді қандай күйге бөлейді?
– Әрине, ол жерде қызмет ету мен үшін үлкен абырой. Кембриджде көбіне білім қуған жандар шоғырланғандықтан, бір-бірімізді толықтырып тұрамыз. Институтымыз «Молекулалық биологияның медициналық кеңесі» деп аталады. Біздің институт қабырғасында 12 Нобель сыйлығының лауреаты қызмет атқарды. Дәл сол жерде алғаш рет ДНҚ, антиденелер мен ақуыздар ашылды. Бұндай тың жаңалықтардың ашылуы ғалымдардың толықтай еркіндікті сезінуінің арқасында болды.
– Сіз не себепті тірі организмдерде түзілетін химиялық процестер мен заттарды зерттейтін биохимия ғылымын таңдадыңыз?
– Бастапқыда биохимияны емес, ми, жүрек және омыртқа саласындағы зерттеулерді таңдағанмын. Кардиолог-хирург болғым келді, бірақ әкем биология факультетіне түсуімді жөн көріп, ақылын айтты. Мен оның кеңесіне құлақ түрдім, өйткені біз мидың жұмысы туралы расында аз білеміз. Менің зертханам мидың молекулалық жұмысын, атап айтқанда жүйке жүйесінің таралуына жауап беретін мидың бес негізгі молекуласын зерттейді. Ақпаратты бір жасушадан екінші жасушаға тасымалдайтын молекулалар бар. Міне, біз сол үдерістің қалай жүретінін зерттейміз. Осы бір процесстің молекулалық негіздері толығымен анықталған кезде, тіпті компьютердің өзі де өздігінен бағыт-бағдар алып, шешім қабылдап әрі ойлана алатындай дәрежеге жетуі мүмкін. Жалпы, адам санасында молекулалардың шамамен 10000 түрі бар. Басқа да молекулалармен айналысатын зертханалар көп, әрине. Болашақта білімімізді біріктіре отырып, мидың толығымен қалай жұмыс істейтінін анықтайтын боламыз.
– Қазіргі таңда ми қызметін зерттеу саласында жұмыс істейтін ғалымдардың міндеттері қандай? Олардың күш-жігері қайда бағытталған?
– Қаржының көп бөлігі адамзаттың салауатты түрде ұзақ өмір сүруіне жұмсалуда. Бұл ең алдымен, кәріліктен болатын мидағы ауруларды зерттеуден басталады. Егде жастағы адамдардың көпшілігінің, яғни – 80 пайызының дені сау, ал олардың тек 20 пайызында қарттық аурулары бар. Бұл – оларды емдеуге болады деген сөз.
– Сіздің негізгі жұмыс бағытыңыз қандай?
– Жүйке ақпаратын беретін молекулалық негіздерді, сол ақпаратты беруге жауапты молекулаларды зерттеу. Жүйке жүйесінің аурулары онсыз да өршу үстінде. Сонымен қатар басқа да зерттеулер бар, мысалы, жанама бағытта бактериологиялық токсиндер мен ботулизмді зерттеу ғылымы.
Айтпағым, егер мұнда ең күшті деген у адам ағзасына түскен жағдайда, біз зерттеп жатқан молекулаларға да зиян келтіруі мүмкін.
– Кеңес заманында ғалымдар жайлы: «Ғылым – ғалымның жеке қызығушылығын мемлекет есебінен қанағаттандыру тәсілі», – деп айтылатын. Бұл сіз үшін солай ма?
– Асылы, солай! Бұл Ұлыбританияның Орталық институты болғандықтан, бізге толық еркіндік берілген. Мен жұмыс істейтін институт бізге нақты не істеуіміз керектігі туралы тапсырма бермейді, біз өз қалауымыз бойынша жұмыс істейміз. Институтқа әлемдегі ең мықты ғалымдарды қабылдайтындықтан, бізге барынша өте жақсы жағдай жасалған. Ғалымдардың көпшілігі келісімшарт бойынша, қатаң жағдайда жұмыс істейді.
– Яғни, егер сіз дәрі ойлап тапсаңыз, демек бұл сіздің қызметіңіздің жанама өнімі бола алады ғой?
– Дәл солай.
– Мәселен, сізді қандай да бір ірі компанияға қолданбалы ғылыми зерттеуге шақырды делік. Олар сізге: «Бізге осы бір уақытқа дейін дәрі жасап бер» десе келісесіз бе?
– Жоқ. Ғалымдардың тағы бір тобы бар, олар осы іспетті қолданбалы ғылыми зерттеулер мәселелерін шешумен айналысады. Ал біздің жұмыс – іргелі зерттеулер санатына жатады. Мысалы, менде ретті немесе жоспарлы жұмыс күні жоқ, әлдебір дүниені зерттеу үшін қай уақыт болса да өз еркімде.
– Осындай тақырыппен айналысатын тағы қандай ғылыми институт бар?
– АҚШ-та 10-ға жуық мықты ғылыми институт бар, ал Еуропада 5-еу. Өкінішке қарай, ТМД елдерінде, тіпті Ресейде де мұндай деңгейдегі институт жоқтың қасы.
– Ал қаржыландыру жағы қалай болады?
– Бізге мемлекет төлейді, яғни зерттеулер салық төлеушілердің есебінен жүргізіледі. Біздің институт Үкіметпен тікелей байланысты құрылым. Ал Кеңес деп неге аталады десеңіз, үкіметпен байланысты болғандығы үшін солай аталады. Зертхана басшысына министр деңгейіндегі лауазым беріледі. Ол жақта бірінші дәрежеде – патшайым мен премьер-министр болса, ал мен институт басшысы ретінде екінші дәрежедемін. Бұл біз бірдей артықшылықтардан пайдалана аламыз дегенді білдіреді. Мысалы, патшайымның туған күні біз үшін демалыс күні. Бізге «Рыцарь» дәрежесін де тарту етеді. Зертханада 10 шақты ғалым «Рыцарь» атағына ие.
– Соңғы сұрақ: біздің жас ғалымдарға, студенттерге және жалпы газетіміздің оқырмандарына айтар тілегіңіз қандай?
– Студенттерге айтарым – қолдарыңда бар нығметтердің қадірін дер кезінде біліп қалыңдар. Жастарға ағылшын тілін үйрену керек. Бүгінгі мүмкіндіктеріңді баспалдаққа айналдыра отырып, болашақ армандарыңа жетулеріңе тілектеспін! Ол үшін жастарға барлық жағдай жасалған. Аспанымыз ашық, көңіліміз көктемдей жарық болсын!
– Әңгімеңізге рахмет!
ӨМІРБАЯНЫ:
Шеффилд университетінің профессоры (АҚШ), Кембридж университетінің құрметті нейробиологы (Англия) Базбек Абубакирович Давлетов 1963 жылы Фрунзе (Бішкек) қаласында дүниеге келген.
1980 жылы М.В.ЛОМОНОСОВ атындағы ММУ-дың биохимиялық факультетіне түсті. Содан соң екі жыл бойы Бішкек қаласындағы М.Миррахимовтың кардиологиясында биохимиялық зертханада жұмыс істеді. 1987 ж. Мәскеуге тағылымдамадан өту үшін қайтып келіп, содан кейін зерттеулерін жалғастыру үшін аспирантураға түсті.
Қайыржан Төрежанов