- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Жастар жаһандық мәселелерге үн қосты
27.05.2021Еліміздің жетекші оқу орны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Дүниежүзілік мәдени әртүрлілік күніне арналған «Жаңа Жібек Жолы – БҰҰ Моделі» халықаралық конференциясы өтті.
«Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша ұлттық бастамалар» атауымен өткен ауқымды шара БҰҰ ақпараттық бюросы мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің қолдауымен жүзеге асты.
«Жаңа Жібек жолы – БҰҰ Моделі» конференциясы ҚазҰУ-да 2013 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл студенттер мен жоғары сынып оқушыларына арналған халықаралық жоба. Олар өз елдерінің дипломаттары ретінде қатысып, БҰҰ жұмысын үйлестіреді. Биылғы жылы іс-шараға әлемнің әр бұрышынан 150-ден астам шетелдік студент пен мектеп оқушысы, сондай-ақ беделді сарапшылар, БҰҰ мен дипломатиялық орта өкілдері қатысты.
Жоба жастардың назарын қазіргі заманның жаһандық мәселелеріне аударуға, әлем туралы біртұтас көзқарас қалыптастыруға, талдау дағдылары мен зерттеу жұмысын және мәдениетаралық коммуникация мен диалог құру арқылы шиеленістерді еңсеру қабілетін дамытуға бағытталған.
Форум қатысушыларына ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз арнады. Ол өз сөзінде 1992 жылдан бастап Қазақстанның БҰҰ жүйесіне интеграцияланғанын және бұл қадамның еліміздің сыртқы саяси міндеттерін іске асыруда маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Оның нәтижесінде еліміз маңызды халықаралық бастамаларды ұсына отырып, әлемдік қауымдастықта лайықты орнын алғанына тоқталды.
Оқу орнының басшысы: «Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. ҚазҰУ БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабы ретінде оның қызметінің барлық салаларында белсенділік танытып, бейбіт бастамаларын дамытуға өз үлесін қосуда. «Жаңа Жібек жолы – БҰҰ Моделі» – бұл жастардың тұрақты және баянды бейбітшілік құруға қосқан үлесі» деп баға берді.
Қазақстандағы БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек өз сөзінде «Жаңа Жібек Жолы – БҰҰ Моделі» халықаралық жастар коммуникациялық платформасын ілгерілетудегі ҚазҰУ рөлін ерекше атады. Сондай-ақ, ол студенттер жаһандық күн тәртібіндегі мәселелерді ойын түрінде талқылауға, пікірсайыстар мен ұжымдық шешімдер әзірлеуде жақсы тәжірибе жинауға тікелей қатысу арқылы БҰҰ жұмысын жобалауға тамаша мүмкіндік алатынын айтты. Сонымен қатар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әлемнің 20-дан астам елінің жас көшбасшылары мен спикерлері екі күн бойы бітімгершіліктің өзекті мәселелері мен адамзаттың тұрақты дамуының 17 мақсатын іске асыруды, жаһандық экономиканы қалпына келтіру шараларын және COVID-19 пандемиясы кезеңінде мұқтаж жандарға көмек көрсету, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және басқа көптеген мәселелерді талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі