- Негізгі бет
- Жаңалықтар
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Егемен Қазақстан» газетінің күндері өтті
15.12.2008Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының ішінде тамыры тереңге жайылған алып бәйтерек - ҚазҰУ бүгінгі күнге дейін атадан балаға мұра болып қалған үлкен істерді атқарып келеді. Заман ағымына сай жаңа талаптарға да жауап береді. Сондай шараның бірі - университет қабырғасында алғаш рет ұйымдастырылған «Егемен Қазақстан» газетінің күндерін» ерекше атап өтуге болады.
Маңызды оқиғаға деген дайындық жұмыстары «Егемен Қазақстан» журналистерінің шеберлік-мектептерін өткізуімен басталды. Қараша айының соңында университетте газеттің жаңа келбеті, жұмыстың дәстүрлі әдістері мен пішіндеріне арналған студенттердің ғылыми конференциясы өткен болатын. Журналистика факультетінде «Егемен Қазақстан» газетінің баяндамалы, тарихи-тақырыптық көрмелері дайындалды. Ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты - тәжірибе мен теорияны байланыстыра отырып студенттер мен майталман журналистердің қарым-қатынасын нығайту еді.
Қонақтарды журналистика факультетінде күтіп алды. Жарты сағатқа созылған таныстыру қызықты өтті. Газет ұжымы жылы шырай білдіріп, студенттік жылдарды еске алды.
Кездесу әрі қарай ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңес залында жалғасты. Модератордың шеберлігін танытқан университет басшысы Б.Т. Жұмағұлов «Егемен Қазақстан» АҚ Президенті Сауытбек Әбдірахмановпен жүздесіп, қонақжайлылығын білдірді.
ҚазҰУ ректоры алғы сөзінде жас журналистерге үлкен үміт артып, сапалы білім беруге бар жағдайды жасайтындығын айтты.
- Журналистика факультетінің студенттері теория мен тәжірибені ұштастыра отырып жұмыс істегені абзал. Сондықтан осы бас қосуда жылдар бойы қаламы төселген білікті мамандарды көмекке шақырдық, - деді Бақытжан Тұрсынұлы.
- Газеттің алғашқы сандары 38 мың данамен шыққан. Жыл сайын бұл көрсеткіш 2-3 есе артып, бүгінгі таңда 135 мыңға жеткен. Газет пішіні, ақпараттар ағымы талай өзгерістерге ұшырап, жүйеленіп отырды. Біз ресми ақпараттармен бірге қазақ зиялы қауымының авторлық материалдарын да жариялап тұрамыз. Аз болса да сыни мақалаларды бұқараға ұсынып, танымдық материалдарды көптеп жариялап тұруға тырысамыз. Айтайын дегенім, журналистке ең алдымен дұрыс ойлай білу керек. Саннан гөрі сапаға көбірек назар аударғанымыз жөн. Ал оған жету үшін адал еңбек ету керек, - деді Сауытбек Әбдірахманов студенттермен сырласа келіп.
Салтанатты кездесу барысы екіжақтың арнайы меморандумға қол қоюымен аяқталды. Бұл келісім мемлекеттің ұлттық университеті мен ұлттық газеттің қызметтестігін куәландыратын болады. Келісімге сәйкес журналистика факультетінің студенттері «Егемен Қазақстан» газетінің жастарға арналған айдарын әзірлеуге көмектесіп қана қоймай, ең үздіктері редакция ұжымында тәжірибе жинақтауға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар екіжақтың ұйымдастыруымен ортақ акцияларды өткізу де жоспарланып отыр.
Б. Жұмағұлов ҚазҰУ-дың атынан редакция ұжымына күміс медальдары мен шағын сый-сияпаттарын сыйға тартты.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі