- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ең үздік эдвайзерлер мен студенттік топтар марапатталды
17.06.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ең үздік эдвайзер» және «Ең үздік студенттік топ» байқаулары қорытыланды. «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының бастамасымен дәстүрге айналған үлкен додада 2021 жылдың ең үздік эдвайзері мен студенті анықталды.
Биылғы байқаулар ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Ол жылдағыдан өзгерек, елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты әлеуметтік желілер мен Zoom платформасында онлайн форматта жүзеге асты.
Үздік эдвайзерлер мен студенттер тобын анықтауға және ынталандыруға бағытталған шара барысы екі айға созылып, қызықты әрі тартысқа толы сәттер көрермен көзайымына айналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, игі шара жастарды әлеуметтік тұлға ретінде тәрбиелеуге және студенттердің азаматтық белсенділігін арттыруға елеулі ықпал етеді. Сәуір айында бастау алған байқауларға 858 эдвайзер мен 1352 студенттік топ қатысуға өтініш білдірген.
Сайыстардың алғашқы кезеңінде қатысушылардың әрқайсысы таныстырылым видеосын дайындап, жұмыстар инстаграм әлеуметтік желісі арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Жұртшылықтың ықыласы мен даусына ие болған 14 эдвайзер мен студенттік топ екінші кезеңге жолдама алды. Бұл кезеңде қатысушылар ой ұшқырлығы мен тіл жүйріктігі сыналатын төрт турдан тұратын «Brain ring» ойынына қатысты. Ал ақтық кезеңде жоба қатысушыларына Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай елімізге танымал тұлғалармен онлайн кездесу ұйымдастыру міндеттелді.
Нәтижесінде, I-орынды филология факультетінің оқытушысы Айбек Шегебаев иеленіп, «Ең үздік эдвайзер» атағын жеңіп алды. II-орынға механика-математика факультетінің оқытушысы Берік Сағитжанов пен филология факультетінің оқытушысы Гүлмира Өтемісова лайықты деп танылды. III-орынды медицина факультетінің эдвайзері Жансерік Шынықұлұлы қанжығасына байлады.
Сондай-ақ «Ең үздік студенттік топ – 2021» атағын «Қазақ филологиясы – 103» тобы иеленді. II-орын журналистика факультетінің 102 тобы мен филология факультетінің 101 тобына берілді. III-орынға экономика факультетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының 1-курс студенттері табан тіреді.
Жарыстың барысы жайлы қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы Гүлмира Өтемісова: «Шынайы өмірде студенттермен дидарласа алмасақ та, бір-бірімізді жүрекпен ұғыстық. Ең қызығы, еліміздің түкпір-түкпірінде отырған студенттердің білімі мен білігін, өнерін ұштастырып, экранға шығару – қызығы мен қиындығы мол естен кетпес сәттер болды», – деп пікір білдірді.
Ал журналистика факультетінің 2-курс студенті Ақнұр Жолниязқызы әрбір қатысушыны қызықтырып қана қоймай, шабыт сыйлап, ұмтылыс пен жігер берген жоба ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
Білім, ерік-жігер, біліктілік пен табандылық сынға түскен бәйгеде оза шапқан жүйріктерге қаржылай сыйлықтар тапсырылып, арнайы дипломдармен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі