Жаңалықтар

«ҚАЗАҚ УНИВЕРСИТЕТІ» ГАЗЕТІ ҚАЙТА ТҮЛЕЙДІ

21.05.2021

Құрметті оқырман!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың төл басылымы – «Қазақ университеті» газетінің тарихы 1948 жылдан басталады. Газеттің негізгі бағыты – университеттегі басты жаңалықтармен, қоғамдық-саяси, тәлім-тәрбиелік маңызы бар іс-шаралармен, оқу-әдістемелік жұмыстармен білім ордасының қызметкерлерін, ұстаздар мен студенттерді таныстырып отыру. Сонымен қатар университеттегі жазуға бейімі бар студенттердің шығармашылығын насихаттау.

ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың тікелей қолдауымен «Қазақ университеті» газетінің редакциялық құрамы толықтырылып, бүгіннен бастап жаңа құраммен жұмысын жалғастырады.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі иегері Гүлнар Жұмабайқызы «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы қызметіне кірісті.

Редакция ұжымы алдағы уақытта бірқатар жоба-жоспарды жүзеге асыруды көздеп отыр. Университет ғалымдарының ғылыми жаңалықтары мен инновациялық жобаларын тұрақты таныстырып отыру – басты нысанда. «Маңызды мезет» айдарымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған материалдар топтамасы ұсынылады. Онда білім ордасының ел егемендігіне қосқан үлесі сараланып, бағындырған белестері баяндалады. «Жастар инновациясы» айдарында ҚазҰУ-да білім алып, жұмыс істеп жатқан жас ғалымдар жаңалығымен бөліседі. «Кемел» айдарымен кейінгі ұрпаққа өсиет айтар алдыңғы толқын ғалым-профессорлармен, оның ішінде шет елдерден университетке арнайы шақыртылған мамандар және меценаттармен кең ауқымды сұқбаттар жасалады. «Менің университетімде» білім ордасының танымал түлектері студенттік шақтағы жылы естелігі мен қол жеткен жетістіктері жайлы әңгімелейді. «Көкжиекте» ҚазҰУ және шетелдік білім ордаларымен байланысты түрлі бағдарламаларды студенттерге таныстырып отыру көзделген.

Сонымен қатар Әл-Фараби кітапханасы мен ҚазҰУ мұражайындағы көне жәдігерер мен қолжазбалар және кәдесыйлар таныстырылады.

Қайта түлеген «Қазақ университеті»­ ­– сенімді серігіңізге айналсын!