Жаңалықтар

Ажар ЖҰБАНОВА, академик: Таңдауым нәтижесіз болған жоқ

14.06.2021

Ажар Ахметқызы, сіздің биология саласының академигі, университетіміздің, ұлтымыздың беткеұстар ғалымы ретінде қандай ғылыми жаңалықтар ашқаныңызды, ғылымдағы жетістіктеріңізді жақсы білеміз. Сондықтан сізді ғылым жайындағы емес, көп адамдарға аша бермейтін отбасылық әңгімеге тартқым келеді. Жұбановтарды академиктер жанұясы деп айтады. Сұхбатымызды өнер саласындағы қазақтан шыққан тұңғыш және саяқ академик, әйгілі композитор Ахмет Қуанұлынан бастасақ. Әкеңіз туралы, оның ортасы, жалпы, отбасы туралы айтып берсеңіз.

 – Әкемнің тағдыры қиын болды. 1937 жылғы репрессия кезінде ағасы Құдайберген Жұбанов ұсталып, атылып кетті. Ол ұсталған күннің ертесінде, сол заманның заңы бойынша Ахмет Қуанұлы филармониядан шығарылды. 31 жастағы жігітке ағасының алты баласын, өзінің бес баласын асырау керек болды. Кейіннен өзі де қудаланатын болған соң, Мұхтар Әуезовпен бірге Мәскеуге қашты. Біраз жыл сол жақта жүрді. Әкем туралы «Өнегелі өмір» сериясымен кітап шығардым. Сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде «Ахмет Жұбанов – қазақ халқының ұлы» кітабын бастырдым. Осы еңбектерде оның өмірі түгел баяндалады. Әкемнің 100 жылдығы құрметіне «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Ахмет Жұбанов» деректі фильмінің сценарийін өзім жазып шықтым.  

Үйдің кенжесі болғандықтан ба, әкем мені кішкентайымнан қасына ертіп жүретін. Сол кездегі танымал күйшілермен көп араласатын, ұзақ отырып күйдің тарихын, ойналу иірімдерін талдайтын, нотаға түсіретін. Домбыраны жасау әдістерін, оның шанағына, қақпағына, мойнына қандай ағаштар қажет екенін зерттеді. Ол республикадағы белгілі көптеген азаматтармен тығыз қарым-қатынаста болды. Қазақстан компартиясының бұрынғы бірінші хатшысы Жұмабек Шаяхметов, сол кездегі ел басшысы Дінмұхамед Қонаевтардан бастап, Ұлы Отан соғысының батырлары Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, композитор Нұрғиса Тілендиев сияқты көптеген дарынды бауырларымен, замандастарымен араласатын. Мәскеуде де достары көп болды. КСРО халық суретшісі, скульптор-монументалист, Волгоградтағы Мамай қорғанындағы «Родина – мать зовет», «Белгісіз солдат», Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-квартирасының алдында тұрған «Перекуем мечь на орало» аталатын мемориалдық ескерткіштердің авторы Евгений Вучетич әкемнің досы болған, үйге келіп тұратын. «Сіздің музыкалық аспапта ойнап отырғандағы ішкі дүниеңізді бет-бейнеңізден көрсетуім керек» деп, домбыра шерткізіп қойып ескерткіштің кескінін жасағаны есімде. Жұмысы ұзаққа созылды, өйткені 1970 жылы Лениннің 100 жылдығына 80 мүсінін жасауға тапсырыс алған екен. Вучетичтің үстіне шапан кигізіп, «көбелек» галстук тағып жасаған мүсін қазір әкемнің зиратында тұр.

Ол кездің ақын-жазушылары, өнер адамдары, жалпы, зиялы қауымы ерекше еді. Олар бір-бірін үлгі тұтып, үлкенге сый-құрмет, кішіге ізет көрсететін. Әкемізбен көшеде жүргенде олармен кездесіп қалсақ, маңдайымыздан иіскеп, бөкебайымызды немесе баскиімімізді түзеп, ерекше мейіріммен әкелік қамқорлық танытатын. Осының барлығы түсінген адамға тәлім-тәрбие. Оны біз, балалар да, сезінетінбіз. Біз солай тәрбиелендік.

Қазақта «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деген сөз бар. Әкеңіз сазгер, академик, үйдің тұңғышы Ғазиза Ахметқызы да музыка саласының академигі, сіз қалайша биология ғылымын таңдадыңыз?

– Жанұямызда ешқайсымызды музыкаға міндеттеген жоқ. Бірақ Ғазиза жастайынан музыкаға әуестенді. Қайыр ағамды музыка мектебіне скрипка сыныбына берді. Роза екеуміз фортепьяно сыныбына бардық. Болат әнді жақсы айтатын, ол музыкаға бармады. Қайыр музыка мектебінде екі жыл ғана оқып, өзі шығып кетті. Саяси репрессияға ұшыраған Жұбановтың отбасы музыкалық білім алуға құқы жоқ деп, Роза екеумізді шығарып жіберді. Ғазиза мектепті алтын медальмен бітірді, сонымен қатар музыкалық училищенің үздік дипломын алып, Мәскеу консерваториясына оқуға кетті. Роза болса Алматы консерваториясына түсті. Мен барлық пәндерден сабақты жақсы оқыдым, мектеп бітіретін жылдары Мәскеу мемлекеттік университетінің (МГУ) жаңа ғимараты салынды. Ертегідей болып көрінген осы оқу орнына түсу менің арманым болды. Осылайша мен әкемнің рұқсатымен МГУ-дің биология факультетін таңдадым. Қазақстаннан сегіз квота бар екен, бірақ оны қалалық комитет алдын ала бөліп қойған болып шықты. Сөйтіп, маған квота берілмеді, Мәскеуге өзім барып, емтихандарды жақсы тапсырып оқуға түстім. Бұл жеке бір әңгіме болатын тарих. Ал биологияны таңдағаным – алдымдағы екі ағам химия факультетінде оқыған. Мен соларға ұқсағым келді, бірақ химияны емес, қыздардың жұмыс істеуіне ыңғайлы биологияны қол көрдім. Таңдауымның нәтижелі болғанын өздеріңіз көріп отырсыздар.

– Ажар Ахметқызы, сізді әріптестеріңіз ғылыми ұжымдарды өз төңірегінде топтастыра алатын, олардың алдында ғылыми міндеттер мен мәселелерді қоя білетін, сондай-ақ ұжымда жақсы қызмет атқара алатын, басшының жауапкершілігін терең сезінетін ғалым ретінде жоғары бағалайды. Сол әріптестеріңізге, жас ғалымдарға қандай бата берер едіңіз?

 – Мен бақытты адаммын. Өйткені менің ата-анам, аға-апайларым ұлы адамдар. Бізді елімізді сүюге, бір-бірімізді сыйлап, жақсы көруге, өз жұмысымызды жақсы атқаруға тәрбиеледі. Бақытты болу үшін еңбек ету керек, бәрі маңдай термен келеді. Өмірдің ең қызығы – өмірдің өзі. Ең бастысы – өмірдегі өз орныңды табу. Адам жұмысына жан-тәнімен беріліп, барлық күш-жігерін салса, сонда ғана жақсы нәтиже болады. Ал істеп жүрген жұмысына немқұрайды қараған адам ештеңені бітірмейді. Ол үшін жұмысыңды жақсы көруің керек. Менің ғылымдағы жетістіктерімнің барлығы үлкен ғылымға, биология саласына деген сүйіспеншіліктің нәтижесі.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ

 

Ажар Ахметқызы Жұбанова – жаратылыстану ғылымдарының Қазақ ұлттық академиясының академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Биотехнология кафедрасының профессоры, 1964 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология-топырақтану факультетін «Өсімдіктер физиологиясы» мамандығы бойынша бітірген. 1964-66 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың биология факультетіндегі «Өсімдіктер физиологиясы мен биохимиясы» кафедрасында аға зертханашы, 1966-75 жылдары онкология және ҚР ДМ радиология ҒЗИ-да ісіктердің биохимиясы зертханасында кіші ғылыми қызметкер болды. 1974 жылы АМН КСРО зерттеу және клиникалық онкология институтында «Онкология» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғаған.

Ажар Ахметқызы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы педагогикалық қызметін 1986 жылы Микробиология кафедрасында бастады. Содан бергі педагогикалық-ғылыми жолы осы ЖОО-мен тығыз байланыста. 1995 жылы «Микробиология» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғап, келесі жылы профессор ғылыми атағын алды. 1996-2001 жылдары Микробиология кафедрасының профессоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми кеңесінің хатшысы, 2000-2001 жылдары биология факультетінің деканы болды.

Сол кездерден бастап ғалымның бастауымен ғылыми зерттеулерді жоспарлаудың жаңашылдық әдістері енгізілген, атқарылған жұмыстар мен тәжірибелер нәтижелері жаңа биотехнологияның туындауына ғана емес, оқу процесінің барлық сатысында қолдануға мүмкіндік алды. Ажар Ахметқызы елімізде ғылыми кадрлар даярлау ісіне үлкен үлес қосты. Оның жетекшілігімен бес ғылым докторы, 20-дан астам ғылым кандидаты, үш РhD докторлары даярланды, 600-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Бүгінгі күні ғалымның бастауымен екі ғылыми жоба жүзеге асырылуда.

Профессор А.Жұбанова көптеген жылдар бойы Биология ғылымдары эксперттік кеңесінің мүшесі, кейіннен төрайымы, ҚР БҒМ ЖАК президиумының мүшесі, ҚР БҒМ ҰБО ҒТК мүшесі болды. Сондай-ақ биология бағытындағы «Биотехнология. Теория и практика» (ҚР БҒМ ҰБО), Science of Central Asia (Kazakhstan) және J. of Biology and Chemistry (KazNU), Molecular and Biological Machine сияқты ғылыми журналдардың, монографияларды басуға дайындайтын Springer – Verlag GmbH Berlin Heidelberg баспасының редакциялық кеңесінің мүшесі.

Ажар Жұбанованың Қазақстандағы жоғары білімді қайта құруда еңбегі зор. «Биотехнология», «Экология» және «Медико-биологиялық іс» типтік бағдарламаларын сараптауда оқыту әдістемесінің және тәрбиелеу жұмыстарының тиімділігі үшін жаңа оқыту формасын енгізуге, әдістемелік оқыту құжаттарын дайындауға атсалысты. Орыс және қазақ тілінде әдістемелік оқыту құралдарын, Ядролық физика институтымен бірігіп жүргізілген «Экологиялық дүрбелеңнен кейінгі топырақ биоремедиациясы» курсына жазған бағдарламалары Қазақстанның «Сорос» қоры конкурсында жеңіске жетті.

Ғалым-педагог А.Жұбанова студенттерге, магистранттар мен PhD докторанттарға қазақ және орыс тілдерінде жоғары деңгейде ғылыми-методикалық дәріс оқиды. Ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстары микробиологияның, биотехнологияның және экологияның маңызды мәселелерін шешуге бағытталған. Оның зерттеулер нәтижелері – этанол, сүт қышқылы, мик­роорганизмдердің иммобилизденген клеткалары көмегімен ферменттелген сусындар алу әдістері ҚР-ның алты патентімен бекітілген.

Ғылым мен білім жолындағы зор еңбегі үшін Ажар Ахметқызы «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Астананың 10 жылдығы» төсбелгілерінің, «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағының иегері. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Үлкен Күміс», «Үлкен Алтын» медальдарымен және «Құрмет» орденімен марапатталған.