Жаңалықтар

Түлектер күні тәрбиелік мәнімен есте қалу тиіс

29.05.2021

Түлектер күні тәрбиелік мәнімен есте қалу тиіс

 

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, бітіруші түлектері, магистрант, докторанттары!

 

Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағында 7 жыл бұрын қалыптасып, әр жылы мамырдың соңғы сенбісінде атап өтілетін «Түлектер күнімен» шын жүректен құттықтаймын.  

Білім ордасын бітіріп кеткен және енді ғана қолына диплом алғалы отырған түлектер үшін бұл күннің маңызы – алдыңғы толқынды үлгі ете отырып, кейінгі буынды бір мақсатқа жұмылдыру деп білемін.

Біздің басты міндетіміз – университет қабырғасында алған іліміміз бен кәсіби білігімізді ел дамуына жұмсау, қазақ білімі мен ғылымын әлемдік қауымдастық алдында таныту.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, «Тұғырлы мемлекетімізді ғұмырлы ету – біздің ортақ мүддеміз» болуы тиіс.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында көрсетілгендей, «Қуатты мемлекет және бәсекеге қабілетті ұлт» дәрежесіне көтерілу.

«Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деп ойланатын уақыт.

Сондықтан «Түлектер күні» – ағымдағы өте шығар бір күндік шара емес, салтанатты сәнімен қоса тәрбиелік мәнімен есте қалуы керек деп ойлаймын.

 

Құрметті әріптестер, түлектер!

 

Біз биылғы оқу жылында әлемдік пандемияның түрлі кедергілеріне қарамастан, 7 мыңға жуық түлекті өмір жолына үкілеп салмақпыз.

Оның 5 мыңға жуығы білім алушы студенттер болса, қалғаны магистрант-докторанттар.

Оқу орнынан қанат қаққалы отырған жас мамандардың көп ұзамай қоғамда өз орнын тауып, өз сүрлеуін саларына сенімім мол.

Түрлі салада еңбек етіп, қайраткер тұлғаға айналып, мерейтойлық кездесуге онлайн қатысып отырған азаматтарға

ыстық ықыласым мен арнайы құттықтауымды жеткіземін.

ҚазҰУ-дың атын шығарып, мерейін тасытып жүргендеріңіз үшін мың алғыс!

Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми басқаратын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түлектер

Қауымдастығына альма-матерге деген жанашырлығы мен қолдаулары үшін ерекше ризашылығымды білдіремін.
Жолың болсын, жас маман!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры

Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев