- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ сарапшылары отандық екпе сертификатын дайындады
21.05.2021Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ковидке қарсы отандық екпе құжаттарын дайындау және халықаралық сертификациялауға үлес қосқан бірқатар ғалымдар марапатталды.
ҚР БҒМ Ғылым комитетінің жұмыс тобы құрамына енген оқу орнының оқытушылары 12-30 сәуір аралығында екпе бойынша құжаттарды саралап, клиникалық зерттеу қорытындыларын рәсімдеуге қатысты.
Салтанатты кездесуде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры м.а. Қанатбек Мұқанов ғалымдарға нәтижелі еңбектері үшін алғыс білдірді. Пандемия барша әлемнің қалыпты өміріне көп өзгеріс әкелгенін тілге тиек ете келе, университет мамандарының осындай сын сағатта жоғары талап үдесінен шыға білгенін атап өтті.
Өз кезегінде ғалымдар отандық екпе жасап шығарудың айтулы жетістік екеніне тоқталды. Ел өміріндегі аса жауапты міндетті атқаруға атсалысу үлкен жауапкершілік әрі зор мақтаныш екенін жеткізді. Сонымен қатар мамандар жұмыс барысында жиған тәжірибелерімен бөлісіп, университет басшылығына ғылымға деген қолдаулары үшін ризашылық танытты.
Атап өтсек, университет жолдамасымен ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтына Іргелі медицина кафедрасының оқытушысы Айдана Әміренова, халықаралық бағдарламалар орталығының маманы Адина Сәлімбаева, Тұрақты даму институтының жетекші маманы Бибіназ Альманова, Биотехнология кафедрасының оқытушылары Азамат Ізмұқан мен Марат Амангелдин, Дипломатиялық аударма кафедрасының оқытушылары Роза Рахимбаева мен Жансая Жұмалиева, эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының аға оқытушысы Ақылбек Сақтаповтар жіберілді.
Ал Алматы қаласының №4 қалалық емханасында Іргелі медицина кафедрасының оқытушылары Балжан Айдашова, Камила Жұмағалиева, Арай Қағарманова, Клиникалық пәндер кафедрасының доценті м.а Айнаш Алтаева, Молекулалық биология және генетика кафедрасының аға оқытушысы Айжан Жүсіповалар еңбек етсе, Дипломнан кейінгі білім беру көпсалалы емханасының жұмыс тобы құрамында Іргелі медицина кафедрасының оқытушысы Арай Үсенбаева, Биотехнология кафедрасының оқытушылары Анель Өмірбекова мен Ардақ Кәкімова, экологиялық мәселелер бойынша ҒЗИ директорының орынбасары Әлия Ерназаровалар болды.
Университет қызметкерлеріне отандық екпе бойынша құжаттарды дайындау және сертификациялаудағы адал еңбегі, белсенді азаматтық ұстанымдары үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталып, арнайы сый-сияпат көрсетілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі