- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Маңызды мезет: Тарихына мән берген елдің тұғыры биік
10.06.2021Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Жүздеген жылдар бойы сыртқы күштердің қыспағында болған қазақ қоғамы үшін ең алдымен ұлттық «Мен» дегізерлік қасиеттің қорғаны ретіндегі дәстүрдің рөлі әсіресе зор», – деген болатын. Қазіргі таңда еліміз қарыштап даму кезеңінде. Әйтсе де ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты білу, оны кейінгі буынға аманаттап жеткізу – әрқайсымыздың басты парызымыз.
Елбасының идеясымен 2008 жылдан бастап «Интеллектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобасы жүзеге асып келеді. Жобаның басым бағыттары – білім беру жүйесінің инновациялық дамуы, ақпараттық революция, жастарды рухани тұрғыдан тәрбиелеу. Қазақ қоғамының интеллектуалдық əлеуетінің дамуына талдау жүргізіліп жатқаны белгілі. Қазақстандағы гуманитарлық құндылықтардың заманауи қағидаларын қабылдау, құндылығын сақтау, дəстүрін жалғастыру – жаңа заманның, рухани жаңғыруға бет бұрған қазақ елінің басты мақсаты, айқын мұраты. Ақпараттық қоғамның дамуын терең зерделеуде әлемдік тəжірибеге сүйенеріміз анық. Дегенмен өзіміздің ұлттық ерекшелігіміз бен болмысымыз, ұлттық интеллектіміз бен əлеуетімізді, ұлттық кодты, яғни ұлттық қасиетімізді тек өзіміз жасайтынымыз белгілі, өйткені ол тек өзімізге қажет.
Тәуелсіздіктің үлкен жетістігі – алыс және жақын шетелдермен дипломатиялық байланыстың орнатылуы. Соның нәтижесінде өзіміздің және шет мемлекеттердің жастары бір-бірімен ғылым, білім алмасып, өзара мәдени ықпалдастық жасалуда. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихшылар қауымына үлкен серпін берді. Терең зерттеуді талап ететін ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына қозғау салынды. «Архив – 2025» бағытында көптеген құжаттық деректер жинақталуда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласымен таныса отырып, қазақ халқы тәуелсіздік жолында ұзақ та қиын сынақтарды бастан кешіргенін, тәуелсіздік тағдырдың қандай да бір сыйы немесе жағдайға байланысты болған оқиға деген сияқты қате мифологиялық түсініктерге тойтарыс беріп, шындығын айту қажет екенін, әсіресе жас ұрпаққа тарихты дұрыс түсіндіріп, үйрету керектігін зиялы қауым ретінде бізге жүктелген міндет екенін сезініп отырмыз. Біз, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының ұжымы, Президенттің Алаш мұраларын, қазақ даласындағы аштықты жан-жақты және жүйелі түрде одан әрі зерттеу қажет деген бастамасын толық қолдаймыз. Қасіретті жылдар тарихын құжаттық деректерге сүйене отырып, объективті түрде жазу керек екенін мойындаймыз. Мұндай күрделі мәселелерге, Президент айтқандай, ғылыми түрде жауапкершілікпен қарау керек.
Мемлекет басшысы жаңа академиялық тарихты жазуға шақырып, тарихшылар бұл іске шұғыл кірісуі керектігін айтты. Өйткені ол тарихи сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар Президент Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, оны әлемдік тілдерге аудару қажеттігін айтты. Шынында да, қазақ халқының салт-санасын ғана емес, әлем оның тарихын, мемлекеттілігін білу қажет екенін байқадық. Бұрын қысқаша тарих ағылшын тілінде шықса да, оны енді догмалық пайымдамалардан тыс, талапқа сай жазатын уақыт келді. Біз Президенттің «әр халық ұлттық мүддесі тұрғысынан өз тарихын өзі жазу керек» деген ұстанымын қолдаймыз. Әрине, ол ұлттық мүддемен томаға-тұйық шектеліп қалмайтыны сөзсіз, әлемдік тәжірибеден үлгі аламыз, Қазақстан тарихын дүниежүзі ғалымдары қалай зерттеп жатқанын, зерттеу өнімдерін де пайдаланамыз. Президент тарихты саясаткерлер емес, тарихшылар жазу керектігін баса айтты. Шынында да, кәсіби тарихшылар тарихты жазса, біз түрлі аңыз-әпсаналарға тойтарыс жасай аламыз. Осылайша Президентіміздің тарихты және тарихшылардың мәртебесін көтергеніне қуанып отырмыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1985 жылы ашылған шетелдіктерге арналған дайындық факультеті негізінде 2011 жылы Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті құрылып, онда 7000-нан аса шетел азаматы оқып шықты. Қазіргі кезеңде университет өзінің халықаралық байланысын жетілдіре отырып, сенімді түрде Еуропалық білім беру кеңістігіне енуде. Осы бағытта факультет деканы, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Ж.Жаппасов, ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент М.Мырзабеков, тағы басқа да әріптестерімнің үлесі зор. Кафедра «Фараби әлемі» халықаралық конференциясына шетелдік қазақ диаспорасынан оқып жатқан тыңдаушыларымызды белсенді түрде қатыстырып, жүлделі 1-2 орындарға ие болды. Өзімнің жетекшілігіммен Моңғолия тыңдаушысы Айман Жанболат 2-орын алды. Кафедрада шетелдіктерге және қазақ диаспорасы өкілдеріне дәріс бергендіктен, оқыту әдістемелері бойынша әртүрлі бағытта қиындықтар туындады. Осы мәселені ескерген университет басшылығы 2009 жылдың ақпан айынан бастап қазақ диаспорасы өкілдеріне арналған дайындық кафедрасын өз алдына бөлек құрды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2009 жылдың 27 ақпандағы №4 шешімімен ректордың сол жылғы 10 ақпандағы №20 бұйрығына сәйкес, кафедра Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы деп аталды.
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстан тәуелсіздігіне – 30 жыл: өткені, қазіргісі және болашағы» атты онлайн дөңгелек үстел өтті. Біз осы уақыт аралығындағы ауқымды өзгерістердің куәсі болдық. Менің жастық шағымнан бастап, қазіргі кезге дейінгі саналы өмірім Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен байланысты. Осында білім мен ғылымның негізі қаланып, педагогтық қызметтің үлкен тәжірибесін жинақтадым. 1980 жылдан тарих факультетінде, 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін шетел азаматтарына арналған білім беру факультетінің ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының оралман, ауған, иран, қытай, моңғол тыңдаушыларына «Қазақcтан тарихы» пәнінен дәріс беріп келемін. Олар техникалық және гуманитарлық мамандығы бойынша білім алуға көп келеді. Осынау 30 жылдың ішінде қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің озық үлгілерін таныстыра отырып, өзге тілді дәрісханаға қазақ тарихын меңгерту мақсатында «Қазақстан тарихы» оқу-әдістемелік құралын жаздық. ҰБТ және кешенді тестілеуге талапкерлерді дайындау мақсатында жазылған «Қазақстан тарихы» оқу құралы осы оқу жылында университет баспасында жарияланды. Қазақ халқының ұлттық мәдениетін шетелдік азаматтарға таныстыру мақсатымен халықаралық семинарларға да қатыстық. Одан өзге, «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» әлеуметтік тәрбие ісіне арналған әдістемелік талдама құралы мен «Қазақстанның орта ғасыр тарихы» оқу-әдістемелік құралы да жарық көрді. АҚШ, Ресей, БАӘ, Қытай, Канада, Түркия секілді алыс-жақын мемлекеттердің шетелдік баспасөз беттерінде және Scopus базасында индекстелетін импакт-факторы жоғары ғылыми журналдарда екі мақалам жарияланды және екі нұсқаулықтың, сегіз оқу құралы мен үш ұжымдық монографияның серіктес авторымын.
Біз жастардың мәдени-танымының, әдептілігінің қалыптасуына ықпал ететін тәрбие сағаттарын ұйымдастырамыз. Жетекшілігімдегі «Жауқазын» үйірмесі білім алушыларға экологиялық білім берумен қатар, табиғатты аялауды үйретеді. Қорыта айтқанда, ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасы әлемдік ғылым-білім кеңістігінде қазақстандық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін көтеру жолында, отандық тарихты зерттеу саласына және университет тыңдаушыларының білім сапасымен қатар, саналы тәрбие алуына өз үлесін қосып жүр. Шәкірттерімнің алды сенатор, мәжіліс депутаты, министр, елші, ректор, ұстаз. Тағы басқа салаларда да қызмет атқаруда. Мінеки, ұстаздың бақыты – шәкірттерінің жетістігін көруінде.
Қазақ халқының ұлттық мәдениетін шетел азаматтарына таныстыру үшін халықаралық семинарларға да қатыстық. Қандас қазақ жастары мен Ауған Ислам Республикасының тыңдаушыларына Қазақстан тарихы сабағында сапалы білім беру ісін саналы тәрбиемен ұштастыра жүргізгеніміз үшін Қазақстан халықтары қауымдастығы мен Ауғандық жерлестік қауымдастығы тарапынан алғыс хат алдық.
Адам баласы бірден ұлтжанды патриот болып қалыптаса қалмайды, ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделерін қоғам игілігімен үндестіре алғанда ғана елінің дамуына елеулі үлес қоса алады. Біз тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін береке-бірлікте жұмыс істеуіміз керек. Мемлекет басшысы осы жайында: «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу», – деді. Еліміздің дамуына аянбай еңбек етіп, білім мен патриоттық тәрбие беру басты борышымыз деп есептеймін. Тарихты эмоцияға берілмей, саяси мәдениетті сақтай отырып, тәрбие ісінде қолдануымыз қажет.
Болашақта жастар бәсекеге төтеп беріп, білімді болатынына сенемін. Қазіргі кезде алдағы бес-он жылда қандай мамандықтар сұранысқа ие болатынына алдын ала болжау жасалуда. Осы бағытта жастардың мақсат-мүдделерін, әрекеттерін бір арнаға салуымыз қажет. Ең көп сұранысқа ие болатын салалардың бірі – ғарыш пен ғайып (виртуалды) шынайылық болмақ. Зерттеушілер көпшілік айтып жүрген пікірге қарамастан, роботтар адамдарды алмастыра алмайтынына сенімдері кәміл, керісінше, цифрлық технологиялар дәуірінде мансаптық және тұлғалық тұрғыда жоғарылауға мүмкіндіктер көбейеді деп санаймын. Жастар өз келешегіне алаңдамай, нық сеніммен «Мәңгілік ел» идеясын өркениетті түрде жалғастыруы қажет. Қалай болғанда да, Қазақстанның Орталық Азияда империялық держава болатындай мүмкіндігі бар.
Таяу болашақта Орталық Азия ғалым-ұстаздарымен бірігіп ЖОО-ға арналған оқулықтарды қолға алып, жалпы оқулық жазу критерийлерін жүйелендірсек деген жоспар бар, өйткені оқулық білімнің негізгі нәрін беріп, іргетасын қалайды.
Айша БЕГАЛИЕВА,
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушысы