- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Тарихи әділеттілікті орнату – бүгінгі қоғам міндеті
31.05.2021Мемлекеттің заманға сай дамуы экономикалық және саяси жағдайымен ғана емес, мәдени тәжірибесімен де танылады. Осы орайда ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы әкімшіл-әміршіл жүйенің қыспағына ұшырап, жазықсыз жапа шеккен ел азаматтарының есімін естен шығармағанымыз абзал.
Олардың әрқайсысы қазақ елінің ұлт ретінде қалыптасуы үшін қалтқысыз қызмет етіп, сол жолда құрбан болды. Қайраткерлердің есімін халық жадында сақтау мақсатында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен 1997 жыл «Жалпыұлттық келісім мен саяси куғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу жылы» болып бекітілсе, 31 мамыр саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күні ретінде белгіленді.
Бүгін Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алу» күніне орай Үндеу жасады. «31 мамыр біздің тарихи жадымызда Отандық шежіренің ең қараңғы беттерінің біріне жатады» дей отырып, мемлекет басшысы өткен ғасырдың алғашқы жартысында миллиондаған Кеңес халқының жазықсыз саяси қуғын-сүргін құрбаны болғандығын еске алды.
Шындығында, кеңестік қоғам тұсындағы қазақ тарихының қайғысы мол, қасіреті ауыр парақтары жетерлік. Қазақ елінің заңғар ойшылы Әбіш Кекілбаев айтқандай, «Адам да, қоғам да ешқашан өз тағдырын өзі енжар қарап көрген емес», сондықтан ар мен тарихи құбылыстардың ел санасында мәңгілік сақталуының сыры осында жатса керек.
1920 жылдары елдегі репрессиялық саясаттың күші жазалаушы механизм ретінде қалыптасып, 1930 жылдар бойына «халық жауларымен» үзіліссіз күресте жетілдіріліп отырды. Әсіресе, бұл механизм 1937-1938 жылдары үлкен террор кезінде қарқынды жұмыс атқарды. Олардың басынушылық әрекеттері, сот істерін жаппай өңдеп, оларды «жоспарлы» түрде соттауға дейін жеткізуі репрессияның жаппай етек алуына түрткі болды. Егерде 1930 жылдың ортасында саяси репрессия орталықтар мен жергілікті жердегі сталиндік жетекшілікке қарсы белгілі және айқын әлеуетті топқа жүргізілсе, 1937 жылдары тоталдық сипат алды.
Кеңес елінің бұл саясаты 1937 жылы берік әрі күшті заңдық күшке ие болды. Үкімет қаулылары мен партия директивалары КСРО-ның Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы, Ішкі істер халық комиссариатының тікелей бұйрықтарымен бекітіліп отырды. Бұл кұжаттар өзінің өте қатаң жазалау шараларымен, шексіз жасандылығымен, кінәләу, кінәсіздерді негізсіз айыптауларымен, контрреволюциялық қылмыстарға қатысты баптардың нақты еместігімен ерекшеленгендігін білеміз.
Кеңестік тоталитарлық қоғам билік тармақтарын бір-бірімен сабақтастыра байланыстырып, сот билігін саясатқа бағындырды. Сот билігі өзіндік мәртебесінен айрылған тұста өрескел заңсыздықтар етек алып, адам құқықтары аяққа басылды. Бұл, негізінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағаттарындағы құжаттарға қол жеткізу қиындығы, жасалынған қылмыстың ауқымды әрі қатерлігінде болса керек. Мысалы, 1920-1930 жылдардағы қазақ қоғамының дәстүрлі әрі табиғи дамуына жат саяси-экономикалық науқандардың үйлесімсіздігін айтқан қазақ зиялылары жаппай қудаланды.
Бұл 1925 жылдың күзінде Қазақстан басшылығына Ф.И.Голощекиннің келуімен одан бетер ушығып, өлкені кеңестік өзгерістерден тыс қалған деген желеумен «Кіші Қазан» төңкерісіне ұласты. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қудалаумен бірге «асыра сілтеу болмасын аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен астасып, ұжымдастыру, бай қожалықтарын тәркілеумен жалғасты. Тікелей үкіметтің ықпалымен жүрген бұл саясат 1932-1933 жылдардағы аштық, 1937-1938 жылдардағы репрессияға алып келіп, аштық пен қуғын-сүргіннің салдарынан қазақ халқы 22 пайызға азайды.
Ал 1954 жылы ел басшылығы үшін жасалған айрықша баяндамаға сүйенсек, революцияға қарсы қызмет дегенді білдіретін РСФСР Қылмысты істер кодексінің 58-бабы бойынша, Кеңес Одағында сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 770 мыңнан астам екен. Содан 642 980 адам атылған. Тарихшылардың есебі бойынша, 1927 жыл мен 1953 жылдар арасында 40 миллион адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Ал Қазақ елі бойынша бұл сан 100 мыңнан асып жығылып, оның 25 мыңнан астамы атылды.
Ел еңсесі түзелгенде, ол өзінің өткен тарихынан сабақ ала отырып, жаңа көшке жаңа бағытпен, тың идеялармен қадам басары белгілі. Бүгінгі қалыптасқан Қазақстан мемлекеті де ұлты үшін күрескен қайраткерлер –Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Т.Рысқұлов, Т.Шонанов және т.б. қазақ зиялы қауымын еске алу арқылы ұрпақ санасын қайта жаңғыртпақ. Сондықтан 31 мамырды ұлттық рух пен саяси сананы жаңғырту мақсатындағы шара деп білуіміз керек.
Г.Е. АБИКЕНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Қазақстан тарихы кафедрасының қауымд. профессоры, т.ғ.к.