Жаңалықтар

АЛЛА ЕЛШІННІҢ ЖҰМБАҒЫ АШЫЛДЫ

26.05.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Алла – Диордың шығыс маржаны» деректі фильмінің бас продюсері, экономика ғылымдарының докторы, дипломат Берлин Иришевтің «ДИОР музасы. Алла Елшіннің ашылмаған жұмбағы» (L’Enigme d’ALLA. Muse de DIOR) кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.


«Париждің сәні мен әсемдігі» деп аталған онлайн шарада Басқарма төрағасы – ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс, саясаттанушы Досым Сатпаев, белгілі қоғам қайраткерлері, мәдениеттанушылар, оқытушылар және студенттер қатысты.

Білім ордасының басшысы өз сөзінде автор ұсынып отырған кітапта бір ғана кейіпкердің тағдыры емес, ХХ ғасырдағы тарихи оқиғалар кезіндегі әйелдердің рөлі, үлесі қамтылғанын атап өтті.

Соғыстан кейінгі жылдары жоғары сән әлемін бағындырған Алла Елшінмен жан-жақты таныстырған Берлин Кенжетайұлы Иришевке алғыс білдіріп, автордың қоғамдық-саяси ортадағы сіңірген еңбегіне тоқталды.


Берлин Кенжетайұлының өз Отанының нағыз патриоты екенін айта келе, ғылым және жоғары білім саласының дамуына сіңірген еңбегі үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Құрметті профессоры атағы берілетінін жеткізді. Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады.

Ұйымдастырылған шараға ризашылық білдірген Берлин Иришев: «Жалпы әлемде Сән падишалары  туралы аңыз көп. Бірақ халық тек деректі құжаттарға ғана сенеді. Біз тарихи мәліметтерге назар аудардық. Алланың  өмірі туралы фактілерді жинау оңай болған жоқ. Соған қарамастан,  зерттеуді тоқтатпаған шығармашылық топ Алла Елшін туралы  естеліктер мен ақпараттарды іздеп табуда қыруар жұмыстар атқарды», - деді.

Қазақстандық дипломат өз кітабында қазақ-орыс текті сән әлемінің падишасы Алла Елшіннің таңғажайып тағдырын суреттей отырып, ұлы француз киім модельері Кристиан Диорға ұмытылмас ерекше әсер қалдырғанын баяндайды. Автор алғаш рет Алла Елшіннің өмірі мен мансабы туралы сирек кездесетін ақпарат, отбасылық мұрағаттан алынған сирек фотоматериалдар, жалғыз ұлының естеліктері, халықаралық өнертанушылардың сараптамалық пікірлері және әкесі Қуантхан Елшіннің қазақ екенін растайтын дәлелдерді топтастырған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі