Жаңалықтар

Морфологиялық ғылымдар симпозиумы өз жұмысын аяқтады

31.05.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде төрт күнге созылған XXVII халықаралық морфологиялық ғылымдар симпозиумы ISMS – 2021 өз жұмысын аяқтады.

ТМД аумағында алғаш рет өткізілген ISMS-2021 симпозиумы зерттеулердің нақты морфологиялық дәлелдеріне негізделген медицина ғылымының соңғы жетістіктерімен бөлісу алаңы айналды.

Медицина және денсаулық сақтау факультетінің деканы Жанна Қалматаева ортақ мақсат – халық денсаулығын сақтау және қорғауда ғылым, білім мен тәжірибе үштігінің маңыздылығына мән берді.

Қатысушылардың айтуынша, басқосу қазіргі жағдай кезінде ғалымдар арасындағы ынтымақтастықтың, тың әдістерін іздеу және идеяларды қалыптастырудың жаңа жолы болып отыр. Оған отандық және алыс-жақын шетелдерден 2000-нан астам ғалым онлайн атсалысты. Олар «Annals of Anatomy» басылымында медициналық, морфологиялық ғылымның жаңалықтары мен жетістіктерін жариялауға, морфологияның әртүрлі бағыттары бойынша әлемдік жетекші сарапшылардың дәрістерін тыңдау мүмкіндіктеріне ие болды. 

Ауқымды шара аясында түрлі ғылыми бағыттар бойынша 10 секция жұмыс істеді. Сонымен қатар алғаш рет медициналық университеттерде оқу мақсатында мәйіт материалының донорлығы мәселесі бойынша «Body donation: a global persperctive in a round table discussion» дөңгелек үстел өтіп, әр түрлі елдер мен континенттердің морфологтары өз тәжірибелерін, мәселелері мен шешімдерін ұсынды.

Конгресс бағдарламасында Халықаралық анатомиялық қауымдастықтар федерациясының ерекше «Workshop on scientific writing» http://isms2020.kz/index.php/workshop-form шеберлік сағатын, жас ғалымдар секциясы мен баяндамалар байқауы да өткізілді.