Жаңалықтар

«Болашақтың» жаңа мүмкіндіктері таныстырылды

08.06.2021

Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозованы қабылдады. Тараптар тиімді ынтымақтастық бастамаларын көтеріп, әрі қарай дамыту жолдарын қарастырды.

Жүздесуде білім ордасының басшысы қара шаңырақтың жетістіктері мен даму келешегіне тоқталды. ҚазҰУ – QS халықаралық рейтингінде «Бес жұлдыз» басымдық белгісіне ие болған Орталық Азиядағы жалғыз университет. Жетекші оқу орнында жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер қарқынды екенін айта келе, ректор инновациялық жобалардың да табысты іске асырылып жатқанынан хабардар етті.

Университетте 8 ғылыми-зерттеу институты мен 30-ға жуық ғылыми орталық бар. Мұндағы Жерді қашықтықтан зондтау орталығының мамандары ғарыштық технологияларды меңгеріп, бәсекеге қабілетті жобалар жасауда. ҚазҰУ басшысы жаһандық білім беру кеңістігінде көшбасшылық позициясын дәлелдеген іргелі білім ошағының өзге де толағай табыстарын атап өтіп, «Болашақ» бағдарламасы арқылы бакалавр, магистратура мен докторантура деңгейлерінде ғана емес, ғалымдар мен оқытушылардың шетелдік тағылымдамадан өтуіне мүдделілік танытты.

Орталық басшысы өз кезегінде Президент тапсырмасымен биылдан бастап 500 қазақстандық ғалым мемлекет есебінен шетелде тағылымдамадан өтетінін айтып өтті. Өз сөзінде осы университеттің түлегі екенін жеткізген Айнұр Бағдатқызы «Болашақ» халықаралық стипендиясының игіліктері мен жаңа мүмкіндіктері жайлы кеңінен әңгімеледі. Оның ішінде ғалымдар санатына ерекше тоқталып, бағдарламаның артықшылықтарын ашып көрсетті.

Оның мәлімдеуінше, ҚР БҒМ Ғылым комитеті тағылымдамадан өтуші ғалымдардың зерттеу тақырыбының елге оралғандағы практикалық өзектілігіне баса мән береді. Сондықтан құжат тапсыратын үміткерлер тағылымдаманың зерттеу бағытының Қазақстандағы қажеттілігіне назар аударуы тиіс.

Еңбек өтілімі бойынша да бірқатар өзгерістер орын алған. Мәселен, докторантура, магистратура бойынша академиялық бағдарламаларда білімгер республикалық маңызы бар үш қалада – бес, аймақтарда үш жыл еңбек етуге тиіс болса, ал тағылымдамадан өтуші үшін аймақ немесе республикалық маңызды қала болсын еңбек өтілімі үш жылды құрауы тиіс. Сонымен қатар ғалымдар немесе педагогикалық қызметкерлер «Болашақ» бағдарламасының тізіміне енбеген әлемнің танымал ғылыми орталығы, білім беру ұйымы немесе өндірістік орындарда тағылымдамадан өте алады.

Сондай-ақ кездесу аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, орталық президенті халықаралық бағдарламаның іске асырылуы шеңберіндегі жаңа талаптар мен шарттар жөнінде толыққанды ақпарат беру мақсатында офлайн және онлайн режімде брифинг өткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі